Үкімет: Қазақ тілін білмейтіндерге Қазақстан азаматтығы берілмейді

Премьер-министр Әлихан Смайылов

Үкімет "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы"заңға өзгеріс мәселесін қарастырып жатыр. Бұл өзгеріс бойынша, мемлекеттік тілді, мемлекет тарихы мен негізгі заңдарын білмеу - Қазақстан азаматтығын беруден бас тартуға не азаматтығын қалпына келтіруден бас тартуға қосымша негіз бола алады. Бұл туралы премьер-министр Әлихан Смайыловтың депутат сауалына жолдаған жауабына сілтеп, Kursiv.Media жазды.

Премьер жауабында бұл талап қос азаматтыққа жол бермеу үшін де енгізіліп отырғанын айтқан.

"Қазіргі заң бойынша Қазақстанда заңды негізде кемі бес жыл тұрақты өмір сүрген немесе Қазақстан азаматымен кемі үш жыл некеде тұрған, сондай-ақ Қазақстанда тұрақты тұру мақсатында келген және жақын туыстарының бірі Қазақстан азаматы болып саналатын бұрынғы одақтас республика азаматтарына Қазақстан азаматтығы беріледі" дейді премьер-министр.

Қазіргі қолданыстағы заңға сай, мына санаттағы адамар жеңіл ережемен азаматтық ала алады:

  • Қазақстанда заңды негізде тұрып жатқан қандастар (тұрған мерзіміне қарамастан);
  • Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақталғандар мен олардың Қазақстанда заңды негізде тұрақты тұратын, еркінен тыс азаматтығынан айырылған ұрпақтары;
  • Елдің жоғары оқу орындарында оқитын этникалық қазақтар.

Мұндай жағдайда істі қарау мерзімі өтініш берілген күннен үш ай аспауға тиіс.

"Қолданыстағы заң бойынша Қазақстан азаматтығын қалпына келтіру мен беруден бас тартудың 14 негізі бар. Оның көбі заң бұзушылықпен байланысты, бірақ оның ішінде қазақ тілін білмегені үшін азаматтық берілмейді деген сөз жоқ еді" дейді басылым.

Биыл сәуір айында сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев қысқа мерзімге келетін шетелдіктерге мемлекеттік тілді білу міндеті емес, ал ұзақ тұрғысы келетіндер мемлекеттік тілді білуі тиіс деген еді.

Қазақстан азаматтығы мен мемлекеттік тілді дамыту мәселесі Ресейдегі мобилизацияға байланысты биыл қыкүйекте Ресейден Қазақстанға қашып келгендер күрт көбейген тұста қоғамда айрықша талқыланған. Үкімет мәліметіне қарағанда, 21 қыркүйектен бері шетелдің 200 мың азаматынан ЖСН сұраған өтініш түскен. Шетел азаматтары мен заңды тұлғалары ЖСН алмаса Қазақстанның мемлекеттік органдарының қызметін пайдалана алмайды және банк операцияларын жүргізе алмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Тоқаев тіл мен ұлтаралық қатынасты "саяси құралға" айналдырмауға үндеді