Макрон Киев пен Мәскеуді келіссөз үшін алдын ала радикалды шарт қоймауға шақырды

Солдан оңға қарай: Франция президенті Эммануэль Макрон, Украина президенті Владимир Зеленский және Ресей президенті Владимир Путин. Париж, 9 желтоқсан 2019 жыл.

"Украинадағы жанжал тек келіссөз арқылы шешілуі мүмкін" деп санайтын Франция президенті Эммануэль Макрон Киев пен Мәскеуді алдын ала радикалды шарт қоймауға шақырды. Алайда француз президентінің сөзінше, келіссөздің қандай шартпен және қалай өтетінін Украина шешеді. Бұл жөнінде Макрон Біріккен ұлттар ұйымының климат жөніндегі Египетте өткен 27-конференциясында мәлімдеді.

Ресей басқыншылығы басталғалы Макрон Украинаға әлденеше рет қолдау көрсеткен. Бірақ ол сонымен бірге келіссөзге келу Украинаның да, Ресейдің де мүддесіне тура келеді деп бірнеше рет айтқан болатын. Қазан айының аяғында Ватиканда Макрон Рим папасы Францисктен Ресей президенті Владимир Путинге, Мәскеу патриархы Кириллге және АҚШ президенті Джо Байденге телефон соғып, Украинадағы соғысты тоқтатуға күш салуын өтінген.

Украина мен Ресей келіссөзі мамырда тоқтаған. Қазан айының басында Украина президенті Владимир Зеленский "Путин президент болып тұрғанда Ресеймен келіссөз жүргізу мүмкін емес" екенін ашық көрсеткен жарлыққа қол қойған. Ол мұндай қадамға Мәскеу Украинаның бірқатар аумағын аннексиялаған соң барған. Путин де "Ресей келіссөзге дайын, бірақ аннексияланған жерлер келіссөз тақырыбына кірмейді" деп мәлімдеген.

Американың Washington Post газеті 6 қарашада АҚШ Украина президенті Владимир Зеленскийден келіссөзге қаншалықты ықыласты екенін ашық білдіруді сұрағанын жазды. Басылым сөйлескен Ақ үй шенеуніктері АҚШ-тың Украинаны келіссөзге итермелемейтінін айтқан. Келесі күні бұл ақпаратты Wall Street Journal басылымы да растаған.

Украина президенті офисі басшысының кеңесшісі Михаил Подоляк кеше "Украина Ресеймен келіссөзден ешқашан бас тартқан емес" деп мәлімдеді. Бірақ алдымен Ресей Украина жерінен әскерін әкету керек, "қалған әңгіме содан кейін" деді ол.

"Бұған Путин дайын ба? Әрине, жоқ. Сондықтан біз жағдайды дұрыс бағалап отырмыз: Ресейдің келесі президентімен ғана сөйлесеміз" деп жазды Подоляк Twitter парақшасына.

Кремль Украинамен келіссөзге дайын екенін, бірақ Киевтің бас тартуы себепті ондай мүмкіндік көрмей отырғанын айтып келеді.

7 қарашада Италияның La Repubblica басылымы НАТО-дағы дереккөздеріне сүйеніп, "Украина Херсонды алған соң келіссөзге отыруы мүмкін" деген ақпарат таратқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

WP: АҚШ Киевтен Мәскеумен келіссөз жүргізуге ықыласын ашық көрсетуін сұрайдыКремль: Путин мен Ердоған Астанадағы келіссөзде Украинаны талқылаған жоқРесей элитасы Путиннің шешімін сынаудан неге қорқады?Зеленский мен Путин бірін бірі «террорист» деп айыптады Путин Қырым көпіріндегі жарылысқа Украинаны айыптады, Киев мойнына алған жоқ