Accessibility links

"Қанды қаңтардан" кейінгі сайлау. Алты кандидат бар, бәсеке жоқ шара


Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан 254-сайлау учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 22 қараша 2022 жыл.
Ұлттық кітапхана ғимаратында орналасқан 254-сайлау учаскесінде дауыс беріп тұрған адам. Алматы, 22 қараша 2022 жыл.

Қазақстан осымен жетінші рет президентті кезектен тыс сайлау өткізіп таңдап жатыр. Қазір билікте отырған, осымен екінші мәрте сайлауға түсіп жатқан Қасым-Жомарт Тоқаев енді жеті жылға сайланғысы келеді. Қазақстандықтар Қаңтар қантөгісінен соң он айдан астам уақыт өткенде президент сайламақ.

Тәуелсіз сарапшылар мен халықаралық талдаушылар бұл жолы сайлау бюллетеніне енгізілген алты адамның біреуінен басқасын қазір билікте отырған президентке "формалды бәсекелес" деп есептейді.

Парламенттегі билікті қолдайтын үш партия мен жұртшылыққа онша танымал емес ондаған қоғамдық ұйымды біріктіретін "Халық коалициясының" кандидаты, қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев, кәсіби әлеуметтік жұмысшылардың ұлттық альянсы кандидаты Қарақат Әбден, өзін "оппозициямыз" деп атайтын Жалпыұлттық социал-демократиялық партиядан Нұрлан Әуесбаев, "Ауыл" партиясы кандидаты Жигули Дайрабаев, "Аманат" кәсіподақтар қауымдастығы ұсынған Мейрам Қажыкен және "Қазақ аналары – дәстүрге жол" қоғамдық ұйымының кандидаты Салтанат Тұрсынбекова сайлауға түсіп жатыр.

Биылғы бір жаңалық – сайлау бюллетенінде "Бәріне қарсымын" деген жаңа графа бар, ол 17 жылдан кейін, 2021 жылы сайлау заңына өзгерістер енгізілген соң дауыс беретін парақта қайтадан пайда болды.

Ақорда бұл графаның сайлау бюллетеніне енгізілуін азаматтардың балама ұстанымын білдіру құқын кеңейту деп көрсеткенімен, бақылаушылар оның сайлауға еш әсері жоқ деп есептейді. Себебі тіпті дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың жартысынан көбі "Бәріне қарсымын" деп белгі соққан күннің өзінде сайлау жеңімпазын анықтау барысында ол есепке алынбайды. Тәуелсіз бақылаушылар сайлау заңына енгізілген өзгерістерді "реформа имитациясы" деп атайды.

Орталық сайлау комиссиясы 20 қарашада елде 10 мыңнан астам сайлау учаскесі жұмыс істейді деп хабарлаған. Алматы, Астана мен Шымкенттегі 86 сайлау учаскесінде дауыс беру таңертеңгі сағат алтыда, өзгелерінде 7-де, ал елдің орталық, шығыс және оңтүстік аймақтарынан уақыт айырмашылығы бар батыс өңірінде дауыс беру Астана уақытымен таңертеңгі 8-де басталды. Дауыс беру жергілікті уақытпен сағат 20-ға дейін жалғасады. 68 сайлау учаскесі 53 шет мемлекет аумағындағы жерлерде орналасқан.

Қазақстанда 12 миллионға жуық азамат сайлау құқына ие.

КАНДИДАТТАР ДАУЫС БЕРДІ

Президенттікке кандидаттардың барлығы Астана қаласында дауыс берді.

Жигули Дайрабаев 396-сайлау учаскесіне алғашқылардың бірі болып дауыс беруге немересін ерте келді.

ЖСДП кандидаты Нұрлан Әуесбаев қаладағы 198-сайлау учаскесінде дауыс берді.

Қарақат Әбден астанадағы 135-сайлау учаскесінде дауыс берді.

Қазіргі президент әрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев жексенбі күні таңертең Оқушылар сарайында орналасқан 59-сайлау учаскесінде дауыс берді.

Оқушылар сарайы маңайында жексенбі күні ертемен күзет пен қауіпсіздік шаралары күшейтілді, іш жаққа алдын ала іріктелген журналистерді ғана кіргізді.

