Батыс басылымдары бұл аптада тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелер қатарынан шығарылатынына назар аударып, елде Назарбаевтың жеке басына табынуды жою жалғасып жатқанын жазды. Сонымен қатар кезектен тыс президент сайлауына оппозиция мен белсенділер неліктен қарсы екенін талдады. Одан бөлек пандемия басталғалы бері шетелге ресми сапармен шықпаған Қытай басшысы алғашқы мемлекеттік сапарын не себепті Қазақстанға жасамақ деген сұраққа жауап іздеді.
"НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖЕКЕ БАСЫНА ТАБЫНУДЫ ЖОЮ ЖАЛҒАСЫП ЖАТЫР"
Қазақстанда тұңғыш президент күні мемлекеттік мерекелер қатарынан шығарылатынына назар аударған Eurasianet басылымы елде Назарбаевтың жеке басына табынуды жою жалғасып жатқанын жазды.
Тұңғыш президент күні Назарбаевтың 1991 жылы алғашқы президент сайлауында 99 пайыз дауыс жинап сайланғанының құрметіне белгіленген. 2011 жылдан бері аталып өтілетін.
«Мереке Назарбаевтың жеке басына табынудың бөлігі болды, мемлекеттік пропаганда машинасы оны бүгінгі күннің Кемел Ататүрігі немесе Джордж Вашингтоны ретінде көрсету үшін барын салды».
Бірақ 2019 жылы биліктен кетсе де, елді сахна сыртынан басқарған бұрынғы басшының жұлдызы қанды Қаңтар оқиғасынан кейін сөне бастады. Басылым 7 қыркүйек күні парламент мәжілісі депутаттарының тұңғыш президент күнін алып тастауды қолдап дауыс бергенін осының дәлелі дейді. «Енді сенаторлар да дауыс беруі керек, бірақ бұл шартты нәрсе, 1 желтоқсан бұдан былай жұмыс күні болмақ».
Басылымның жазуынша, Назарбаевтың құрметіне аталып өтілген мерекені алып тастау депутаттар қаншалықты құбылмалы және икемге көнгіш екенін көрсетеді. Өйткені тұңғыш президент күнін алып тастауды қолдап дауыс бергендердің көбі Қаңтар оқиғасына дейін Назарбаевтың қызу қолдаушылары еді. Тіпті қазір саяси бағытты өзгертуді айтып жүрген Тоқаев та кезінде солардың қатарында болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Астана атауын өзгерту ұсынысы шетел журналисінің көзіменEurasianet Тоқаев 2019 жылы наурызда Назарбаевтың мұрагеріне айналып, президент ретінде ант бере салған бетте астананың атын Назарбаевтың есімімен атауды ұсынғанын еске салады. Бұл көпшіліктің наразылығын тудырса да, астана атауы өзгерді.
Тоқаевтың реформаларға ұмтылысын қолдау үшін ақпан айында құрылған «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобы өткен аптада астанаға бұрынғы атауды қайтаруды ұсынды.
Eurasianet Тоқаевтың кезектен тыс президент сайлауын жариялауын экс-президенттен алшақтауға тырысу әрекеті деп бағалайды. Сайлау Тоқаевтың Назарбаевқа тәуелді емес, өз бетінше әрекет ететін саясаткер екенін көрсетуге арналған.
Тоқаев президенттікті жеті жылдан тұратын бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Ол мұны «билікті монополиялау қаупін төмендететінін қадам» деп сипаттады. Бірақ биліктің қарсыластары оған күмәнмен қарайды.
«Тоқаев пен оның шенеуніктері шын мәніндегі либералды реформаларды іске асырмайды, өйткені олар қазіргі авторитарлы жүйені құруға қатысқан. Сондықтан жаңа ұрандар көтерілгеніне қарамастан, Назарбаев кезіндегі ескі Қазақстанда өмір сүре береміз», − дейді құқық қорғаушы Сергей Дуванов басылымға берген сұхбатында.
ҚЫТАЙ БАСШЫСЫ ҚАЗАҚСТАНҒА НЕ ҮШІН КЕЛЕ ЖАТЫР?
АҚШ-та шығатын Diplomat басылымы 2020 жылдың басынан бері шетелге шықпаған Қытай басшысы Си Цзиньпин алғашқы мемлекеттік сапарын 14 қыркүйек күні Қазақстанға жасайтынына назар аударады. Артынша ол 15-16 қыркүйекте Өзбекстанда өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитіне қатыспақ.
Мақала авторы Кэтрин Путц Си Цзиньпиннің коронавирус пандемиясы басталғалы бері алғашқы сапарын не себепті Орталық Азияға жасайтыны айқын дейді: аймақ Қытайдан алыс емес, осылайша ол Қытай коммунистік партиясының 20-съезі қарсаңында елден ұзаққа кетпейді. Сонымен қатар халықаралық саммитке баруы шетелге сапарын барынша тиімді етуге мүмкіндік береді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Си Цзиньпиннің Нұр-Сұлтан мен Самарқандқа сапары несімен маңызды?Басылым бұл сапардың Орталық Азия елдері үшін де дипломатиялық маңызы үлкен деп жазады. Си Цзиньпиннің алғашқы сапар ретінде Орталық Азияны таңдауы Қытайдың сыртқы саясатында аймақтың шешуші рөлге ие екенін көрсетеді.
