1986 жылы совет билігінің өктемдігіне қарсы көтерілген Желтоқсан оқиғасына қатысып, қудаланған, босап келгеннен кейін "Желтоқсан" ұйымын құрған Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбенов 1990 жылы Азаттық радиосына сұхбат берген.
Сұхбаттың түпнұсқасы Астанадағы ұлттық академиялық кітапхананың сирек қорындағы Хасен Оралтайдың жеке қорында сақталған. Бұған дейін осы сұхбатта айтылған "Желтоқсан" ұйымының қалай құрылғаны, ұйымның алғаш рет Желтоқсан оқиғасын еске алу шарасын қалай өткізгеніне тоқталғанбыз.
1990 жылы сұхбатты Азаттықтың Қазақстандағы алғашқы тілшісі Қиял Сабдалин алған.
НАЗАРБАЕВПЕН КЕЗДЕСУДЕГІ ӘУЕЗОВТІҢ ЖАУАБЫ
Аталған сұхбаттың бұл бөлігінде Азаттық тілшісі Желтоқсан оқиғасына байланысты мынадай сұрақ қойған:
"Құрбан болғандар туралы әңгіме тоқтайтын емес қой. Болмаса, жазалаушы болғандар Жоғарғы советке депутаттыққа өтіп жатыр. Осыған халықтың наразы екені байқалады. Осы туралы сіздер не айтар едіңіздер?"
Сұраққа бірінші болып Желтоқсан оқиғасы туралы "Аллажар" фильмін түсірген, ол фильмі толық жарыққа шыққанша қысым көрген кинорежиссер Қалдыбай Әбенов жауап берген. Ол Аманжол Нәлібаевты меңзеп, былай деген:
"Құрбанның бірі алдыңызда отыр. Бұл кісінің көрмегені жоқ. О дүниеден қайтып келді деуге болады. Желтоқсан оқиғасы кезінде осы Аманжол ағамыз сияқты қазақтың бес мың ұл-қызы таяқ жеді. Соның бәрі құрбан емей немене? Соның бәрі жазықсыз жазаланды. Соның бәрі азап көрді".
Осы тұста Қиял Сабдалиннің жазалаушылардың Жоғары советке депутат болғанын тұспалдауына байланысты мынаны айтуға болады.
Он екінші сайланған Қазақ ССР Жоғарғы советі 1990 жылғы 24 сәуірде өз жұмысын бастады. Қазақ ССР-інде алғаш рет президент лауазымы да дәл сол күні енгізілді. Жоғары совет бұл қызметке сол кезде республика компартиясын басқарған Нұрсұлтан Назарбаевты сайлады. Ал Азаттыққа берген сұхбатында Аманжол Нәлібаев билікке қамауда жатқан желтоқсандықтарды босату, ақтау және жазасын жеңілдету туралы талап қойып отырғанын айтқан. Бұл талапты олар 1990 жылғы 10 қаңтарда сол кездегі республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми ұйымдар өкілдерімен кездесуінде де қойған.
"2 қаңтар күні біз өз үндеуімізді Қазақстан компартиясы орталық комитетіне апарып табыстадық. Орталық комитеттің үлкен қызыл есігінен кіріп, одан ары бармай, Жәнібековті [Қазақ ССР Орталық комитетінің идеология хатшысы – Азаттық] шақыртып алдық. Ол төмен түскенше 3 сағат күттік. Олар кабинетіне шақырғанда, біз одан ары бармай, "біз шай ішуге келген жоқпыз" деп үндеуімізді тапсырдық. Сол үндеудің аяғы 10 қаңтардағы Нұрсұлтан Назарбаевпен [ол кезде әлі Қазақстан компартиясының бірінші хатшысы – Азаттық] кездесуге жалғасты. Ол өзінің жұмыс бөлмесінде бейресми топтардан 10-15 адаммен кездесу өткізді", – деген Аманжол Нәлібаев.
Ол сол кездесуде Желтоқсан оқиғасы кезінде құрбан болғандар жоқ деген биліктің уәжіне қарсы Мұрат Әуезовтің тұжырып жауап бергенін айтты.
Мұрат Әуезов ол кезде "Невада-Семей" халықаралық антиядролық қозғалысының вице-президенті болатын.
