Түрмеде 34 жасқа толған Жанболат Мамайды жақтастары абақтының сыртынан құттықтады

Қамауда отырған Жанболат Мамайдың бір топ жақтасы 34 жасқа толған саяси белсендіні туған күнімен құттықтауға ЛА 155/18 тергеу изоляторының алдына келіп тұр. 15 маусым 2022 жыл.

15 маусым таңертең Алматыдағы ЛА 155/18 тергеу изоляторының алдына "Демократиялық партия" құру жөніндегі бастамашыл топ жетекшісі, қазір осы мекемеде қамауда отырған Жанболат Мамайдың бір топ жақтасы келді. Олар төрт айдан бері абақтыда отырған, бүгін 34 жасқа толған Мамайды туған күнімен құттықтауға келгенін айтты. Мамайдың әйелі Инга Иманбай белсендіні қүттықтау үшін абақтыға кірді.

Қамаудағы белсендіні қолдап келгендердің арасында бұрын Қазақстан қауіпсіздік кеңесінің хатшысы болған Төлеген Жүкеев, саяси партия құратынын мәлімдеп жүрген Болат Әбілов, журналист, қоғам белсендісі Рысбек Сәрсенбай, құқық қорғаушы Ерлан Қалиев және басқалар болды.

Жиналғандар қолына "Жанболатты соттау – болашақты соттау", "Тоқаев, Жанболат Мамайды босат!" деп жазылған плакаттар ұстап тұрды. Мамайдың пікірлес серігі Абзал Достияров Жанболат осымен үшінші рет туған күнін түрмеде қарсы алып отырғанын айтты.

"2012 жылы, 1017 жылы және 2022 жылы, яғни әр бес жыл сайын Жанболат туған күнін түрмеде қарсы алып келеді. Бірақ билік мұнымен Жанболатты сындыра алмайды. Ол күресін тоқтатпайды" деді жиналғандар алдында сөйлеген Достияров.

Жанболат Мамайды туған күнімен құттықтаған топ түрме алдында аспанға шар ұшырды.

Қамауда отырған Жанболат Мамайдың жақтастары 34 жасқа толған саяси белсендіні туған күнімен құттықтауға ЛА 155/18 тергеу изоляторының алдына келіп тұр. 15 маусым 2022 жыл.

Қазақстандағы авторитар билікті сынап жүрген Жанболат Мамай ақпанның ортасынан бері қамауда отыр 16 ақпанда Алматыда Қаңтар қырғыны құрбандарын еске алу шарасын өткізген соң билік оны "рұқсат етілмеген митинг өткізді" деген айыппен 15 күнге қамаған. 26 ақпанда Мамайдың үстінен "Билік өкілін қорлау" және "Жалған ақпарат тарату" баптары бойынша қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды. Содан бері билік Мамайды сотқа дейінгі тергеу кезінде қамауда ұстау мерзімін бірнеше рет ұзартты. 10 маусымда сот Мамайдың қамау мерзімін 9 шілдеге дейін созған.

Қамауда отырған кезде тергеу органдары Мамайға Қаңтар оқиғасына байланысты "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасады" және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасады" деген тағы екі айып тақты. Егер сот оны айыпты деп таныса, Жанболат Мамай 10 жылға дейін бостандығынан айырылуы мүмкін. Белсендінің өзі мен жақтастары бұл істердің саяси астары бар деп санайды.

Осы айда Freedom House, Human Rights Watch (HRW) халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстан билігін оппозициялық белсенді Жанболат Мамайдың үстінен қозғалған істі тоқтатып, оны дереу қамаудан босатуға шақырды.​

"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда адам құқығы бірінші орында деген мәлімдемесінен бір күн өткенде билік бейбіт митингіге шығу құқығын пайдаланған оппозиция лидеріне негізсіз қылмыстық айып тақты. Жанболат Мамайға қозғалған қылмыстық мүлде негізсіз, Қазақстан билігі оны қамаудан шұғыл босатуы тиіс" деді 13 маусымдағы​мәлімдемесінде HRW ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Жанболат Мамайды қамау мерзімі тағы бір айға ұзартылдыFreedom House Нұр-Сұлтанды белсенді Жанболат Мамайды қамаудан босатуға үндедіӘділет вице-министрі "Партия тіркегісі келетін топтар құжаттарын толықтырып қайта әкелсе болатынын" айтадыҚамаудағы Жанболат Мамай Қаңтар оқиғасы бойынша куәгерден күдіктіге айналды. Оған тағы екі айып тағылды"Сталин қылмыстары: Ұлттық элитаны қалай жойды". Қамаудағы Жанболат Мамайдың фильмі көрсетілді