HRW Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеді

Алматыдағы тергеу изоляторы. Көрнекі сурет.

Халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Қазақстанды қарақалпақ белсенділерін Өзбекстанға бермеуге үндеді. Бұған қоса, өз елдерінде қауіп төніп тұрған белсенділерге қысқа уақыт аралығында "пана іздеуші тұлға" мәртебесін беруге шақырды.

Жуырда Қазақстанда өзбек билігінің сұрауы бойынша, төрт қарақалпақ белсендісінің ұсталғаны белгілі болған. Алматы соты олардың қамау мерзімін 40 күнге ұзартқан.

"Қазақстан билігі қарақалпақ диаспорасының төрт белсендісін Өзбекстанға экстрадицияламауы тиіс, оларды [өз елінде] саяси себеппен қудалап, азаптауы мүмкін" деп жазды HRW 15 қазан күнгі мәлімдемесінде.

"Жан-жақтан алып қарағанда, Өзбекстан билігі қарақалпақ диаспорасының белсенділерін Қарақалпақстандағы шілдедегі наразылықты күшпен басып-жаншу [кампаниясы] аясында қудалап отыр. Өзбекстанға күшпен қайтарған жағдайда, белсенділерге азаптау мен саяси себеппен қылмыстық қудалау қатері төнеді. Мұндай жағдайда Қазақстан билігі оларды тапсырса, халықаралық-құқықтық тыйымды бұзған болып шығады, сол себепті билік белсенділерді экстрадицияламай, босатуы тиіс" деді Human Rights Watch ұйымының Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман.

Ұйымның жазуынша, 13 қыркүйек пен 5 қазан аралығында Қазақстанда полиция Өзбекстан билігі халықаралық іздеу жариялаған төрт қарақалпақ белсендісін ұстаған. 47 жастағы блогер-диссидент Қошқарбай Төремұратов пен 53 жастағы оппозиционер Жангелді Жақсымбетовті полиция 13 қыркүйекте кешке үйінен ұстап әкеткен. 55 жастағы дәрігер-кардиолог Раиса Құдайбергенованы полиция 16 қыркүйекте – жұмысынан, белсенді Зиуар Мирманбетованы 4 қазанда үйінен әкеткен.

Оларға қандай айып тағылғаны ресми түрде хабарланбады. Human Rights Watch ұйымы процессуалдық құжаттарды көрген қарақалпақ диаспорасының Алматыдағы белсендісі Ақылбек Мұратбайға сүйене отырып, ұсталғандардың "мемлекетке қарсы қылмыс жасады" деген күдікке ілініп, іздеу жарияланғанын жазады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қарақалпақстанда не болып жатыр? Аймақ белсендісімен сұхбат

Адам құқығын қорғау ұйымы ұсталғандарға тағылған айып биыл шілде басында Қарақалпақстанда болған наразылықпен байланысты болуы мүмкін деп топшылайды. Кемінде 21 адам қаза тауып, 240-тан астам адам жараланған наразылық кезінде және одан кейін 500-ден астам адам ұсталған. Ұйым олардың кейбірі азапталғаны, адвокат және отбасы мүшелерімен хабарласу құқығы бұзылғаны жайлы хабар барын да атап өтеді.

Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросының заңгері Денис Живагоға сүйенген ұйым алдағы уақытта Өзбекстан оларды экстрадициялауды ресми түрде сұрамақ деп жазады. Жоғарыда аты аталған белсенділердің барлығы Қазақстаннан пана сұраған.

"Егер оларға "пана іздеуші тұлға" куәлігі берілсе, мұндай мәртебе заңнамада бекітілген, ондай тұлғаны [нақты жағдайда] Өзбекстанға күшпен қайтара алмауы тиіс" деді Денис Живаго.

HRW мәлімдемесінде Қазақстан билігін Төремұратов, Жақсымбетов, Құдайбергенова мен Мирманбетованы қысқа уақыт аралығында "пана іздеуші тұлға" ретінде тіркеуге шақырған.

Ұйым Қазақстан билігіне халықаралық қауымдастық алдында алған міндеттемелерін еске салып, халықаралық құқыққа сәйкес кез келген адамды елінде қауіп күтіп тұрса, күшпен қайтаруға болмайтынын атап өтеді.

"Кейінгі жылдары құқық қорғау ұйымдары Өзбекстанда мемлекетке қарсы қылмыс жасады деп айыпталған азаматтарды күшпен қамау, азаптау және оларға қарсы өзге де рұқсат етілмеген қатынас түрлерін пайдаланған оқиғаларды құжатқа түсірген" деп жазды ұйым.

"Белсенділердің пана беру туралы өтініштерін немесе Өзбекстанның сол азаматтарды экстрадициялау туралы сұрауын қараған кезде Қазақстан Өзбекстандағы азаптаулар мен рұқсат етілмеген қатынас түрлері туралы сенімді дереккөздерден алынған мәліметтерді назардан тыс қалдырмауы тиіс" деп санайды ұйымның Орталық Азия бойынша зерттеушісі Мира Ритман.

Осы аптада Маңғыстау облысында "Аллаяр жолы" этномәдени бірлестігінің төрағасы Ниетбай Оразбаевтың да "өзбек билігінің сұранысы бойынша" Қазақстан ІІМ іздеу салған азаматтар тізіміне енгізілгені хабарланған. Ресми орындар ақпаратқа түсініктеме берген жоқ.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Адам атқандарды жауапқа тартпау, азаптау және үшінші күштер. Қанды Қаңтар мен Қарақалпақстандағы оқиға нені байқатты?Орталық Азияның сырттағы "дұшпанының" адресі жоқҚарақалпақстанда қантөгістен кейін жағдай тұрақталып келеді, бірақ интернет істемейді"Көз алдымда кеудесі қақ бөлінді". Нөкістегі наразылық шеруі мен қантөгісті көрген адамның әңгімесіҚарақалпақстан мәртебесін өзгертуді кім ұсынған? Нөкістегі қантөгіске кім кінәлі?