"Есімде, Мұрат Әуезов орнынан тұрып, құрбандықтар туралы сөзге былай деп жауап берген: "Сіздер немене, құрбандық іздейсіздер. Желтоқсан туралы түскен әрбір арыздың артында адамның қайғысы, көз жасы, көрген жәбірі бар. Сол неге тиісті жеріне жетпейді? Сіздер неге "адам өлген жоқ" деп жауап бересіздер?" деген. Осы сөз өте бір саналы жауап болды", – деген Аманжол Нәлібаев.
Осы кездесу туралы "Желтоқсан" ұйымы жетекшілерінің бірі Хасен Қожахмет 2010 жылы Азаттық радиосы өткізген дөңгелек үстел басында да айтып өткен. "10 қаңтарда Назарбаев бізді қабылдады. Халықтың біз жақта екенін көрді. Одан кейін үкімет бізбен жақсы араласа бастады. "Одақ тарады, компартияның беделі түсіп жатыр. Халық қолдап, бұлар билікке келіп қала ма?" деп сескенді ме – бастапқы кезде, 1990-91 жылдары бізбен сөйлесіп, шүйіркелесетін. Бірақ артынан күш алып кеткеннен кейін қайта тоталитарлық қалпына келді ғой", – деген еді Хасен Қожахмет Назарбаев туралы.
"ӨЗ КӨЗІММЕН КӨРДІМ..."
Ал Азаттық радиосы тілшісінің Желтоқсан оқиғасы кезіндегі адам шығыны жайлы сұрағына сұхбатының жалғасында Аманжол Нәлібаев былай деп мысалмен жауап берген. Оның айтқандары расталғаны немесе жоққа шығарылғаны жайлы ақпарат жоқ.
"Мен өзім 18 желтоқсан күні Сәтбаев көшесінің бойында Бейбітшілік [Қазіргі Желтоқсан – Азаттық] пен Дзержинский [қазіргі Наурызбай батыр – Азаттық] көшелерінің ортасында екі адамның бір баланы басын шойынмен ұрып, миын ақтарып өлтіріп, Орталық комитет үйіне қарай әкеткенін өз көзіммен көрдім. Әлгі адамдар азаматтық киімде болды. Мүмкін олар "халық жасағы" шығар, әлде әскери адамдар шығар – мен о жағын білмедім. Осыны мен қазір айтуын айтам, бірақ сүйек, дәлел жоқ", – деген Аманжол Нәлібаев.
Ол "Желтоқсан" қоғамдық комитетінде өзінің дерек жинауға жауапты екенінен хабардар еткен. Сонда осыған ұқсас деректер жиі ұшырасады. Айтуынша, "Желтоқсан" ұйымына түскен деректердің бірінде бір адам өлген қызды қолына ұстап, 10 минуттай жүргенде милиция ұстап, кейін "бұзақылық" бабымен сотталып кеткен деп жазылған. Алайда "өлген қыз" туралы ол ақпаратты растайтын я жоққа шығаратын басқа ақпарат жоқ.
Желтоқсан оқиғасында адам өлімін барынша азайтып көрсету, жоқ дегізу – сол кездегі советтік биліктің басты мақсаты болған дейді желтоқсандықтар.
Аманжол Нәлібаев баяндаған мұндай жағдайды анықтаудың қиын болғанын сол кезде Жазушылар одағы жанынан Желтоқсан оқиғасын зерттеу үшін құрылған қоғамдық праволық комиссия төрағасының орынбасары болған Тұрсын Жұртбаев та 2016 жылы жергілікті сайттардың біріне берген сұхбатында айтқан. Бірінші кезекте осындай оқиғаға ұшыраған, шығын болған немесе зардап шеккен жанның туыстарымен билік, қауіпсіздік мекемесі сол кезде көп жұмыс жасаған сияқты.
"Бір қынжыларлығы, жалған дақпырттың көптігі мен оқиғаға қатысушылардың және қиянат көргендердің ата-аналарының жалтақтығы талай істі тығырыққа тіреді. Баласының не жолдастарының нақты аты-жөнін айтудан бас тартқандар да жиі кездесті", – деген Жұртбаев.
"ЕҢ БОЛМАСА КӨЗІМДІ БАЙЛАП ЗОРЛАСАҢДАРШЫ..."
