Қазақстанға келетін адамдардан 8 маусымнан бастап ПТР тест нәтижесі сұралмайды

Қазақстан шекарасынан өтетін адамдардан 8 маусымнан бастап вакцина паспорты мен ПТР тест нәтижесі сұралмайды. Шешімді коронавирус инфекциясына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия бүгін қабылдаған.

Мұны үкімет "Қазақстанда және әлемде эпидемиологиялық жағдайдың тұрақталғанымен" байланыстырып отыр.

Комиссия Қазақстанның жеті өңіріндегі шекаралық 12 автомобиль пункітін қайтадан іске қосу жөнінде қаулы алған.

Кейінгі кездері Қазақстан карантин шараларын біртіндеп азайтып келеді. Қазақстанға жеткізілген Pfizer-BioNTech вакцинасын бастапқыда белгілі бір адамдар санатына ғана салуға рұқсат бергенімен, биыл ақпаннан бастап тізімді кеңейте түскен, салдырғысы келгендердің бәріне кейіннен тағы рұқсат берген.

Қазақстан сәуір айында Қырғызстан, Өзбекстан және Ресеймен арадағы әуе қатынастарына қойылған шектеулерді алып тастаған. Алайда ПТР тест қорытындысын бүгінге дейін талап етіп келген еді.

Ресми мәліметке қарағанда, індет басталғалы Қазақстанда 1,4 миллион адам коронавирус жұқтырып, 19 мыңнан астам адам қайтыс болған. Тәуелсіз сарапшылар бұл мәліметке күмәнданады, одан әлдеқайда көп деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға жол. Ресейдегі еңбек мигранттары қайда барады?

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан 11 сәуірден бастап шекарадағы шектеулерді алып тастайды