Бұған дейін Азаттықтың Қырғыз редакциясының сайтын екі айға тоқтатқан қырғыз билігі бұл жолы банк шотын да бұғаттап тастады. 31 қазанда "ДемирБанк" өкілдері Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитетінен Азаттықтың Қырғыз редакциясының банк шотын жабу туралы нұсқау алғанын хабарлады.
26 қазанда Қырғызстанның мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрлігі Азаттықтың Қырғыз редкциясы Қырғызстан мен Тәжікстан арасында болған қақтығыс туралы жаңалық сюжетін алып тастау туралы талабын орындаудан бас тартқаны үшін "Азаттық Медиа" сайтының жұмысын екі айға тоқтату туралы ешім қабылдаған. Ведомство сюжетте "қырғыз жағының Тәжікстанға "шабуылдағаны" жөнінде "тексерілмеген ақпарат бар" дейді.
Сөз болған видеоны Азат Еуропа/ Азатық радиосы медиакорпорациясына кіретін, "Америка дауысымен" ынтымақтастықта жұмыс істейтін Настоящее Время телеарнасы түсірген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғыз билігі Азаттық сайтының жұмысын екі айға уақытша тоқтаттыАзат Еуропа/Азаттық радиосы медиакорпорациясының президенті Джейми Флай телеарна болған оқиғада тараптарға теңдей сөз беру ұстанымымен жұмыс істейтінін және аталған контентті тексергенде корпоративтік стандартқа нұқсан келмегенін мәлімдеген. Азаттықтың Қырғыз редакциясы бұғатталғанына қарамастан жұмысын жалғастыра беретінін хабарлаған.
Қырғызстан Орталық Азияның өзге елдерімен салыстырғанда айтарлықтай сөз еркіндігі сақталған ел ретінде мәлім болған. Алайда құқық қорғаушылардың пікірінше, екі жыл бұрын Садыр Жапаров билікке келгелі сөз бостандығы шектеле бастағаны байқалған.
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында қақтығыс жиі болады. Екі ел арасындағы 970 шақырым шекараның 519 шақырымы демаркацияланған, қалғаны әзірге нақтыланбаған. Осыған байланысты көрші екі елдің шекара аймағындағы тұрғындары арасында су, жер үшін дау-дамай, қақтығыс болып тұрады. Биыл қыркүйектегі атыс кезінде көптеген адам өліп, жараланған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қырғыз парламенті шекара тұрғындарына "ерекше жағдайда" қару тарату жөнінде заң жобасын қабылдады