Тұрсын Жұртбаевтың айтуынша, Желтоқсан оқиғасында зардап шеккендер ісінің құпиялығын сақтау үшін екі-үш адамнан шағын топ құрылған. Зардап шеккендер арасында зорлыққа ұшыраған адамдар да болған. "Әр топ өзге топтың не істеп жатқанынан хабарсыз болатын. Өйткені, бұл өзі өте шамшыл және намысты мәселені қамтитын. Сондықтан да зорланған қыздардың абыройын сақтап, олардың келешегін ойлап жария етпеудің амалын ойластырдық. Әрі оларды куәлік беруден сескендіретін, имендіретін. Сол топтың бірін Сафуан ағамыз [жазушы Сафуан Шаймерденов – Азаттық] басқарды. Смағұл Елубаев пен Коммунар Табеев, Қажытай Ілиясов белсенді кірісті. Кейде түңіліп те жүрді", – деді праволық комиссия төрағасының орынбасары болған Тұрсын Жұртбаев.
Адам зорлау оқиғасының нақты деректері туралы Аманжол Нәлібаев 1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында біршама тоқталған.
"Біз білетін зорланған төрт қызымыз бар. Екеуі тұрмысқа шыққан, отбасы бар. Оның бетін ашып берсек, ертең отбасы не болады? Болашағы не болады? Екеуі әлі тұрмыс құрмаған. Олардың күні не болады?" – деген Аманжол Нәлібаев зорлық көрген адамдардың аты-жөнін атамай, олардың басынан өткен жайттарды қоғамдық комитетке түскен деректерге сүйеніп баяндаған.
Оның сөзінше, билік күштері адамдарды қаланың сыртына шығарып, ұрып-соғып, киімдерін шешіп тастап кеткен. Сонда да адамдар қашып кетуге тырысқан. Ал қимылдауға шамасы келмеген адамның бірінің мүшкіл жағдайын пайдаланып сарбаздар зорлаған, екінші бір адамды жасақшылар көшеде қашып бара жатқан жерінен ұстап алған деген ол.
"Аналар "өлім жазасына кесілесің, немесе 15 жылға сотталасың" деп қоқан-лоққы жасап, болмаса зорлаймыз деген. Осындай айуандыққа келтірген. Сонда қыз жылап "ең болмаса көзімді байлап зорласаңдаршы" депті. Түсініп отырсыз ба?" – деген желтоқсандық белсенді Аманжол Нәлібаев. Ол өзін қанша берік адам деп есептегенімен, "Желтоқсан" комитетіне түскен осындай деректерді оқығанда көзіне жас алатынын айтқан.
Зорлық көрген адамдардың соңғы кездегі, яғни Азаттыққа сұхбат берген кездегі ахуалы жайлы Аманжол Нәлібаев былай деген:
– Қыздың қазір сол оқиғадан кейін дүниеге келген бір баласы бар. Бойына біткен баласын тастамаған аналық махаббатын қарасаңшы! Баланың жасы үшке келді. Қазір қолынан жетелеп жүр. Осының бәрі құрбандық емес пе?!
Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбенов Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін зардап шеккен кейбір адамдардың оны жасыратынын, айтпауға тырысатынын атап өткен. Желтоқсан оқиғасынан соң 3-4 жыл өткеннен кейінгі жағдай осындай еді.
"ҚАЗАҚ ӘЛІ 1937 ЖЫЛҒЫ ЗАМАНДА ӨМІР СҮРІП ЖАТЫР"
Нәлібаев пен Әбенов 1990 жылы Азаттықа берген сұхбатында 1986 жылғы оқиғадан зардап шеккен кейбір адамдардың ата-анасына, туған-туыстарына хабарласқанымен, дерек ала алмай отырғандарын айтқан.
"Қорқытып тастаған, қорқытқанда жаман қорқытқан. Қорыққандары сонша – "өлген менің балам, сендердің балаларың емес, неғыласыңдар" дейді. Отыз жетінші жылы қырғын-жойқынға ұшыраған қазақ бейшара әлі сол заманда өмір сүріп жатыр. Олар сондағы НКВД, қазіргі КГБ енді өздерін атады да тастайды деп ойлайды. Баласын өлтірді де, енді өзін қорқытып отыр", – деді Аманжол Нәлібаев күйінішпен.
