Кремльдің Киевті тізе бүктіруге талпынысы Украинаға басып кірген алғашқы апталарда-ақ сәтсіздікке ұшырағаннан кейін, екі жылдан астам уақыт бойы бұл соғыс мүлде бітпейтіндей көрінді.
Кейінгі айларда майдандағы жағдай, қоғамдық пікірдің ауысуы және АҚШ-та бұрынғы президент Дональд Трамптың қайта сайлануы сияқты бірнеше факторға байланысты бұл болжам өзгере бастады. 20 қаңтарда Ақ үйге оралатын Трамп Екінші Дүниежүзілік соғыстан кейін Еуропада болған ең үлкен қарулы кикілжіңге бір-екі күнде нүкте қоямын деп бірнеше рет мәлімдеген.
Сонымен Ресейдің Украинаға қарсы соғысы 2025 жылы аяқтала ма?
Көп сарапшының айтуынша, мақсат — ұзақмерзімді бейбіт келісім болса, бұл сұраққа “жоқ” деп жауап беруге болады. Өйткені Ресей президенті Владимир Путин қандай мәлімдеме жасағанына қарамастан, Мәскеудің Украинаға өктемдік жүргізуіне жол ашатын келісімнен басқаны қаламайды. Ал бұған Киев пен оның шетелдік серіктестері келіспейді.
Сарапшылар сөзінше, Путин Украинаға тұрақты қауіп төндіріп, өркениет текетіресінде өзі “агрессор” деп атайтын Батысқа үнемі қарсы тұруды қалайды.
Украиндер Ресейге өз жерін беріп қойып, Мәскеуді Украина мен оның халқына қарсы жасаған қылмысы үшін жауапқа тарту мүмкіндігінен айыратын бейбіт келісімге көнгісі келмейді.
"Соғыстың соңы тым алыс сияқты", — дейді Лондондағы Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтында Ресей және Еуразия бойынша аға ғылыми қызметкер болып істейтін Найджел Гулд-Дэвис.
Бірақ Трамтың соғысты жедел аяқтаймын деген уәдесін ескерсек, оқ атуды тоқтатуға талпыныс жасалары сөзсіз. 2022 жылы Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін бірнеше айдан соң басталып, тығырыққа тірелген келіссөздер де осы жолы қайта жандануы мүмкін сияқты.
"Қазіргі ең дұрыс шешім — [Трамптың] орыстар мен украиндерді өзімен және бір-бірімен сөйлесуге көндіруі болмақ", — дейді Crisis Group-тың Еуропа және Орталық Азия бойынша бағдарламалар директоры Ольга Оликер.
"2025 жылы де-юре, болмаса іс жүзінде оқ атуды тоқтату мәселесі қаралады деп ойлаймын. Бұл үшін ашық немесе жабық түрде, әртүрлі деңгейдегі келіссөздер жүреді", — дейді Еуропа саясатын талдау орталығында демократиялық тұрақтылық бойынша директор, Лондондағы патша колледжі институтының профессоры Сэм Грин.
ЖЕР ЖӘНЕ ҚАУІПСІЗДІК
Оқ атуды тоқтатуға байланысты туындауы мүмкін көп тұзақ бар. Соның бірі — Украинаны қорғайтын тиімді шаралар қолға алынбаса, Ресей мұны әскер жинап, Киевті қайта шабуылдауға пайдалануы мүмкін деген қауіп.
Одан басқа да кедергілер жетіп-артылады. Мәселен, тараптар кикілжіңдегі маңызды аспектілерге қатысты мүлде келісе алмай отырған тұстар бар.
Осындай келіспеушіліктердің бірі — жер мәселесі. Оқ атуды тоқтату жайлы келісімнің жүзеге асу ықтималдығы бұрынғыға қарағанда жоғары. Оликер мұны Ресейдің майдандағы баяу, қымбат әрі тұрақты шабуылымен және Украинаның әбден қажып, кері шегініп, келісімге дайын болу ықтималдығымен түсіндіреді. Бұл келісім Ресей жаулап алған көп жерді уақытша және бейресми негізде Мәскеудің қол астында қалдырады.
Бірақ Путинге бұл да жеткіліксіз болуы мүмкін. Путин мен Ресейдің басқа да өкілетті тұлғалары Украинаның 4 облысын (олардың қатарында Украинаның бақылауындағы жерлер де бар) Ресей жері деп мойындау талқылауға жатпайды деді. Киев бұған келіспейді.
Тағы бір кедергі — Украинаға салмақты әрі ыңғайлы қауіпсіздік кепілдігі керек.