Азаттық редакциясы Тоқаевтың дауыс берген сәтінен хабар әзірлеу үшін тілшілерін осы шараны түсіретін БАҚ өкілдері тізіміне қосуды сұрап, президенттің баспасөз қызметіне алдын ала жазбаша өтініш жолдаған еді. Бірақ Ақорданың баспасөз қызметі Тоқаев дауыс берген сайлау учаскесіне Азаттық тілшілерін бұл жолы да кіргізбеді.

Қазақстан президенті әрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауға дауыс беріп жатыр. Астана, 20 қараша 2022 жыл.
Қазақстан президенті әрі президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс президент сайлауға дауыс беріп жатыр. Астана, 20 қараша 2022 жыл.

Дауыс бергеннен кейін Тоқаев БАҚ өкілдерінің бірнеше сұрағына жауап берді. Сайлаудан кейін қандай "саяси өзгеріс" болатыны туралы сұраққа берген жауабы сайлау қорытындысы ендігі шығып қойғандай естілді.

"Үкімет жұмысын істей береді, бірақ үкімет пен өзге ведомстволар құрамында, әрине, ішінара өзгерістер болады" деп мәлімдеді Тоқаев.

Бұған қоса ол ел парламентін сайлайтын мерзімді кейінірек жариялайтынын айтты. Қазақстанда келер жылы парламент те кезектен тыс сайланады деген сөздің айтылып жүргеніне біраз болған.

"Жылдың аяғына қарай бұл туралы арнайы мәлімдеме жасаймын" деді Тоқаев.

САЙЛАУҒА ДЕЙІН НЕ БОЛДЫ?

Осы жолғы сайлау қарсаңында елде ондаған азаматтық белсенді ұсталды. Олардың басым бөлігін бұған дейін, осыдан бірнеше апта, тіпті бірер ай бұрын биліктің келісімінсіз наразылық акцияларын өткізгені үшін жауапқа тартып, әкімшілік қамауға алды.

17 қарашада Ұлттық қауіпсіздік комитеті "сайлау күні жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған" деген күдікпен жеті адам ұсталғанын мәлімдеді. ҰҚК оларды шетелде тұратын оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовқа "көңілі ауған" деп сипаттады. Комитет ұсталған адамдардың "қаруланып, мемлекеттік органдарға шабуыл жасамақ болғаны" туралы видео таратты. Ұсталған адамдардың туыстары бұл айыптауды жоққа шығарды. Он жылдан астам уақыттан бері шетелде тұрып жатқан Әблязов ҰҚК видеосын "нашар қойылым" деп атап, билік сайлау күні бейбіт қарсылық акциясын өткізуді көздеген оппозициялық белсенділерді қаралауға талпынып жатыр деп мәлімдеді.

Қазақстанда кезектен тыс президент сайлау қарсаңында тәуелсіз байқаушылар да қысым көріп жатқанын хабарлаған. Олардың бірлестіктері ақпараттық шабуылға ұшыраған, байқаушыларды дайындайтын тренинг өткізер кезде ғимарат таппай қиналған. Байқаушылар мұны өз жұмысына кедергі келтіріп, қысым жасау деп бағалайды.

Кезектен тыс президент сайлау күні Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында сайлауға қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.
Кезектен тыс президент сайлау күні Республика алаңындағы Тәуелсіздік монументі алдында сайлауға қарсылық білдіріп тұрған белсенділер. Алматы, 20 қараша 2022 жыл.

ҚАНДЫ ҚАҢТАРДАН КЕЙІН

Биылғы сайлау кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасынан кейін он айдан соң өтіп жатыр. Жыл басында елдің батысында сұйылтылған газдың күрт қымбаттауына байланысты наразылық тұтанып, ізінше өзге аймақтарға жайылған. Демонстранттар әлеуметтік-экономикалық проблемалармен шектелмей, саяси талаптар да айта бастаған. Олардың ашу-ызасы елді совет өкіметі кезінен бастап отыз жылға жуық басқарған бірінші президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қалдырған саяси мұрасы – жемқорлық, непотизм, әлеуметтік теңсіздікке қарсы бағытталды. 2019 жылғы 19 наурызда президенттік қызметтен бас тартып, орнына көп жылғы серігі, сол кезде парламент сенатының төрағасы болған Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған Назарбаев, сарапшылардың пікірінше, одан кейін де мемлекеттік басқару аппаратына ықпалы зор Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы әрі билік партиясының басшысы ретінде елді басқаруға араласып келген.