Желтоқсан оқиғасына қатысқаны айтылмай қалған адамдар жайлы Тұрсын Жұрбаев та жоғарыда аталған сұхбатында кеңірек тоқталған. "Әрине, тірі болса – қуаныш. Ал құрбандыққа ұшырап, әке-шешесі жасырып жүрсе – тексіздік. Аса үлкен мөлшерде ақша беріп, басқа қаладан, аудан орталығынан үй алып беріп, дымын шығармаған жайлар орын да алған сияқты. Бұл іспетті күдікті сондай сапардан оралған әр жазушы айтты. Оны мәскеулік "үндеместер" жүзеге асыруы мүмкін. Қолтаңбасы соны аңғартады. Жоғары Каменка, Қалқаман, Дмитриевка, Бірінші май поселкаларының шетіндегі жарлауыттарға машинамен апарып, зорлап, қорлап кеткен солдаттар мен офицерлердің азабы мен мазағы жөніндегі деректер расталды", – деген праволық комиссия төрағасының орынбасары болған Тұрсын Жұртбаев.
"НАЗАРБАЕВҚА ҚАРСЫ МӘЛІМЕТТІ" БІЛЕ ТҰРА ПРЕЗИДЕНТ БОЛУЫНА "КЕЛІСУ"
Аманжол Нәлібаев түптің түбінде мұның бәрі ашылады дегенге сенетінін айтқанымен, жуық арада ақиқат ашыла салады деп күтуге болмайтынын да ескерткен.
"Мұның бәрі ашылады. Соған сенем. Бірақ қазір емес. Бұған уақыт керек. Қазақ халқы өзінің адам екеніне сену керек. Сол үшін де азаттық керек",в - деген Аманжол Нәлібаев 1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында. Айтуынша, 1986 жылы билікте кімдер болды, қазір билікте кімдер отыр деген мәселе ой салады.
"Халық шындықты неге білмейді – шындықты білетін адам неге айтпай отыр дегенге бұл – бірден бір жауап", – деген Нәлібаев Қазақстанды басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаев 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы кезінде министрлер советінің төрағасы болғанын еске салған. Ал "Желтоқсан" ұйымы белсенді әрекет ете бастаған тұста Назарбаев елдегі бірінші басшы болатын. Белсендінің айтуынша, "Желтоқсан" ұйымы сол кезде "Назарбаевқа қарсы мәліметті" біле тұра, президент болуына "келіскен" екен. Бірақ сұхбатында ол сол "мәліметтің" атын атап, түсін түстемеген.
– Құдай бұл кісіге билікті бұйыртсын. Одан адалдық күткіміз келеді. Бірақ менің ойымша, Қазақстанға тағы бір диктатор келген сияқты. Оның отырысы, қасына жинап алған адамдары соны білдіреді. Қасына жинап алғандары – Желтоқсан оқиғасы кезінде қазақ жастарының қанын төгіп, қудалауға күш салғандар, – деген Аманжол Нәлібаев үкіметтің 1986 жылғы оқиға кезіндегі іс-әрекетін сынға алған.
Ол осындай себептерге байланысты Желтоқсан оқиғасының ақиқаты жақын арада жарияланбайды деп ойлайтынын айтқан.
ЖОҒАРҒЫ СОВЕТТЕГІ СҰРАҚ ҺӘМ ЖОҒАРҒЫ СОТ ТӨРАҒАСЫНЫҢ СЫҢАЙЫ
Аманжол Нәлібаев 1990 жылы Азаттыққа берген сұхбатында Желтоқсан оқиғасы кезінде адам өлтіріп, алғашында ату жазасына кесілген, кейін 20 жылдық түрме жазасына алмастырылған Мырзақұл Әбдіқұлов туралы да тоқталған.
"Бірнеше адам түрмеде отыр. Оның ішінде кінәлісі де бар. Бес баланың әкесі Әбдіқұловтың не себепті адам өлтіргені айтылмайды. Ол 19 желтоқсан күні автобустағы жалғыз қазақ болып қаланың сыртына кетіп бара жатқанда отырғандардың бәрі одырайып қарай берген. Өзі – Аралдан келген босқын, орысша да жарытып білмейді. Қашпақшы болады. Ұстап алып буындырып, бәрі жабылған. Әрең дегенде тырмысып қашып шығып есікке қарай ұмтылғанда шофер қолындағы сүйменімен тұра жүгірген. Сол кезде ол қорғану үшін қалтасындағы бәкісін алып шыққан. Адам өлімінің аты – адам өлімі. Оның құны ауыр", – деген Нәлібаев.
Оның айтуынша, Мырзақұл Әбдіқұловтың және сол кезде түрмеге айдалып кеткен желтоқсандықтар мәселесі 1990 жылы Жоғарғы советтің сессиясында да сұралса керек. Жоғарғы сот төрағасы Тамас Айтмұхамбетов бұл сұраққа берген жауабында Әбдіқұловтың адам өлтіргені үшін сотталғанын айтқан.
