HRW Еуроодақты Орталық Азиядағы проблемаларға көңіл бөлуге шақырды

ЕО сыртқы саясатының басшысы Жозеп Боррель

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Еуропа Одағын Орталық Азияда бейбіт наразылық акцияларын күшпен басу және аталған аймақ елдеріндегі шекара жанжалдары мәселелеріне көңіл бөлуге шақырды.

Ұйым мәлімдемесін ЕО дипломатиясының басшысы Жозеп Боррелдің Орталық Азия өлкелері – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанның сыртқы істер министрлерімен 17-18 қарашада Самарқандта жоспарланған кездесуі алдында жариялады.

Human Rights Watch ұйымы 15 қарашадағы мәлімдемесінде Еуроодаққа Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы бейбіт демонстранттарды қудалау мәселесін көтеруді ұсынған.

Биыл бұл өлкелерде ірі наразылық акциялары болған, бірақ күштік құрылымдар митингілерді күшпен басып, кемінде ондаған адам қайтыс болды.

Билік әдетте экстремистер мен қылмыстық топ мүшелері өлтірілгенін айтады, алайда марқұмдардың туыстары олардың экстремизм мен қылмысқа қатысы барын жоққа шығарады. Халықаралық ұйымдар оқиғаларды тәуелсіз зерттеуге шақырғанмен тәуелсіз зерттеу жүргізілмеген.

Human Rights Watch бұдан бөлек Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы қарулы қақтығысты да талқылауға шақырды. Қыркүйекте шекарада болған жанжалда Human Rights Watch мәліметінше, "Град" зымырандары, "Байрактар" дрондары пайдаланылған. Алайда Қырғызстан да, Тәжікстан да бейбіт азаматтар қаза болған оқиғаны тергемеген.

Тәжікстан мен Қырғызстан қарулы қақтығысқа бір-бірін кінәлайды. Екі көрші мемлекет арасындағы ортақ шекараның ұзындығы – шамамен мың шақырым, бір бөлігі әлі белгіленбеген. Жанжалдар негізінен жер, жол, су ресурстары мен жайылымдарға байланысты туындайды.

Орталық Азия елдері әзірге мәлімдемеге реакция білдірмеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Халықаралық ұйым Қарақалпақстан наразылығы жайлы зерттеуін шығарды