Мәскеудің Басман аудандық соты Мәскеу мэриясының еңбек және әлеуметтік қорғау департаментінің бұрынғы қызметкерлері Татьяна Барсукова мен Елена Семкинаны босатты деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. Ол екеуі 2016 жылы Карелиядағы "Сямозеро" лагерінде мерт болған 14 баланың өліміне кінәлі деп танылып, биыл көктемде сотталған еді.
Төрт және төрт жарым жылға бостандығынан айрылған Барсукова мен Семкинаның апелляция шағымын қараған Басман соты қылмыстық іс бойынша талап қою мерзімі аяқталғандықтан екеуін сот залынан босатқан.
Қаза болған балалардың ата-аналары осындай шешім шығуы мүмкін екенін ескеріп, бұған дейін интернетте петиция жариялап, қылмыстық іс бойынша талап қою мерзімі аяқталды деп тануға қарсы болған.
Алты жыл бұрын, 2016 жылғы маусымда Ресейдің Карелия өңіріндегі "Сямозеро" лагерінде демалып жатқан 47 бала мен бірнеше инструктор көлге қайықпен серуендеп шығып, қатты дауылға тап болған. Салдарынан 14 бала мен бір ересек адам қаза тапты.
Тергеу комитеті салғырттық туралы бірнеше қылмыстық іс қозғап, жауапқа тартылған "Сямозеро" лагерінің директоры Елена Решетова мен оның орынбасары Вадим Виноградов әрқайсы тоғыз жарым жылға бостандығынан айрылған. Ал инструктор Валерий Круподерщиков сегіз айлық жазасын қоныс колониясында өтеуі тиіс еді, бірақ талап қою мерзімі аяқталғандықтан оны да босатқан. Балалардың өліміне байланысты айып тағылған тағы үш адамды сот ақтаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Астаховтың кекесіні халықты ашуландырдыКарелияда Сямозеро көлінде опат болған 14-баланың сүйегі табылғанКарелияда сот 13 бала суға кеткен лагерьді жабу туралы шешім шығардыКарелиядағы лагерьдің қауіпті екені үш жыл бұрын айтыла бастаған