Украина Ягодное ауылындағы бейбіт адамдардың өліміне ресейлік тоғыз сарбазды айыптады

Чернигов облысы Ягодное мектебіндегі жертөледе отырған ауыл тұрғындары. Сурет Ресей әскері ауылдан кеткен күннің ертеңіне түсірілген. Соғыс кесірінен баспанасыз қалған адамдар басқа барар жері жоғын айтады. Украина, 31 наурыз 2022 жыл.

Украина бас прокуроры Ирина Венедиктова Ресей қарулы күштерінің 9 әскери қызметкері Украинаның Чернигов облысы Ягодное ауылының бейбіт тұрғындарын өлтірді деген күдікке ілінгенін айтты. Венедиктова Ресей құрамындағы Тыва республикасынан шыққан бұл тоғыз адамның аты-жөнін Facebook’тегі парақшасына жариялады.

Олардың барлығы Ресейдің №55115 әскери бөлімінде қызмет атқарады. Украина Бас прокуратурасы бұл тоғыз ресейлік сарбазға "бейбіт адамдарды азаптап, өлтірген" деген айып тағып отыр.

"Олар Ягодное ауылы тұрғындарын жасырынып отырған жерінен шығарған. Адамдарды аязға қарамастан шешіндіріп, денесінде патриоттық тату бар-жоғын, әскери ішкиім киген-кимегенін тексерген. Тұрғындардың телефонын тартып алған. Егер тығып қойғаны анықталса, әрбір бесінші ер азаматты өлтіретінін айтқан" дейді Венедиктова.

Оның сөзінше, наурызда ресейлік әскерилер Ягодное мектебінің жертөлесіне 300-ге жуық адамды (арасында 77 бала бар) қамаған. Оларды 20 күн бойы тірі қалқан ретінде ұстаған дейді Украина бас прокуроры.

"Тұтқындардың ең кішісі – бір жарым айлық, үлкені – 93 жаста. Барлығын тар қапаста, қараңғы әрі лас, ауа жетпейтін жерде адам төзгісіз жағдайда ұстаған аш ұстаған, су бермеген" деп жазады Венедиктова.

Оның дерегі бойынша, ресейлік әскерилер кепіл ретінде қамап ұстаған осы адамдардан 10 азамат адам төзгісіз жағдайды көтере алмай көз жұмған. Тағы 17 адамды әскерилер өлтірген. Тұтқында болғандар қаза тапқандардың аты-жөнін сол жертөленің қабырғасына жазып отырған.

"Ресей әскері өлгендер саны бес адамға жетпейінше, марқұмдарды жерлеуге тыйым салған. Осы тыйымды бұзғандарға оқ атқан. Тұрғындар қазулы көрге жасырынуға мәжбүр болған" дейді Украина бас прокуроры.

Қазіргідей соғыс жағдайында бұл ақпаратты жан-жақты тексеру мүмкін болмады.

Ресей Украинаға соғыс ашқаннан кейін Чернигов обласының бір бөлігін жаулап алған еді. Сәуір айында басқыншылар күштері ол аймақтан кетті.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Зеленский Батысты Украинаға көбірек қару-жарақ беріп, Ресейге санкцияны қатайта түсуге шақырдыСеверодонецк үшін "кескілескен" шайқас. Украинадағы соғыстың 103-күнінде не болды?Politico: АҚШ Ресейге салған санкциясын Украинадан астық экспорттауға айырбастамайды "Ұрланған" камера Украинада жүрген орыс сарбаздарының күнделік өмірін көрсеттіЗеленский Украина шығысындағы шайқас жүріп жатқан жерге барды