Алматы соты Қаңтар оқиғасына байланысты айыпталған төрт адамға алты жыл түрме жазасын берді. Бұл туралы Азаттыққа 24 мамырда қалалық соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Төртеуі де өткен аптада "Тонау" бабының 3-тармағы негізінде қозғалған бір қылмыстық іс бойынша сотталған. Қылмыс "төтенше жағдай кезінде жасалғандықтан" жаза ауырлаған. Істің басқа да мән-жайы хабарланбады. Сот үкімі әлі күшіне енген жоқ.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 16-20 мамыр аралығында Алматының қылмыстық соттарында 11 үкім шыққан. Он істегі 17 адам бас бостандығынан айрылған. 11 істің тоғызы "Ұрлық" бабы негізінде қозғалып, 15 адамның ісі қаралған.
Қазақстан билігінің мәлімдеуінше, Қаңтар оқиғасы кезінде және кейін ұсталғандар азаптауға қатысты 200-ден астам арыз түсірген. Шағымдар негізінде қылмыстық істер қозғалған. Әзірге күш құрылымдарының бар болғаны 11 қызметкері күдікті атанғаны мәлім.
Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда Қаңтар оқиғасындағы тәртіпсіздіктер кезінде қаза болған 238 адамның кем дегенде сегізі "тергеудің заңға қайшы әрекеті" салдарынан көз жұмған.
Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқандарға қатысты істер әділ тергелмей, іс материалдары бір мекемеден екіншісіне еш нәтижесіз өтіп жатқанын мамыр айында халықаралық Human Rights Watch адам құқықтарын қорғау ұйымы хабарлады. Ұйым билікті тергеу жүргізетін тәуелсіз орган құрып, оның құрамына халықаралық сарапшы тартуға шақырды.
Қазақстан билігі қаңтар оқиғасын шетел сарапшыларын араластыра отырып зерттеу туралы ұсынысты қабылдамады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қаңтар оқиғасы: Алматыда бір топ адам азаптауға кінәлілер мен бейбіт халыққа оқ атқандарды жауапқа тартуды талап етті Қаңтардағы наразылыққа қатысқан шымкенттік белсенді Ерғали Құлбаев сот үкімімен келіспейді"Кеудесіне оқ тиген". Қаңтарда қаза болған Жомарт Қойшмановқа "жаппай тәртіпсіздік" бабымен айып тақты"Тағы екі бап қосып, террорист қылып жазамыз". Қаңтарда оққа ұшқан Қойшмановты бүлікші деп жазбақ па? "Ұлымды атып өлтірген адам тайраңдап жүр". Өскемендегі үш азаматтың қазасына кім жауапты?