Қаңтардың басында бейбіт түрде басталған наразылық акциялары бірнеше қалада тәртіпсіздікке ұласты: әкімшілік ғимараттарға шабуыл жасалып, өртеніп, бүлінді, тонауға түсті.

Дүрбелең болып жатқан кезде Тоқаев елге мыңдаған "террорист" шабуылдағанын айтып, "ескертусіз атып тастауға" бұйрық бергенін мәлімдеді. Күш құрылымдары қару қолданып, салдарынан наразылыққа қатысы жоқ, арасында кәмелетке толмаған балалар да бар ондаған бейбіт тұрғын қаза тапты.

Қаңтар оқиғасы кезінде Тоқаев Қауіпсіздік кеңесі басшылығын өз қолына алып, Ресейдің ықпалы басым Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымынан көмек сұрағаннан кейін Қазақстанға "стратегиялық нысандарды күзетуге" екі мыңға жуық шетел әскері енгізілді. Екі аптадан кейін билік ҰҚШҰ контингенті елден шығып кетті деп хабарлады. Қазақстанға шетел әскерінің кіруін сарапшылар Мәскеудің қаңтардағы қантөгістен кейін, оның артында елде "төңкеріс жасамақ болған" әлдебір күштер тұр деп мәлімдеген және билігін нығайтуға ұмтылған Тоқаевты қолдайтынын білдірген емеуріні деп санайды. Тоқаев өзін биліктен құлатуды көздейтін әлдебір күштер жайлы бұдан кейін де бірнеше рет мәлімдеген, бірақ ешкімнің аты-жөнін атамаған.

Елде наразылық күшейген тұста Тоқаев Назарбаевтың көп жылғы сенімді серігі, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Кәрім Мәсімовті қызметтен алды. Онымен қоса ҰҚК басшысының орынбасарлары да отставкаға жіберілді. Іле-шала Мәсімов пен оның қарамағындағылар тұтқындалып, оларға "билікті заңсыз басып алмақ болған", "қызмет лауазымын теріс пайдаланған" деген айыптар тағылды. Билік құпия деп жариялаған тергеу ісінің материалдары бойынша осы аптада Астана қаласында жабық сот процесі басталған.

Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін де билік мыңдаған адамды ұстады, жүздеген адам қамауда болған кезде азапталғанын мәлімдеді. Ресми мәлімет бойынша, кемінде алты адам азаптаудан мерт болған. Билік ұсталған, қамалған адамдарды азаптау оқиғалары болғанын мойындады, бірақ азапталған адамдардың арыз-шағымы бойынша ашылған істердің көбі кейін "айғақ-дәлелі жоқ" немесе "азаптаған адамдарды анықтау мүмкін емес" деген сылтаумен жабылып қалды.

РЕФОРМА ТУРАЛЫ УӘДЕ

Тәуелсіз Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған ең ірі қантөгіске әкелген Қаңтар оқиғасын кей сарапшылар Тоқаевтың адамдары мен Назарбаевтың төңірегіндегілердің арасындағы қырқыс-тартыстың салдары, Тоқаев есе бермей, билікті өз қолына шоғырландыра алды деп есептейді. Маусым айында Тоқаевтың бастамасы бойынша елде референдум өткізіліп, Конституцияға өзгертулер енгізілді. Негізгі заңнан Назарбаев туралы баптар алынып тасталды.

Қыркүйекте мемлекет астанасының үш жыл бұрын Тоқаевтың ұсынысымен өзгертілген бұрынғы атауы қайтарылып, Нұр-Сұлтан қаласы қайтадан Астана деп аталатын болды. Сол айда Тоқаев биыл күзде кезектен тыс сайлау өткізіп, президент таңдау қажет деген шешім қабылдағанын жариялады. Сарапшылар мұны Тоқаевтың Назарбаевтан іргесін аулақтап, оның қолдауынсыз мандат алуға талпынысы деп бағалайды.

Қазақстанның бірінші президенті жыл басынан бері көпшілік алдына сирек шығатын болған. Оның туыстары бұрынғы лауазымды қызметінен кетті, кейбірі бизнес-активтерінен айырылды, енді біреулері қаржы жымқыру және рейдерлік қылмыстарына күдікті ретінде қамауға алынды.

