БАҚ: Француз соты Әблязовтың саяси баспанадан айыру шешіміне апелляциясын кері қайтарды

Мұхтар Әблязов

Франция соты қазақстандық оппозиционер Мұхтар Әблязовтың саяси баспадан айыру шешіміне апелляциясын кері қайтарды.

"ҚазТАГ" агенттігінің хабарлауынша, Францияның Босқындар істері жөніндегі ұлттық соты (CNDA) саяси баспанадан айыру туралы шешімге Әблязовтың апелляциясын қарап, 8 желтоқсанда оны кері қайтарған. Шешім мәтінінің өзі жарияланған жоқ. CNDA-ның сайтында тек сол күні қаралған істер тізімі бар.

Қазақстандық ақпарат құралдары Әблязовтың "босқын мәртебесінен біржола айырылғанын" және оның "Қазақстанға депортациялануы мүмкін екенін" жазды.

Әлеуметтік желідегі парақшаларында Мұхтар Әблязовтың өзі осындай сот шешімі болғанын, оған қарсылық білдіретінін айтты. Оның айтуынша, француз сотының бұл шешімі заңсыз, сондықтан оған шағым түсіруге мүмкіндік бар.

Әблязовтың айтуынша, француз сотының мұндай шешім шығаруына "Қазақстанның ұзақ әрі күшті қысымы" себеп болған.

Өткен айдың соңында Францияда шығатын Le Figaro басылымы Қазақстан мен Франция президенттерінің 30 қарашадағы Парижде өткен кездесуі кезінде Мұхтар Әблязов ісі де талқыланды деп жазған. Кейін Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко бұл ақпаратты жоққа шығарған. Бұл іс "құқық қорғау және сот органдарының құзырындағы мәселе, сондықтан ол саяси деңгейде талқыланбайды" деген еді Василенко.

2020 жылғы қыркүйекте Франция Әблязовқа саяси баспана берген. Мұның алдында Париж Ресейдің, Қазақстан мен Украинаның Әблязовты өзіне экстрадициялау туралы өтінішін қанағаттандырмаған. Ол кезде қуғындағы саясаткерді қайтару туралы өтініштің саяси астары болуы мүмкін деген күдік айтылған.

Алайда кейін бұл шешімнің де күші жойылғаны хабарланды.

Мұхтар Әблязов – қазақстандық оппозициялық саясаткер. Ол 1990 жылдардың соңында Қазақстан үкіметінде қызмет етті, энергетика, индустрия және сауда министрі болды. 2001 жылы "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының негізін қалаушылардың бірі болды. Бұл қозғалыс елде президент билігін шектеп, парламентке көбірек құзырет беруді талап еткен.

2002 жылы ол экономикалық қылмыс жасады деген күдікпен қамалып, кейін алты жылға бас бостандығынан айырылды. 2003 жылы саясатпен айналыспауға уәде беріп, рақымшылықпен босап шықты. Кейін "БТА банкті" басқарған ол 2009 жылы қайта қудалауға ұшырады, ал "БТА банк" мемлекетке қайтарылды.

Алғашында Әблязов Лондонға қашып, Ұлыбританиядан саяси баспана алған. 2012 жылғы ақпанда Лондонның жоғарғы сот оны сыртынан "сотты құрметтемегені үшін" 22 айға түрме жазасына кесті. Бірақ Әблязовтың қайда екені белгісіз болып келді. 2013 жылы шілдеде оны Франция полициясы қамауға алды. Бірнеше жыл француз түрмесінде отырған Әблязовты 2016 жылы желтоқсанда Францияның мемлекеттік кеңесі бостандыққа шығарып, оны экстрадициялау туралы шешімнің күшін жойды.

Қазақстан соты оны 2017 және 2018 жылдары 20 жылға және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасына сырттай кескен. Қазақстан билігінің айтуынша, ол өзі басқарған банктен миллиардтаған доллар ақша жымқырған. Бұған қоса Қазақстан соты 2004 жылы банкир Ержан Тәтішевті өлтірді деген ұйғарымға келген. Әблязов бұл айыптың бәрін жоққа шығарады және Қазақстандағы "авторитар режимнің" басшылары – Нұрсұлтан Назарбаев пен Қасым-Жомарт Тоқаевқа қарсы шығып, олардың саясатын сынағаны үшін қудалауға ұшырадым дейді.

Соңғы жылдары Францияда тұрып жатқан Мұхтар Әблязов әлеуметтік желі арқылы саяси мәлімдемелер жасап, Қазақстандағы билікті бейбіт жолмен өзгертуге, елде демократиялық реформа жүргізуге шақырып келеді.

Ол басқарған "Қазақстан демократиялық таңдауы" (ҚДТ) ұйымы және оған жақтас саяси ұстанымдағы "Көше партиясы" қозғалысы Қазақстан сотының шешімімен "экстремистік ұйым" деп танылған. Сондықтан бұл ұйымдарға қатысы бар белсенділер көп қудаланып, жиі жазаға тартылады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

ҰҚК ұстаған топ немесе "Әблязовқа көңілі ауғандар" және сайлау қарсаңындағы қудалау"Қанды қаңтардан" кейінгі сайлау. Алты кандидат бар, бәсеке жоқ шара