Аманжол Нәлібаев Желтоқсан оқиғасына қатысушылардың біржақты айыппен сотталғанын айтқан. Оның сөзінше, Айтмұхамбетов Әбдіқұловтан басқа "адам өліміне қатысы бар" тағы төрт адам түрмеде отыр деп жауап берген.
"Әбдіқұловты жеке соттады. Ал Рысқұлбеков, Күзембаев, Тайжұманов, Тәшеновтің арасында Рысқұлбековке "адам өлтірді" деп айып тақты", – деген Аманжол Нәлібаев биліктің олардың бәрін "адам өлтірген" деп есептегісі келгенін айтады.
Бұл сұхбат алынған кезде Желтоқсан оқиғасының құрбаны, жазықсыз жала жабылған Қайрат Рысқұлбековтің түрмеде белгісіз жағдайда қаза тапқанына екі жылға жуықтап қалған еді. Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбенов 1990 жылы билікке түрмеде отырған өзге де желтоқсандықтарды босату, ақтау немесе жазасын жеңілдету туралы қойған талаптарын орындату үшін белсенділердің пикет өткізіп, аштық жариялағанын еске алған.
"ТАҒЫ ДА СОТТАП ЖІБЕРЕ МЕ ДЕГЕН ОЙ МАЗАЛАДЫ"
Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбеновтен осы сұхбат алынғаннан бері 35 жыл өтті. Желтоқсан комитетінің сол кездегі парламент алдында аштық жариялаған акциясы туралы осы комитет жұмысына белсене қатысқан Ерлан Декелбаевтан 2024 жылдың соңында сұрадық.
– 1990 жылғы 14-18 мамыр аралығында сол кездегі Жоғарғы советте орналасқан Үкімет үйінің алдында "Желтоқсан" қоғамдық бірлестігі Совет одағында бірінші рет осындай саяси талап қойып, аштық жариялаған болатын. Төрт адам аузын буып, аштық акциясында жатады да, "Желтоқсан" ұйымының басшылары мен жанашырлары ғана сөйлейді деп келістік. Бұл акция неше күнге, неше айға жалғасатынын ешкім білмеді, – деді Ерлан Декелбаев.
Айтуынша, қамаудағы желтоқсандықтар мәселесіне қоса Желтоқсан оқиғасынан кейін Совет одағы коммунистік партиясы қабылдаған "қазақ ұлтшылдығы" туралы қаулының күшін жою және желтоқсандықтарды соттап-қудалаған адамдарды жауапқа тарту жайлы талап Желтоқсан ұйымының күн тәртібіне қойылған.
Ерлан Декелбаев саяси аштық жариялау акциясын өткізу шешімі сол кезде Мұхтар Шаханов бас редакторы болған "Жалын" журналы редакциясындағы жиналыста қабылданғанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл кезде арызданып, инстанцияларды қуалап жүруден мардымды нәтиже байқалмаған. Ал акцияға шыға қалғанда адамдарды тағы да қамап тастай ма деген күдік болған. Бұл шараға шығу-шықпаудың заңды жағын мамандығы заңгер Аманжол Нәлібаев зерттеп қарастырған. Ақыр соңында акцияға шығудың талаптары мен жоспары талқыланып, бекітілген.
– 14 мамыр күні акцияға шыққанда оның неше күнге жалғасатынын және алдымызда қандай тағдыр күтіп тұрғанын білмедік. Қамап тастап, тағы да соттап жібере ме деген ой мазалады. Дегенмен бізді қоғам қолдады, ақпарат құралдары да мүмкіндігіне қарай біз туралы жариялап отырды, – деді Ерлан Декелбаев Азаттыққа.
Алаңда аузын буып наразылық танытқандардың сол акциясы туралы Желтоқсан оқиғасын зерттеуші Қайым-Мұнар Табеев "Қазақтың Желтоқсаны" деген кітабында былай деп жазған:
"Ауыздарын ақ шүберекпен тас қып тағып алған бұл бесеуі – Қайырғали Тәшенов, Өткірхан Мүлкібаев, Михаил Көбеков, Жанат Барлыбаев, Құрманбай Қалмұратов "Желтоқсан" қоғамдық комитетінің мүшелері екен. Жиналмалы сұр жайма төсек, бірнеше орындық әкеліп, төрт қанат көнетоз киіз үй тіккендеріне қарағанда, ұзаққа бел байлаған ниеттері бар".