Қаңтар оқиғасынан кейін президент Тоқаевтың аузынан өзіне дейінгі басшының аты-жөнін тура атамаса да, оқта-текте жанама түрде сын естіліп қалып жүр. Онда елдегі байлық элитаға етене жақын адамдың қолына шоғырланғанын, табиғи ресурстарды сатудан түскен табысқа ат төбеліндей азғантай топ қана ие болғанын мәлімдеген. Сонымен бірге ол Назарбаевтың "тарихи рөлін" ескеру керегін бірнеше рет айтып, оның мемлекет құрылысына қосқан үлесіне құрметпен қарауға үндеген.

Назарбаев президенттікке кандидаттар арасында өзі жоқ сайлауға дауыс беруге осымен екінші рет қатысты. Бұған дейін өзі президенттіктен кеткеннен кейін 2019 жылғы 9 маусымда кезектен тыс өткен сайлауда алғаш рет қатардағы сайлаушы ретінде дауыс берген.

Дауыс беруге келген Назарбаев Кәрім Мәсімов пен Қайрат Сатыбалды ісі жөнінде айтты
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:29 0:00

Сол сайлауда жеңіске жеткен Тоқаев халықтың мұң-мұқтажын "еститін мемлекет" құруға бағыт-бағдар ұстанатынын жариялап, елде саяси реформалар жүргізіп, президент билігінің ауқымын азайтуға уәде еткен.

Оның бастамасы бойынша сайлау және саяси партиялар туралы заңдарға өзгертулер енгізу бойынша заң жобалары жасалды, Ақорда осыны демократияландыруға бастайтын қадам деп көрсетуге тырысса, сыншылар Назарбаев салып кеткен авторитар билік жүйесі мұртын балта шаппай сол қалпында қалғанын айтып, сырты ғана жылтыр шара деп есептейді.

Конституцияға ондаған түзету енгізілген биыл жаздағы референдумнен кейін арада аз уақыт өткенде Негізгі заң тағы да өзгеріске ұшырады. Бұл жолы парламент президенттің қызмет өкілетін жеті жылдық жалғыз мерзіммен шектеуді мақұлдады. Бұл "билікті иемденіп алмау үшін" қажет деп түсіндірілді. Ал Тоқаевтың осыған дейін президент болып бір рет сайланғаны қайда қалады деген сауалға билік тармақтарының ешбірі – парламент те, президент пен үкімет те, Негізгі заң баптарын тәпсірлейтін Конституциялық кеңес те толымды түсінік берген жоқ.

2019 жылы бес жыл мерзімге сайланған Тоқаевтың президенттік өкілет мерзімі 2024 жылы аяқталуы тиіс еді. Сарапшылар Ақорданың оны күтпестен, кезектен тыс сайлау өткізуді ұйғарғанын жылдам қарқын алып бара жатқан экономикалық проблемалармен және күрделі геосаяси ахуалмен байланыстырады. Елде инфляция деңгейі жоғары (жыл басынан бері азық-түлік бағасы 20 пайыздан астам өскен), кедейлер көбейіп барады. Экономикадағы қиындықтарды Астананың одақтасы саналатын Мәскеудің Украинаға қарсы ашқан соғысы да ушықтыра түсті. Қазақстан билігі Украина жерінің тұтастығын қолдайтынын, Донбасстағы сепаратистер бірлестіктерін мойындамайтынын ашық мәлімдегенімен, Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптаған емес.

Қазақстан халқы бұған дейін алты рет – 1991, 1999, 2005, 2011, 2015 және 2019 жылдары төте дауыс беру жолымен президент сайлаған. Ең алғашқысынан басқалары заңда көрсетілген мерзімінен ерте өткізілген.

Алғашқы бес сайлаудың ресми қорытындысы бойынша, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаушылардың басым көпшілігінің қолдауына ие болды деп жарияланған. Елді отыз жылға жуық билеген Назарбаев 2019 жылы көктемде президенттік өкілетін доғарып, орнына сол кездегі парламент сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевты қалдырған. 2019 жылы маусымда тағы да кезектен тыс өткізілген сайлаудың ресми қорытындысы бойынша Тоқаев бес жыл мерзімге президент болып сайланған еді.

Батыс бақылаушылары Қазақстанда бұған дейін өткен сайлаулардың ешбірін халықаралық стандарттарға сай келетін әділ сайлау, адал саяси бәсеке деп таныған емес.

Биылғы сайлауды қазақстандық сарапшылар мен халықаралық талдаушылар нәтижесі қалай болатыны алдын ала белгілі, шынайы саяси бәсекеден жұрдай, ескі сүрлеумен өткізіліп жатқан шара деп есептейді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG