Бейсенбі күні Орталық Азия елдері басшыларының консультативтік кездесуі кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ОА аумағында ортақ телеарна немесе жаңалықтар сайтын ашуды ұсынды. Бұл жөнінде Ақорда сайты хабарлады.
Тоқаевтың айтуынша, "бүкіл аймаққа зиян келтіретін ақпараттық кеңістіктегі жағымсыз құбылыстардың алдын алу үшін күш-жігер біріктіру" қажет. Бірақ оның жағымсыз құбылыстар деп нені меңзегені түсініксіз қалды.
- Мемлекетаралық және этносаралық араздықты қоздыру арқылы елдерімізді алалауға және қарым-қатынастарымызға сызат түсіруге бағытталған кез келген әрекетке төтеп беру үшін бірігуіміз қажет. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарымыз аймақ елдерінде болып жатқан оқиғалар туралы жаңалық тарату жағынан ақсап тұрғаны байқалады. Мүмкіндігінше, бұл үрдісті өзгерту керек. Бәлкім, бүкілаймақтық телеарна немесе ақпараттық интернет-сайтын ашқан жөн болар. Осы мәселелерді егжей-тегжейлі пысықтау үшін Орталық Азияның салалық мекемелері мен ақпараттық агенттіктері басшыларының жиынын тұрақты түрде өткізіп отыру пайдалы болмақ, – деді Тоқаев.
Консультативтік кездесу кезінде сөйлеген Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон "аймақты [Орталық Азия] тұрақсыздандыруға тырысып жатқан әртүрлі күштер бар" деп мәлімдеді. Оның сөзінше, белгілі бір күштер әлеуметтік желі арқылы азаматтарды әртүрлі акцияға тартып жатыр. Сол себептен аймақтағы жағдайды барынша жіті қадағалап отыру қажет.
"Орталық Азия үшін ең қауіптісі бүлдіруші діни радикализм идеологиясы. Бұл тұрғыда аймақта салафизм мен ваххабизмнің күшеюі өте қауіпті тенденция. Соңғы оқиғалар діни радикалдар өдерінің мақсаттарына жетуі үшін кез-келген қарсылық акцияларын пайдалануға дайын екенін көрсетті", - деді тәжік президенті.
Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азия елдерінде болған соңғы наразылықтар аймақ басшылары арасында наразылықтың түп-төркінін сырттан іздеу әдетке айналғанын көрсеткен. Байланысты ажырату, шекараны жауып, елдегілерді қамап, қудалау және сырттан "жау" іздеу Орталық Азиядағы ортақ сипатқа айналған. Мұндай жағдай Қазақстандағы Қаңтар оқиғасында, Тәжікстандағы Таулы Бадахшанда және Қарақалпақстандағы наразылықта анық көрінген.
Мысалы, 6 шілдеде Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев Қарақалпақстандағы қанды оқиғадан бес күн өткен соң, оған "шетелдегі күштердің" қатысы болғанын мәлімдеген. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасының да "кәсіби түрде мұқият жоспарланғанын" айтып, "сырттан әскери жасақ тартылған террор операциясы" деп атаған еді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азияның сырттағы "дұшпанының" адресі жоқ