Табеевтің жазуынша, Николай Акуев бастаған бір топ халық депутаты наразылықтың екінші күнінде алаңда аштық жариялап жатқан желтоқсандықтармен кездескен. Акцияға шыққандар өз талаптары бойынша президентпен және Жоғарғы совет төрағасымен кездескісі келетінін айтқан. Сол күні оларды Жоғарғы совет төрағасының орынбасары Серікболсын Әбділдин қабылдаған.
"Серікболсын Әбділдәұлының айтуынша, осынау "бақытты" күнге жеткізген Коммунистік партияның әкелік қамқорлығын қадірлей алмайтын санасы төмен жастар бар екен. Ондай адасқандар қоғамға зияннан басқа пайда тигізіп көрген емес. Желтоқсанда бүкіл елімізді әлем жұртшылығы алдында ұятқа қалдырды. Енді бейбіт елді тағы да шулатпақшы. Сүйікті Компартияға, кеңес өкіметіне орынсыз күйе жағып, адасып жүр. Соларды ушықтырмай ауыздықтауымыз керек. Мына отырған еліміздің болашағы, зиялы жастарды, солардың қатарынан көргісі келмейтінін айтып, көпшік те тастап қойды", – деп жазған Қайым-Мұнар Табеев. Ол "Әбділдиннің желтоқсандықтарға деген сол бір солақай көзқарасы бәрімізді тіксіндіріп тастады" дейді.
Әбділдин желтоқсандықтар туралы пікірінен ешқашан айныған емес деп жазды Табеев. "Желтоқсан оқиғасын "тәуелсіздікке еш қатысы жоқ қарабайыр қарсылық" деп, бағасын да төмендетпек болды", – деді ол.
"Біз парламенттегі С.Әбілдинмен болған сәтсіз кездесуге үлкен үміт арта қоймасақ та, желтоқсандықтар мәселесін Ә.Кекілбаев, М.Шаханов, Қ.Мырзалиев, А.Жұмаділдаев сияқты депутаттардың қатысуымен арнайы талқылайтынын көңілге медеу тұтып, сыртқа шықтық", – деп еске алады Қайым-Мұнар Табеев.
"ЖЕЛТОҚСАННЫҢ" МАМЫРДАҒЫ "ЕҢ ҮЛКЕН ЖЕҢІСІ"
Осы аштық акциясының нәтижеге қалай жеткені туралы Азаттыққа айтып берген желтоқсандық белсенді Ерлан Декелбаев 1990 жылғы 18 мамырда күні бойы қалың нөсер жауып тұрғанын еске алды.
– Бәріміз қолшатыр астында басымызды да жауып алған отыр едік. Сол кезде парламенттен біреу шықты. Кім екені есімде қалмапты. Ол бізге жақсы жаңалық алып келді! Соны естігенде қуанышымызда шек болған жоқ. Бөрігімізді аспанға лақтырып, бір-бірімізді құшақтап, құттықтадық. Сөздің шыны, көңіліміз де босап қалды. Өзіміз де күтпеген едік. Бұл Совет одағында бұрын-соңды болмаған еді. Ең үлкен жеңісіміз болды, – деді Ерлан Декелбаев.
Осы бір қуанышты сәтті Қайым-Мұнар Табеев былай деп сипаттайды:
"Сырттағы жаңбыр әлі толастамапты. Төпеп тұр. "Аспанның түбі тесіліп кеткен бе?" деп есікке таяу бұйығып отырған бір бойжеткен сыртқа көз салды да, "Ой, депутат ағайлар келе жатыр", – деді абдырап. Бәріміз сыртқа ұмтылдық. Есік алдында жастардың төрт күннен бері сарылып күтіп жүрген "меншікті" депутаты Николай Акуев пен белгілі жазушы (ол да депутат) Әбіш Кекілбаев келіп тұр екен. Олардың суға малшынған түрлеріне қарап, жаны ашыған бірнеше қыз қолшатыр ұсынды. "Рақмет, айналайын! Сендерге жақсылық хабар әкелдік", – деді Әбіш аға бұйра шашынан көктемгі жаңбырдың күміс тамшылары домалап. Төс қалтасынан мына бір қағазды суырып алып, бәрі естісін дегендей дауыстап оқи бастады.
