Қобдалық белсенді Әлібек Қарағұлов «ұсақ бұзақылық жасағаны үшін» 8 тәулікке әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Азаттыққа Қарағұловтың өзі сәрсенбі күні телефонмен хабарлады.
Әлібек Қарағұловтың сөзінше, ол 14 желтоқсан күні сағат ондар шамасында тұрғылықты мекені Қобда ауылында ұсталған. Сәрсенбі күні полиция бөлімшесінде онлайн сот болып, Қарағұлов кешкі сегіздер шамасында облыс орталығы Ақтөбеге жеткізілген.
- 14 желтоқсан күні полиция «бұрылыс шамын жақпадың» деп жеке көлігімді тоқтатты. Одан «жеке куәлігің жоқ» деп килікті. Бөлімшеге барған кезде бұрылыс шамын (поворотник) жаққанымды айтып сөз таластырғанмын. Ашумен аузымнан боқтық сөз шығып кеткен болар. Сол үшін 8 тәулікке қамамақ. Мен мұны саяси белсенділігіммен байланыстырамын. Биліктің мақсаты - 16 желтоқсан қарсаңында белсенділердің үнін шығармау, - дейді Әлібек Қарағұлов.
Ақтөбе полициясы Әлібек Қарағұловтың ұсталуын оның саяси белсенділігімен байланыстырмайды. Полицияның хабарлауынша, 12-15 желтоқсан аралығында Ақтөбе облысы аумағында «Құқықтық тәртіп» жедел алдын-алу іс-шарасы өтіп жатыр. «Жол қозғалысы ережесін бұзған» Қарағұловтың көлігі осы іс-шара аясында тоқтатылған.
- Қобда аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері сәрсенбі күні Қарағұловтың үстінен екі хаттама толтырды. Оның бірі көлігінің алдыңғы әйнегі жарылғаны, екіншісі жеке куәлігі болмағаны үшін толтырылған. Одан бөлек Қарағұлов бөлімшеде ішкі істер қызметкерлерін балағаттаған, - деп хабарлады Ақтөбе полициясы.
Ақтөбе облыстық сотының мәліметінше, Әлібек Қарағұлов қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін ҚР Әкімшілік кодексіндегі 434-баптың 2-бөлімімен ("Ұсақ бұзақылық") айыпталған.
- Қарағұлов қараша айында да осы баппен әкімшілік жауапқа тартылған. Ол сот алдында өзіне тағылған айыпты мойындады. Бұл бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет болғандықтан Қобда соты Қарақұловты 8 тәулікке қамау туралы шешім қабылдаған - деп хабарлады Ақтөбе облыстық соты.
Ақтөбе облысы Қобда ауылының тұрғыны Әлібек Қарағұлов осыдан үш апта бұрын яғни, 21 қарашада "ұсақ бұзақылық жасады" деген айыппен бес күнге қамалған болатын. Ол кезде белсенді кезектен тыс президент сайлауын заңсыз деп санайтындықтан облыс орталығына барып, акция өткізбек болған.
51 жастағы Әлібек Қарағұлов тұрғылықты жері Қобда ауылында өтетін наразылық акцияларына үнемі қатысып, билікті жиі сынайды. Жұмыссыз, үш баласы бар. Биыл жыл басындағы Қаңтар оқиғасы кезінде де Қарағұлов әкімшілік жауапқа тартылып, айыппұл төлеген.
16 желтоқсан – Қазақстанның жаңа тарихында екі оқиғамен байланысты. Осыдан 36 жыл бұрын дәл осы күні Кремльдегі биліктің Геннадий Колбинді советтік Қазақстанға басшы етіп тағайындағаннан кейін қазақ жастары Алматының орталық алаңына жиналып, наразылық танытқан. Совет билігі жастардың бейбіт митингісін күш қолданып, басып-жаншыған. Митингіден кейін жүзге жауапқа тартып, соттаған, жұмыстан шығарған.
2011 жылы 16 желтоқсанда Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында еңбек жағдайын жақсартуды талап еткен мұнайшылардың бірнеше айға жалғасқан бейбіт наразылық акциясын полиция оқ атып таратқан. Ресми мәлімет бойынша, "Жаңаөзен оқиғасы" кезінде 17 адам көз жұмған.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасының бір жылдығы да таяп келеді.
Сарапшылар осы үш қантөгістің шындығы әлі ашылмады деп санайды. Жыл сайын 16 желтоқсанда Қазақстанның түрлі өңірінде құрбандарды еске алу шаралары өтіп, белсенділер мен тұрғындар билікке сын айтып, қантөгіс ақиқатын ашуды талап етеді.
ПІКІРЛЕР