Шымкент қаласы Абай аудандық соты “Амнистия туралы” заңға сәйкес, Қаңтар оқиғасына байланысты “Жаппай тәртіпсіздік” бабы бойынша түрмеге жабылған белсенді Қайрат Сұлтанбекті тағайындалған жазасын өтеуден босату туралы қаулы шығарды. Бұл туралы Азаттыққа белсендінің адвокаты хабарлады.
Бұл туралы сот отырысына Қайрат Сұлтанбектің адвокаты Әбдіраман Аққұловты қатыстырмаған. Белсендінің жақындары да сот өткенін кейін білген.
Адвокат соттан кейін қорғауындағы азаматпен кездескен. Қайрат Сұлтанбек сотта өзіне басқа адвокат берілгенін, бірақ істі қарау кейінге қалып кетпесін деп, қарсылық танытпағанын айтып, рақымшылыққа ілінгенін растаған.
– Амнистия заңы бойынша, жазаның төрттен үш бөлігі қысқарады. Қайрат Сұлтанбек үш жыл алты ай (42 ай) түрме жазасына кесілген. 42 айдың төрттен үш бөлігі қысқарғанда он жарым ай ғана отыруы керек. Ал ол тергеуде болған мерзімді қосқанда (1 күн бір жарым тәулік есебінде жүреді), бір жыл үш айға жуық жазасын өтеді. Сондықтан он бес күн ішінде сот қаулысы күшіне енгеннен кейін бостандыққа шығуы тиіс, – дейді адвокат Аққұлов.
Аққұловтың сөзінше, амнистия айыпталушыдан кінәсін мойындауды талап етпейді. Бірақ рақымшылық сот кінәлі деп тапқан азаматтың ақталғанын да білдірмейді.
– Амнистия шарты бойынша, жеңіл және орташа санаттағы қылмыс жасаған адамдар рақымшылыққа ілінген кезде соттылығы жойылады. Ал Қайрат Сұлтанбектің жаза мерзімі ауыр санатты қылмысқа жатады. Сондықтан белсенді рақымшылыққа ілігіп, босап шыққанымен, оның соттылығы жойылмайды, – дейді адвокат.
Қайрат Сұлтанбектің әйелі Ардақ Сәтпаева күйеуі бостандыққа шыққанша алаңдап отырғанын айтты.
– Күйеуіммен сөйлесе алмадым. Олар босатамыз дегенімен, шығармай қоюы да мүмкін ғой. Он бес күннен кейін бостандыққа шығады деп үміттенеміз, – дейді белсендінің әйелі.
Әбдіраман Аққұлов айыптау тарабы сот үкіміне аппеляциялық шағым берген жағдайда ғана іс ұзарып кететінін, бірақ прокурордың өзі белсендіге рақымшылық жариялауды қолдағанын айтып, алаңдауға негіз жоғын жеткізді.
15 шілдеде Шымкенттегі әл-Фараби аудандық соты Қаңтар оқиғасына байланысты Қылмыстық кодекстің "Жаппай тәртіпсіздік" бабы бойынша айыпталған белсенділер 44 жастағы Жанмұрат Аштаевты 3 жыл бір айға, 51 жастағы Ләззат Досмамбетова мен 48 жастағы Қайрат Сұлтанбекті 3 жыл 6 айға түрме жазасына кескен еді.
Аштаев пен Сұлтанбек түрмеге жабылса, кәмелет жасына толмаған баласы бар Ләззат Досмамбетованың жазасын өтеу кейінге шегерілген.
Қазақстандық құқық қорғаушылар үш белсендіні "саяси тұтқын" деп таныған.
8 қыркүйекте Шымкент қалалық апелляциялық соты үкімді өзгеріссіз қалдырды. Белсенділердің кінәсі дәлелденбеді деп наразы болған туыстары сот залы мен оның сыртында судьяға наразылық білдірген.
Қайрат Сұлтанбектің жақындары белсендінің амнистияға ілігуі мүмкін екенін ескеріп, кассациялық шағым беруді кейінге қалдырған.
Адвокаттың сөзінше, белсенді 22 не 23 қараша күні қамаудан босатылуы мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Шымкентте соты басталған үш белсенді өздеріне тағылған "жаппай тәртіпсіздік" айыбын мойындамайдыДүрбелеңнен кейін телефоннан тыңдалған сөзін қылмысқа айғақ қылды. Ләззат Досмамбетоваға сот үкімінде не айтылды?"Оқ ішімді тесіп кірді". Қаңтар оқиғасында жараланған жігіт көмекке зәру