Қырғызстанда Жогорку кеңеш депутаттары Ош және Баткен облысындағы шекара маңындағы тұрғындарға қауіпті жағдайда қару-жарақ тарату жөніндегі заң жобасын үш оқылымда мақұлдады.
Бұл заң жобасына 63 депутат қолдап дауыс берді, үш депутат қарсы болды.
2021 жылы мамыр айында Жогорку кеңештің бір топ депутаты осыған ұқсас бастама көтеріп, "мұндай өзгерістер елдің территориялық тұтастығына нұқсан келтіру фактілеріне жол бермеуге септеседі, шекараны қорғауға көмектеседі" деген еді.
Заң жобасы 2021 жылдың сәуір айында ондаған адам қаза болған қырғыз-тәжік шекарасында болған қақтығыстан кейін әзірленді. Бірақ аталған нормалар сол күйі қабылданбаған еді.
Заң жобасына сәйкес, "ҚР мобилизацияға дайындық және мобилизациялау жөніндегі", "Қару-жарақтар жөніндегі", "Әскери және баламалы қызмет туралы" және "Шекарашылар өкілеті" жөніндегі заңдарға өзгерістер енгізіледі.
Бұл заң жобасы қырғыз-тәжік шекарасында соңғы жылдары қарулы қақтығыс жиі орын алуына байланысты әзірленген. Өткен айда қырғыз-тәжік шекарасында ірі қақтығыс болып, шекарадағы елді мекендер атқылауға ұшырады. Тараптар бір-бірін кінәлады. Қырғыз жағының айтуынша, қақтығыстан 63 қырғыз азаматы опат болған, 200-ден астам адам жараланған. Тәжікстанмен шекараға жақын елді мекендерден 130 мыңнан астам тұрғын үйлерін тастап кетуге мәжбүр болған. Тәжікстан сыртқы істер министрлігі қақтығыстан 41 адам қаза болғанын хабарлады. Азаттықтың Тәжік қызметі дереккөздерге сүйене отырып, қаза болған 81 тәжік азаматының аты-жөнін жариялаған.