ЕКІ ЕЛ НЕГЕ ҚОЛ ҚОЙМАДЫ?
20-21 шілде күндері Қырғызстанда, Ыстықкөл жағасындағы Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия (ОА) елдері басшыларының 4-консультативті кездесуі өтті.
Әр кезде құрамының әртүрлілігімен танылған бұл жиында биыл назарға түскені мынау болды. Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан басшылары бір бөлек жиналып, Тәжікстан мен Түркіменстан президенттері оларға бір күннен соң қосылды. Жиын соңында қабылданған ОА-ны дамыту мақсатында достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа да осы үш ел президенттері қол қойды. Тәжікстан мен Түркіменстанның бұл шартқа келіскенімен, ішкі процедуралар аяқталған соң қол қоятыны айтылды. Қырғызстан сыртқы істер министрінің өкілі Авазбек Атаханов мұны құжаттың қысқа мерзімде әзірленгенімен түсіндіруге тырысты. Алайда жиын алдында осы құжатқа қол қоюға әзірлігін білдірген Түркіменстан мен Өзбекстанның қадамы айрықша аталған. Екі ел, әсіресе, Түркіменстанның мұндай одақтастық ынтымақтастыққа жасаған қадамы оң бағаланған.
Тәжікстан мен Қырғызстан шекарасында шарпысулар болып, соңы атыс, адам шығынына дейін ұласып жатады. Сондықтан Тәжікстанның аталған құжатқа қол қоюды кейін ысыруы белгілі бір шарттарға негізделген болуы мүмкін.
Биыл ғана президенттікке келген Түркіменстан басшысы Сердар Бердімұхамедовтің достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қоюды шегеруін үлкен Бердімұхамедовтің іс барысында билікте қалғандығымен байланыстыруға болады. Гурбангулы Бердімұхамедов биыл президенттіктен «бас тартқанымен» парламенттің жоғарғы палатасы – Халық мәслихатының төрағасы болып қалды. Түркіменстанда соңғы қабылданған Конституциядағы өзгерістерге сай, экс-президенттер жоғары палатаның ұдайы мүшесі болып қалады.
ЖИЫН ҚҰРАМЫ: ЕСКІ ДЕ ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТТЕР
Осы жолғы ОА мемлекеттері басшыларының кездесуіне Түркіменстанның жас басшысы Сердар Бердімұхамедов тұңғыш рет президент ретінде қатыcты. Ол 2018 жылы Орталық Азия елдері басшыларының алғашқы жиынына Түркіменстан делегациясы құрамында келіп, Қазақстанның сол кездегі президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездескен.
ОА елдері басшыларының алғашқы консультативтік кездесуі 2018 жылы 15 наурызда Қазақстан астанасында өткен. Мұндай жиын өткізуді Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ұсынған еді. Тұңғыш жиынға аймақ басшылары түгелдей қатыспады. Түркіменстан парламент төрайымы Акджа Нұрбердыева басқарған делегацияны жіберген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Назарбаевтың Ташкентке сапары қос билік жайлы күдікті қоюлаттыӘуелде аймақ халқына ортақ мереке Наурыз мерекесіне орайлас өткізіледі деген тәртіп бірден бұзылды. 2019 жылы 29 қарашада Ташкентте өткен кездесуде жиын құрамы ала-құлалығымен көзге түсті. Оған Қазақстан атынан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орнына бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның тұңғыш президенті – елбасы» атымен қатысқан.
Үшінші саммитті 2020 жылы Қырғызстанда өткізу жоспарланғанымен, осы елдегі биліктің алмасуы және коронавирус пандемиясы салдарынан жиын кейінге сырғытылған. Кейінірек Түркіменстанның сол кездегі президенті Гурбангулы Бердімұхамедовтің ұсынысымен ОА елдері басшыларының консультативті кездесуі 2020 жылы 6 тамызда осы елде Каспий жағалауындағы Аваза демалыс аймағында өткізілді. Бұл Орталық Азия елдері тәуелсіздігінің 30 жылдығымен орайлас өткізілді.
