Oyan, Qazaqstan қозғалысы белсенділері Назарбаев көшесін "Қаңтар" деп өзгертуді талап етті

Oyan, Qazaqstan! қозғалысы белсенділері Назарбаев даңғылын Қаңтар оқиғасының құрметіне Қаңтар деп өзгерту жайлы талаппен акция өткізді. Алматы, 14 қараша 2022 жыл.

Бүгін, 14 қарашада Алматыда Oyan, Qazaqstan қозғалысы белсенділері елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атындағы даңғылды "Қаңтар" деп атау жөнінде акция өткізді. Биыл Қаңтар оқиғасында осы көше бойына көп адам оққа ұшқан еді.

Акция өткізген бес адам "Қаңтар" деген жазуы бар тақтайша мен Qantar2022.org сайтының QR кодын Назарбаев даңғылының бойына жапсырды.

Oyan, Qazaqstan қозғалысының белсендісі Әсем Жәпішева "халық қаны төгілген жерге "Қаңтар" атауы берілуге тиіс" деп санайды.

- Біріншіден, қанды Қаңтарға бір жыл болады. Аз уақыт емес. "Жиналғандарды ескертусіз атуға" бұйрық берген Тоқаевтың өзі де осы уақытта қайта сайланбақшы. Екіншіден, адамдарды азаптағандар, өлтіргендер әлі жазаланған жоқ, бостандықта жүр. Біз соған қарсымыз. Үшіншіден, бұл көшеге автократ Назарбаевтың есімі лайық емес. Алматының басты көшесінің бірі, қанды Қаңтар болған жер "Қаңтар" деп аталуға тиіс, - дейді белсенді Әсем Жәпішева.

"Қаңтар" деген жазуы бар тақтайша ілінген соң, шамамен 15 минут өте Алмалы аудандық учаскелік полицейі Бауыржан Дәулетов келді.

- Бұл акциядан хабарымыз жоқ. Тұрғындардан естіп, келіп тұрмын, - деді ол.

Oyan, Qazaqstan белсенділерінің акциясын Азаттық тілшісі бақылап тұрды. Көшеден ары-бері өтіп жатқан адамдардың арасында Қаңтар оқиғасын ұмыту керек дегендер де, ұмытпау керек дегендер де болды.

Белсенділер кеткен соң бір топ полиция "Қаңтар" деген жазуы бар тақтайшаны алып кетті.

Биыл Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстанда кем дегенде 238 адам қаза болған. Алматыдағы Назарбаев даңғылы бойында тұрған Қазақстан президенті резиденциясы Қаңтар оқиғасы кезінде өртенген. Қазіргі Назарбаев даңғылы бұрын Фурманов даңғылы деп аталған. Совет билігін орнату үшін күрескен большевик Дмитрий Фурмановтың атын алып тастау жөнінде әр жылдары түрлі бастама көтерілсе де даңғыл атауы өзгермей келген. Алматы орталығындағы негізгі көшенің бірі болғандықтан "Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзіне сақтап отыр" деген болжамдар жиі айтылатын.

2019 жылы 19 наурызда Назарбаев президенттіктен кеткенде өз орнына қалдырған Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ірі қалаларындағы негізгі көшелердің көпшілігінің атауын Нұрсұлтан Назарбаев деп өзгерту жөнінде жарлық шығарған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Президент астана атауын өзгертуге байланысты пікірін білдірді "Ол не үшін қазақ диктаторының есімімен аталуы тиіс?" Қазандағы Назарбаев көшесінің атын өзгерте ме? Тоқаев орден бергендер арасында Назарбаевтың серіктері мен құдалары жиі кезігедіҰлттық банк Назарбаевтың бейнесі бар 20 мың теңгелік банкнотты айналымға шығардыНазарбаев көптік етпей ме? Нұр-Сұлтанда экс-президентке тағы бір музей ашылды