20 мамырда Алматыда бір топ адам қалалық прокуратура алдына жиналып, Қаңтар оқиғасын әділ тергеуді, азаптауға кінәлілерді және бейбіт халыққа оқ атқандарды жауапқа тартуды талап етті. Бір сағаттан астам уақыт прокуратура алдында тұрғандарға іштен ешкім шықпады.
– 5 қаңтарда бейбіт митингіге барғаным рас. Ойда жоқта аяғыма екі оқ тиді. 7-ауруханаға түсіп, операция жасалды. Тағы екінші операция жасау керек деген, бірақ екі күннен кейін арнайы жасақ алып кетті. Ол жерде ұрып-соғып, азаптады. Аяғым іріңдеп ауруханаға ауыр хәлде түстім. Тағы операция қажет дейді. Екі сүйек бір-бірінен қисық кетіп бара жатыр. Соны бір біріне біріктіріп, пластина қоямыз, шруппен отырғызамыз дейді. Қиын болайын деп тұр. Жоқ дегенде бір жыл азабын көресің деді ғой, - дейді жиналғандардың бірі Алматы облысының тұрғыны Марат Ихсаниев Азаттық тілшісіне.
"Жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деп айыпталған Ихсаниев айыппен келіспейді. Ол өзін изоляторда ұрып-соғып, азаптағандарды жауапқа тартуды талап етті.
– Адам итжанды болады екен. Негізінде малды ұрсаң өліп қалады. Шыны керек, ана жерде кәдімгідей жорғалап төбеге шықтық. Малдарды лақтырғандай барлығымызды камераға лақтырды. Ол кезде күн суық. Іш киіммен жүрміз. Біреуінің шыны керек, тіпті лыпасы да жоқ. Мен шортимен барғам. Ішімдегі іш киімімді сол жерде біреуге шешіп бердім. Бірге көрдік барлығын, - дейді жиналғандардың бірі Жандос Қарсыбаев.
Дәл осылай өзін ауруханадан алып кеткенін айтқан Қосай Маханбаев та ауыр хәлдегі науқастарды арнайы жасаққа беріп жіберген дәрігерлердің жауапқа тарту керек деген талабын айтты.
Жұма күні жиналғандарға прокуратурадан ешкім шыққан жоқ. Бір сағаттан аса уақыт тұрған олар жиынның соңында үндеу жасап, тергеудің әділ өтуін, негізсіз айыптарды алып тастауды және азаптауға және бейбіт халыққа оқ атқандарды дереу ұстауды талап ететіндерін айтты.
Аталған топ осыған дейін де қалалық прокуратураға бірнеше рет келіп, азаптау фактілерінің дұрыс тексерілмей жатқанына шағымданған. Жәбірленушілер "Азаптау" бабы бойынша қозғалған істер тергеу барысында дәлелденбей, өздерін қинап-азаптағандар жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін деген күдік айтқан.
14 мамырда Азаттыққа жіберген ресми жауабында Алматы қаласының прокуратурасы қалада Қаңтардағы азаптауларға байланысты 87 қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеген, бірақ күдіктілер санын айтпаған.
- Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау" секілді айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
- Қаңтардың басында елде сұйытылған газ бағасының қымбаттауына байланысты митинг өтіп, наразылықтың соңы қантөгіске ұласқан. Ресми дерек бойынша, 230 адам қаза болды. Қаза тапқандар арасында күштік құрылымның 19 қызметкері бар. Бұған қоса, қаңтар оқиғасына байланысты ұсталған тағы сегіз адамның тергеу изоляторында көз жұмғаны хабарланды. Билік опат болғандардың есімін жарияламады. Халықаралық ұйымдар Қаңтар оқиғасын халықаралық сарапшылардың көмегімен зерттеуге үндегенмен Нұр-Сұлтан ұсынысты кері қайтарған.
- Мамыр айының басында Қаңтардағы дүрбелеңде оқ тиіп, мерт болғандардың туыстары оқ атқандардың жазалануын, өздеріне өтемақы төлеуді талап еткен. Ақпаратқа қарағанда, елде марқұм полицейлер мен әскерилерден бөлек 22 сәуірге дейін кездейсоқ көз жұмған 13 азаматтың шаңырағына ақша аударылған. Бірақ жақынынан айырылған, көмек алмаған отбасы көп. Қаза тапқан 238 адамның қаншасы кездейсоқ құрбан екені белгісіз. Құқық қорғау органдары тергеу әлі аяқталмағанын алға тартады.
- Халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы 5 мамыр күнгі мәлімдемесінде "Қазақстанда Қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан адамдардың өлімін тергеу ашық жүріп жатқан жоқ, ұсталғандарды азаптау жайлы іс материалдары бір инстанциядан екіншісіне өтіп, баяу қаралып жатыр" деп сынаған.
ПІКІРЛЕР