Қырғызстанда өткен жиында келесі саммит эстафетасы Тәжікстанға тапсырылды. Ыстықкөл жағасыындағы саммитте бұл жиынның аймақ елдері арасындағы дипломатиялық қатынастың 30 жылдығына сәйкес келгені аталды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тәуелсіздіктің отыз жылында Орталық Азия елдерінің қарым-қатынасы қалай өзгерді?ТАСЫМАЛ ЖОЛДАРЫ, ШЕКАРА ДАУЫ ЖӘНЕ ТЕРРОРИЗММЕН КҮРЕС
Биылғы жиын айрықша геосаяси жағдай ауанында өткізілді. Ресейдің Украинаға соғыс ашуы және сондағы сепаратистік құрылымдарды қолдауы оның ОА-дағы одақтастары үшін экономикалық, әлеуметтік және саяси жағынан ауырға соқты. Ресейдің санкцияларға ұшырауы, соның салдарынан тасымал жолдарының тарылуы аймақ елдерінің балама нұсқалар іздеуіне түрткі болған. Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан темір жолы, Мазари-Шариф – Кабул – Пишевар темір жолы құрылысына аймақ елдерінің қатысуы, салынып толыққанды жұмыс істемей тұрған Қазақстан – Түркіменстан – Иран темір жолын тиімді пайдалану және Үндістан мен Қытай арқылы тасымал дәліздерін дамыту жайы сөз болды. Қазақстанның Транскаспий көлік-тасымал бағытын дамытуға белсенді кіріскені айтылды.
Жиында экстремизм мен терроризмге қарсы күрес, жаңа қайшылықтар мен қатерлерге бірігіп қарсы тұру, траншекаралық өзендерді оң пайдаланудың маңызы аталып өтілді.
Жиында айтылған ұсыныстар реті төмендегідей болды.
Қазақстан:
ОА-дағы шекара мәселесін шешуде халықаралық құқық қағидаттарын ұсыну, Орталық Азия елдері қоршаған ортаны қорғау және аймақтағы климат өзгерісіне орай келісілген саясат жүргізу жолында жобалық кеңсесін құру, Аралды құтқару халықаралық қорының аясындағы жұмыстарды жандандыру, жалпыаймақтық телеарна немесе жаңалықтар сайтын ашу, жыл сайынғы «Орталық Азияның мәдени астанасын» таңдау
Қырғызстан:
Су мәселесін реттеу, аймақтағы ортақ cу-энергетикалық ресурстарды пайдаланудың 1998 жылғы тәртібіне көшу, ОА-дағы біріңғай энергетикалық жүйені қорғауды күшейту, қауіпсіздікті нығайту, Ауғанстанның бейбіт дамуына ат салысу
Өзбекстан:
Терроризм және экстремизммен күресте аймақ елдері арнайы қызметі арасындағы ынтымақтастықты арттыру, Ауғанстанды біріккен әлеуметтік-экономикалық қызметке тарту. ОА аймақтық мәдениет, өнер және кино фестивалдарын өткізу.
Тәжікстан:
Шекарадағы қауіпсіздік, арнайы қызметтер арасындағы байланысты арттыру, Ауғанстаннан төнген қатерді реттеу жолдарын қарастыру, діни радикализммен күресу.
Түркіменстан:
Терроризм мен діни радикализм қатерімен күресте бірігу, аймақ елдері мемлекеттік БАҚ-ының қатысуымен аймақтық медиа-форум өткізу.
«АЙМАҚТАҒЫ СТРАТЕГИЯЛЫҚ БАҒЫТ»
ОА елдері жиынында айтылған жайларға қарағанда Өзбекстан Ауғанстанмен бірігіп жұмыс істеуге үндесе, Тәжікстан мен Түркіменстан Ауғанстанды қауіп-қатер төнетін шекара ретінде танитындығын байқатты.
Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстанда биыл болған қанды оқиғалар және кездесу барысындағы ұсыныстар жиында қауіпсіздік мәселесіне баса мән берілгенін көрсетеді. Қарақалпақстанда жарияланған төтенше жағдай тәртібі саммит өтіп жатқан кезде тоқтатылды. Әуелде бұл тәртіп 2 шілде - 3 тамыз аралығын қамтиды деп белгіленген еді.