Анықтама
1990 жылы 18 мамырда Қазақ ССР Жоғарғы Сотының Президиумы Қазақ ССР Жоғарғы Соты қылмыстық істер жөніндегі сот коллегиясының 1987 жылғы 16 маусымдағы үкімін өзгертті. Т.Тәшеновтің жазасы он жылға дейін, Қ.Күзембаев пен Ж.Тайжұмаевтың жазалары үш жыл бес айға дейін төмендетілді. Қ.Күзембаев пен Ж.Тайжұмаев қамаудан шұғыл түрде босатылады.
Қазақ ССР Жоғарғы Сотының төрағасы Т. Айтмұхамбетов.
"КОНСТИТУЦИЯЛЫҚ СОТҚА БЕРДІК. БІРАҚ..."
Ал Аманжол Нәлібаев пен Қалдыбай Әбенов 1990 жылы Азаттықа берген сұхбатында айтқан жазалаушылардың ақыры не болды? Бұған 2010 жылы Азаттықтағы дөңгелек үстел басында оппозициялық саясаткер Жасарал Қуанышәлин айтқан мына бір дәйек жауап болатын сияқты.
"1993 жылы "Азат" қозғалысы өз съезінде шешім қабылдап, Желтоқсан кезінде жастарды қанға бөктіріп, жазалап, заңсыз қудалаған сол кездегі лауазым иелері мен үкімет орындарын жауапқа тарту туралы мәселе көтеріп, Конституциялық сотқа бердік. Сот процестері жүрді. Соның барысында көп нәрсе айқындалды, көп нәрселердің беті ашылды. Міне, сол жағдай Назарбаевты қатты мазаландырды. Қатты алаңдатты. Қауіптендірді. Сондықтан 1995 жылы қаңтар айында, тура екі жылдан кейін, тіпті, ақылға сыймайтын сылтауменен сол сот процессі тоқтатылды. Тоқтатылды да, жабулы қазан жабулы күйі қалды", – деген Жасарал Қуанышәлин.
Ал Желтоқсан оқиғасы құрбандарын тура оқиғаның ортасынан, алаңнан ғана іздеу – істің бір жағы ғана сияқты.
Жазушы Тұрсын Жұртбаев мына бір жайға назар аудартады.
"Үлкен қиыншылық тудырған және осы уақытқа дейін тиянақталмаған бір жайт – сол оқиға тұсында психологиялық қысымға шыдамай не тергеу мен ұрып-соғудың салдарынан түрлі жарақат алып, кемтар болып қалғандардың, алаң мен түрмеден тыс жерде кейіндеу өлген адамдардың тағдыры. Мысалы, тура сол Желтоқсан оқиғасы тұсында жүректен қайтқан халық суретшісі Нағымбек Нұрмұхаммедовтің кенеттен қайтыс болуына психологиялық қысымның әсері болды деп есептеймін. Жерлеуі де ың-шыңсыз өтті. Милиция қызметкерінің қолынан қаза тапқан Молдабаевтың өлімінің мотиві де жұмбақ еді. Мұны түбегейлеп тексеруге біздің мүмкіндігіміз жетпеді. Мысалы, желтоқсанның 31-і күні қайтыс болған делінген Қазақ мемлекеттік университетінің студенті Бақыт Маханбетова да сондай қысымның құрбаны. Көкшетау облысы Көкшетау ауданының Ортақ селосында жерленген Бақыттың ата-анасы қандай да бір түсінік беруден бас тартты. Өздері кейін басқа ауданға көшіп кеткен. Мұндай оқиғалар әр жерде кездесті. Бірақ қолхат беруден де, аты жөнін жариялаудан да бас тартты. Тіпті, "бала өзіміздікі, сендердің не шаруаларың бар" – деген сөздер айтылып қалды. Әрине, бұған істер қандай лажың бар? Зады, осы бір жайтқа ерекше назар аударып, тиісті деректер жинастырған лазым. Сонда жазалау саясатының барлық зардабы толық ашыла түсер еді", – деді Желтоқсан оқиғасын зерттеген праволық комиссия төрағасының орынбасары болған Тұрсын Жұртбаев.
Бұл мақаладағы жайттар "Азаттық толқынында" подкасында толығырақ баяндалды.
Аудиподкастың барлық эпизодын Азаттық сайтынан, подкаст платформаларынан және Азаттықтың YouTube-арнасынан тыңдауға болады.
ПІКІРЛЕР