Қытайдағы туыстарын босатуды талап еткендер Нұр-Сұлтанға келді

Қытайдағы туыстарына бостандық сұрағандардың акциясы. Нұр-Сұлтан қаласы, 8 маусым 2022 жыл

Қытай лагерлерінде 2016 жылдан бері жатқан туыстарын босатуды талап етіп жүрген алты адам 8 маусымда Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігі алдына жиналды.

Азаматтық белсенді Байболат Күнболаттың айтуынша, олар осылайша қазір Қазақстанға келіп жатқан Қытай сыртқы істер министрі мен Қазақстан сыртқы істер министрлеріне талаптарын жеткізгісі келеді.

– 2016 жылдан бері Қытайдағы туыстарымызды босатуды талап етіп жүрміз. Бүгін кездесіп жатқан екі елдің сыртқы істер министрлерінен туыстарымыздың отбасына оралуына ықпал етуін сұраймыз, – деді ол Азаттыққа.

Талаппен келгендер арасында Қалида Ақытхан, Гаухар Құрманәлиева, Нұрзат Ермекбай, Гүлпиям Қазыбек, Ақиқат Қалиолла бар. Олар туыстарының суреттері мен өмірбаяндары жазылған плакаттармен бірге қазақ, қытай, ағылшын, орыс тілдерінде "Бүгін 486 күн" деген жазуды да көтеріп тұрды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ AP: Қытай Шыңжаң өлкесін үлкен түрмеге айналдырып жатыр

Нұр-Сұлтандағы Қытай елшілігінен оларға ешкім ресми жауап бермеді. Тек бір елшілік қызметкері шығып, фото, видеоға түсіріп алды.

– Қытай үкіметі Қытайда жазықсыз қамауда отырған туыстарымызды Қазақстандағы отбасына жібермейтін болса, елшілік алдына келуді тоқтатпаймыз, – деп айқайлады олар.

Аз уақыттан соң оларға Есіл аудандық әкімдігі өкілі келіп, акцияларынң заңсыз екенні, тарамаса заңмен қудаланатындарын ескертті. Жиналғандар Қытай елшілігі орналасқан басқа көшедегі ғимаратқа кетті.

8 маусымда сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Қазақстанда ресми сапармен жүрген Қытай мемлекеттік кеңесінің мүшесі, сыртқы істер министрі Ван Имен кездескен.

Кездесу жайлы ресми ақпарат құралдары жариялаған мәлімдемеде Қытай лагерьлерінде қамауда отырған қазақтардың мәселесі туралы ақпарат байқалмаған. Ал 7 маусымда Қытай сыртқы істер министрі Ван Иді Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған.

Қытайдың Шыңжаң өлкесінде "жазықсыз қамалған немесе бостандығы шектелген" туыстарын Қазақстанға қайтаруды талап еткен бір топ адамның наразылығы былтыр ақпанда басталған. Олар Қытайдың Алматыдағы консулдығы алдында сол уақыттан бері үзбей наразылық өткізіп келеді. Полиция "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деп айыптап, оларды 15 тәулікке де қамап, төрт миллион теңгеге дейін айыппұл төлеттірген.

Осы уақытқа дейін оларға Қытай консулдығынан ешкім шығып, жауап бермеген.

2021 жылы Қытайдың Қазақстандағы елшісі Шыңжаңда қамалғандар Қытай заңын бұзған Қытай азаматтары екенін айтқан.

Халықаралық ұйымдар мен Батыс елдері Пекинді Шыңжаң өлкесінде ұйғыр, қазақ, қырғыз және өзге де мұсылмандарға геноцияд жасады” деп айыптағанмен ресми Пекин оны мойындаған емес.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ БҰҰ жоғарғы комиссары Пекинді ұйғыр және өзге мұсылмандарға қатысты саясатын "қайта қарауға" үндеген

.