Биыл Қазақстандағы Қаңтар оқиғасы, Тәжікстандағы Таулы Бадахшан оқиғасы және Өзбекстандағы Қарақалпақстан оқиғасының бәрінде билік шетелдік немесе шетелден басқарылатын үшінші күштерді айыптаған болатын.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орталық Азияның сырттағы "дұшпанының" адресі жоқОлардың нақты кім екені немесе сипаты қандай екені айтылмаған. Есесіне оқиға кезінде кәсіби міндетін атқарып, ақпарат таратқан БАҚ өкілдері қысымға алынған. Оқиға кезінде қамалып, тергеуге тартылғандардың ішінде азаптауға ұшырағандары бар.
ОА елдері басшыларының отырысында Қазақстан басшысы аймақ елдері қауіпсіз кеңесі хатшыларының жиі кеңесуі керектігі жайында айтса, Өзбекстан президенті қауіпсіздік саласының аймақтағы стратегиялық бағытқа айналғанына тоқталды.
КЕЗДЕСУ САЙЫН КҮРДЕЛЕНЕТІН МӘСЕЛЕ
Осымен, төртінші мәрте өткізілген Орталық Азия басшыларының консультативтік кездесуінің бұрынғы жиындардан ерекшелігі достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылуы ғана болды. Оның өзінде Тәжікстан мен Түркіменстанның оған қашан қол қоятыны белгісіз. Қол қоятын басшылардың Шолпан-Атаға бір күн бұрын келіп, үшеуара бейресми кездесуі, олардың сейіл-серуеніне дейін БАҚ-та мейлінше көрініс табуы кездесуге екінші күні келген президенттер тұлғасын көлегейлегендей әсер қалдырды.
Қырғызстан өкілі айтқандай, шарт жобасы аяқ астынан «қысқа мерзімде әзірленіп», қалғандар оған қол қоюға үлгермейтін болса, қалған елдердің ішкі құрылымы мен келісімін ескермейтіндей құжатты асығыс дайындаудың қандай қажеттілігі болды деген сұрақтың басы ашық қалды.
Жиынның екінші күнінде Қырғызстан президенті бұл жиынға төрағалық ету Тәжікстанға өткендігін айтты. Оның айтуынша, ОА елдері басшыларының ендігі, бесінші консультативтік кездесуіне Әзербайжан басшысы «құрметті қонақ» ретінде қатысуы мүмкін. Әзербайжанға салса, бұл елдің басшысы осы төртінші кездесуге қатысуға да ықыласты болған.
«Бірақ алдын-ала кеңесулер әзірге консенсус жоқ екенін көрсетті. Бұған байланысты қарсылық болмаса, сыртқы істер министрлеріне осы мәселемен айналысып, дипломатиялық канлдар арқылы мәлімет беруді тапсыруды ұсынамын» деген.
Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ОА мемлекеттері басшыларының мұндай кездесуіне аймаққа шектес Ресей және Қытай сияқты елдердің өкілдері қонақ ретінде қатысса, оның аймақ елдері пайдасына шешілетіндігін айтқан.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев 21 маусымда ғана Өзбекстанда ресми сапармен болып қайтқан. Өзбекстан тарапы оны айрықша жылы шыраймен күткен. Әзербайжанның ОА басшылары саммитіне қызығушылығы сол кезде айтылуы мүмкін.
Совет Одағы ыдыраған соң Орталық Азия басшылары жиі бас қосып, аймақ деңгейінде қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өздерінше қадам жасай бастаған. Алайда бұл қадамдар 2001 жылы Шанхай ынтымақтастығы ұйымы тәрізді құрылымның пайда болуына жол ашты. Ал 2002 жылы тек аймақ елдерінің қатысуымен құрылған ОА ынтымақтастығы ұйымы да кейін Еуразия экономикалық одағына сіңіп кетті. Осындай өзгерістер кезінде біресе Түркіменстан, біресе Өзбекстан аймақтық ынтымақтастықтан бас тартып отырған.
Сондықтан да ОА-дағы интеграцияға жасалған қадамдар сәтті болды деп бағалау екіұдай күйде қалдырады. ОА мемлекеттері басшыларының 4-консультативті кездесуі туралы да осыны айтуға болады. Оның үстіне аймақ елдері президенттері қанша кездессе де, шекарадағы қақтығыс пен шығын азаюдың орнына одан сайын көбейіп, ішкі наразылықтар да жиілеп, өкінішке қарай қанды оқиғаларға ұласып кетті. Бұл, әсіресе, төртінші кездесу қарсаңында айрықша көрінді.
(Автордың пікірі Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)