Алматыда полиция белсенді Бейбарыс Толымбековті үйінен ұстап әкетті

Белсенді Бейбарыс Толымбеков.

16 желтоқсанда таңертең Алматыда полицияның Oyan, Qazaqstan белсендісі Бейбарыс Толымбековті үйінен әкеткені туралы хабар тарады. Ақпаратты бірінші болып Қазақстан жастар ақпараттық қызметі хабарлады.

Алматыда белсенді Бейбарыс Толымбековті полиция Алмалы аудандық басқармасына алып бара жатыр, деп жазды Қазақстан жастар ақпараттық қызметі. Белсенді ұйым өкілдеріне хабарласып, ескертіп үлгерген. “Оларға мені ұстау туралы тапсырма берілген екен” деді Толымбеков.

Oyan, Qazaqstan қозғалысы Телеграм-арнасында белсендінің ұсталғанын растады.

Полицияның белсендіні не үшін ұстағаны белгісіз.

Белсенді әзірге телефонын алмайды. Ал Алмалы ауданының полиция басқармасында кезекші бөлімде отырғандар "байланыс сапасы нашар" деп Азаттық тілшісінің сұрақтарына жауап бермеді.

Бейбарыс Толымбеков – 2019 жылы Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы алдында әділ сайлауды талап етіп, әкімшілік жазаға тартылған, кейін әскерге шақыртылған белсенді. Толымбеков 2020 жылы әскери міндетін орындап, үйіне оралған.

Жыл сайын 16 желтоқсанда Қазақстанның түрлі өңірінде құрбандарды еске алу шаралары өтіп, белсенділер мен тұрғындар билікке сын айтып, Желтоқсан, Жаңаөзен ақиқатын ашуды талап етіп келеді. Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасының бір жылдығы да таяп келеді. Сарапшылар осы үш қантөгістің шындығы әлі ашылмады деп санайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ 16 желтоқсан қарсаңында Ақтөбе облысында белсенді 8 тәулікке қамалды