Самарқандта өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммитінде Си Цзиньпин мен Ресей президенті Владимир Путин кездеспек. Автор бұл кездесудің екі ел үшін геосаяси тұрғыдан маңызды екенін келтіреді.
Кей сарапшылардың пайымдауынша, Орталық Азиядағы Қытай ықпалының өсуі Пекин мен Мәскеудің арасын шиеленістіріп, Ресейдің аймақтағы ықпалына қауіп төндіруі ықтимал. Бірақ мақала авторы әзірге Орталық Азияда Ресей мен Қытай мүддесі бір жерден шығатындықтан, текетірес туындамайтынын келтіреді.
Си Цзиньпиннің пандемия басталғалы алғашқы сапарлайтын ел ретінде не себепті Қазақстанды таңдағанын Bloomberg агенттігі де талдады. Агенттік Бішкектегі Еуропа қауіпсіздігі мен ынтымақтастық ұйымы академиясының ғылыми қызметкері Нива Яудың «Си Цзиньпин үшін Орталық Азия Тайвань мен Шығыс Азияда бола қалуы мүмкін оқиғалар кезінде сүйеу болатын аймақ» деген пікірін келтіреді.
Си Цзиньпиннің пандемия басталғалы алғашқы сапарлайтын ел ретінде Қазақстанды таңдауының тағы бір себебі, Шыңжаңдағы Пекин саясатына келіп тіреледі. Шыңжаңдағы этникалық азшылықтарға қатысты саясатқа келгенде Пекин үшін Қазақстан маңызды ел. «Себебі Қытайдың Шыңжаңдағы этникалық азшылықтарға қатысты саясатына әсер ете алатын бірден-бір ел − Қазақстан», − дейді Яу.
Бұдан бөлек Қазақстанда әлемдегі уран қорының 40 пайызы шоғырланған. Көмірсутегі қалдықтарын азайтып, атом энергетикасын күшейтіп жатқан Қытай үшін уран қоры − маңызды фактор.
ОППОЗИЦИЯ КЕЗЕКТЕН ТЫС САЙЛАУҒА ҚАРСЫ
Кезектен тыс президент сайлауының нақты қашан өтетіні әзірге белгісіз, бірақ оппозиция мен белсенділер кезектен тыс сайлауға қарсы. Diplomat басылымы осы аптада Алматыда бас қосқан оппозиция өкілдері мен белсенділерінің сайлауға қатыспай, оған қарсылық білдіру жайын талқылағанын жазады. «Демократиялық күштер коалициясының» жиынына Болат Әбілев, Рысбек Сәрсенбайұлы, Гүлжан Ерғалиева, Мұхтар Тайжан, Нұржан Әлтаев пен Ерлан Қалиев қатысқан.
Жиында сөйлеген Рысбек Сәрсенбайұлы кезектен тыс сайлау мен Тоқаевтың президенттікті жеті жылдық бір мерзіммен шектеу туралы ұсынысты «Назарбаевтың авторитарлы режимін қалпына келтіру» деп бағалаған.
«Содан бері оннан астам топ саяси партия тіркеуге ниетті екенін мәлімдеді, олардың көпшілігінің басында режимге жақын адамдар тұр, енді бірін танымал оппозиция саясаткерлері басқарады». Мақала авторы Кэтрин Путц Тоқаевтың жолдауынан бері әлі бірде-бір саяси партия тіркелмегенін келтіреді.
Тіркелмеген «Қазақстанның демократиялық партиясының» жетекшісі Жанболат Мамай ақпан айынан бері қамауда отыр. Оның үстінен ақпанда"билік өкілін қорлау", "жалған ақпарат тарату", "қару қолдану, қирату, өртеу жолымен жаппай тәртіпсіздік жасау" және "төтенше жағдай кезінде жаппай тәртіпсіздік жасау" деген айыптар тағылды.
Кэтрин Путц саяси партия тіркеуге құлшынған кез келген оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың кебін құшуы мүмкін екенін жазады. Мысалы, Алматыдағы жиынның ертесінде Рысбек Сәрсенбайұлы астанада министрліктер үйінің маңында ұсталды. Полиция оны Нұр-Сұлтандағы президент әкімшілігіне арызын өткізуге келген Қаңтар оқиғасында қаза тапқан, зардап шеккен адамдардың туыстарымен бірге ұстап әкетті. Бірнеше сағаттан кейін айып тақпастан босатты.
Автор үкіметке наразылар негізінен Қаңтар оқиғасын әділ тергемеу және кезектен тыс сайлауға қарсы шығып жатқанын айтады. Билік үшін сайлау өткенге дейін наразылыққа шығатын, қандай да бір проблема тудыруы мүмкін саясаткерлер мен белсенділерді ұстап, жауапкершілікке тарту қолайлы.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Инерцияны сәтті пайдалану және Назарбаев факторы. Тоқаев не үшін ерте сайлау өткізгісі келеді? Кезектен тыс сайлау Тоқаевтың билігін күшейту амалы ма? Қазақстан қару экспортын Ресей қысымымен тоқтатты ма?"Тоқаев Назарбаев әулетінің есе қайтаруынан қорқады". Досым Сәтпаевпен сұхбатКезектен тыс сайлау, көлік кіргізгенді кешіру және Қаңтар қатысушыларына рақымшылық. Тоқаев жолдауы"Ноу-Сұлтан?" Астана атауын өзгерту ұсынысы шетел журналисінің көзімен