25 қарашада Астананың апелляциялық соты сайлау учаскесінен тәуелсіз бақылаушыны шығару шешімін дұрыс деп тапқан төменгі саты сотының ұйғарымын қолдады. №372 учаскелік сайлау комиссиясы сайлау күні "тәртіп бұзып, басқа бақылаушыларға кедергі келтірді" және учаскеде "тамақ ішті" деп акт толтырып, "Еркіндік қанаты" ұйымының бақылаушысы Талғат Қизаевты полициямен шығарып жіберген. Бақылаушы сот шешімімен келіспейді, комиссия "құқығымды бұзды", "сайлауды бақылауыма кедергі жасады" деп санайды.
Онлайн режимде өткен сотқа өзгелермен қоса, Астанадағы №372 учаскеге бақылаушы болып тіркеліп, кейін учаскеден полиция алып кеткен "Еркіндік қанаты" ұйымының өкілі Талғат Қизаев, учаскелік сайлау комиссиясының мүшесі, Сарыарқа аудандық әкімдігінің қызметкері Диана Биқадамова қатысты.
45 жастағы Талғат Қизаев биыл үшінші мәрте сайлауды бақыламақ болғанын, мақсаты - бір учаскеде болсын халықтың әділ таңдау жасауына мүмкіндік жасау екенін айтты. Оның айтуынша, комиссия мүшелері сайлау процесін әділ бақылайтын адамды әдейі шығарып жіберген.
Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өткен 20 қараша күні Астананың мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты №372 сайлау учаскесінің бақылаушыны шығарып жіберу шешімін заңсыз деп тану туралы "Еркіндік қанаты" ұйымының талап арызын қарап, комиссияны қолдап шешім шығарған. Сол шешімге қарасақ, сайлау күні дауыс беру басталған екі-үш сағат ішінде комиссия Қизаевқа қатысты үш акт толтырған. Сағат таңғы 7-де толтырылған актіде "тәртіп, бұзып, басқа бақылаушылрдың жұмыс істеуіне кедергі жасағаны", "кешігіп келгені" айтылады. Қазиевтің айтуынша, дауыс беру енді басталған уақытта бақылаушыға "кешігіп келді" деп айтып тағу ақылға қонбайды. Оның үстіне, заңда бақылаушы учаскеге баратын нақты уақыт көрсетілмеген.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ "Негізгі заңсыздық дауыс санау кезінде болды". Тәуелсіз бақылаушылар сайлауды қорытындыладыСағат 9-да екінші акт толтырған учаскелік комиссия Қизаев "залда тамақ ішіп, басқа бақылаушыларға кедергі жасады" десе, үшінші актімен оның тіркеуінің күшін жойып, учаскеден шығарып жіберген.
Апелляциялық сотқа қатысқан "Еркіндік қанаты" ұйымының құрылтайшысы Роман Реймердің сөзінше, сотта учаскелік сайлау комиссиясы актісінің негізсіз екенін көрсететін өтініштерінің бірде-бірі ескермеген.
- 2021 жылғы парламент сайлауы кезінде де сотқа арыз түсіргенбіз. Осы жолы да дүйсенбіде арыз жазып жатып ескі мәтінді тауып алдым. Салыстырып қарасам айтарлықтай өзгеріс жоқ екен. Тек 2021 жылы коронавирус пандемиясы бойынша шектеу болып, бізге салық органдары қысым көрсеткен еді. Биыл ковид болмаса да ақпарат министрлігі және әлдебір жеке бас мәліметтерін жариялады дегенді көлденең тартқан полиция қысым жасады. Ал жалпы алғанда бұрын қалай учаскеден шығарып жіберіп, қысым көрсетсе, биыл да солай. Іс жүзінде өзгерген ештеңе жоқ, - дейді Роман Реймер.
Қазақстанда 20 қарашада мерзімінен бұрын өткен президент сайлауын 300-ден астам шетелдік, 30 мыңнан астам әр түрлі партиялар мен ұйымдардан келген жергілікті бақылаушы қадағалаған. Бұл күндері " Еркіндік қанатының" 8 бақылаушысын учаскелерден шығарып жіберген. "Еркіндік қанаты" олардың бірін фото, видео түсірді деп шығарса, енді бірін сайлау өткен учаскеде ары-бері жүріп, "сайлау процесіне кедергі келтірді" деген желеумен шығарды дейді.
Сайлауда қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев 81 пайыз дауыспен жеңіске жеткен. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Демократиялық институтттар және адам құқықтары бюросының бақылаушылары сайлауды "бәсекесіз ахуалда өткен" науқан деп сынаған.