Ресей Украинаның НАТО-ға кіруіне үзілді-кесілді қарсы: Мәскеу Киевке қарсы басқыншылығының алдын-алу үшін қойған негізгі талаптардың бірі — осы еді. Сарапшылар Кремль Батыс әскери альянсына мүше болуға пара-пар деп түсінетін кез келген келісімді ұнатпауы мүмкін дейді.
Гулд-Дэвистің пікірінше, Киевтің Батыстағы серіктестері "аяғының ұшымен жүріп, кепілдік формасы емес, мазмұнына көбірек ұқсайтын шара қолдануға тырысса, Путин бұған көнбейтінін анық көрсетеді.
Қос тараптың да көңілінен шығатын Украинаның қауіпсіздік кепілдемесі туралы айтқанда сарапшы "Оның қалай болатынын елестету қиын", — дейді.
ПУТИННІҢ "ЖЕҢІС ТЕОРИЯСЫ"
Кейінгі апталарда бітім орнаған жағдайда Украинаға Батыс әскерін жіберу ықтималдығы мәселесі қызу талқыланды. Еуропада бұл тақырыпқа қатысты қарама-қайшы пікірлер бар, Ресейге де мұндай ұсыныс ұнамайды.
"Кремль бітім келісімнің бұзылмауын қадағалау сызығынан Батыс, әсіресе, НАТО әскерін көргісі келмейді. Ресей бастама күші өзінде қалғанын қалайды. Эскалация бола қалса, жағдайды бақылап отыратын тарап өзі болғысы келеді", — дейді Грин.
“[Киев пен Батыс] Мәскеуді мұндай келісімге қол қоюдан басқа амалы жоқ позицияға түсіре ала ма?”, мәселе — осында" — дейді ол.
Батыс елдері Украинаға қолдау көрсетуі мүмкін деген белгісіздік пен бірқатар ескеретін белгілерге қарамастан, әзірге Ресей майданда алға ілгерілеп, экономикасы күйреуден алыс, жақсы қалыпта келе жатыр. Сондықтан келісім перспективасына жол ұзақ.
"Қазір [Путин] өзінің жеңіс теориясы ақталды, Ресей ұзақмерзімді перспективада өзінен әлдеқайда кіші қарсылас Украинаны әскери тұрғыда басып-жаншып, саясатта Батыстың алдын орап кетуге қауқарлы деп ойлайды. Трамп әкімшілігі шынайы қысым көрсетіп, ұзақ соғыстың салдарымен қорқытып, Ресей режиміне қауіп төнуі мүмкін екенін көрсетсе, Путиннің ойы өзгеруі мүмкін еді", — дейді Гулд-Дэвис.
Трамп Украинаға көмекті Киевке де, Мәскеуге де ықпал ету тетігі ретінде пайдаланатынын ғана айтқан. Дегенмен ол соғысты қалай аяқтайтыны туралы нақты ештеңе айтпады.
Путин Трамптың президенттік мерзімі басталғанша, бір жағынан, Ресейді мәмілеге дайын, конструктив тарап ретінде көрсетіп, екінші жағынан, Киев пен Батыстың ыңғайына келетін кез келген келісімді қиындатып, әдеттегідей екіжақты ойын ойнап отыр. Мәселен, 19 желтоқсанда Путин мемлекеттік телеарналардан көрсетілген 4,5 сағаттық сұрақ-жауап сессиясында Ресей Украинамен ортақ мәмілеге келуге дайын екенін білдірді, бірақ артынша, бұған қайшы келетін бірнеше пікір айтты.
"СОҒЫСТЫҢ АЙНАЛАСЫНДА ҚҰРЫЛҒАН" РЕСЕЙ ЭКОНОМИКАСЫ
Біріншіден, Путин Украина президенті Владимир Зеленскийді легитимді емес көшбасшы деп санайды және онымен келісімге қол қоймаймын дейді. Екіншіден, кез келген мәмілеге талпыныс басқыншылық басталғаннан кейін бірнеше айдан соң Мәскеу мен Киев арасындағы келіссөздер тоқтамай тұрып жарияланған Стамбұл коммюникесіне негізделуі керек деді.
"Бұл келісім Украинаны НАТО-ға кіру мүмкіндігінен айырып, демилитаризацияланған бейтарап елге, яғни, болашақта Ресей үшін оңай жемтікке айналдырады. Путин болашақ бейбіт келісім осы шартқа құрылуы керек деп отыр", — дейді Ресей бойынша сарапшы Марк Галеотти.
"Путин кез келген ұсынысқа ашық, иілгіш болып көрінгенімен, бұл процесті барынша қолайсыз етуге тырысып жатыр", — дейді Галеотти 22 желтоқсандағы подкастында.
Гриннің пайымдауынша, Путин өз билігінің басты қырына айналған Украинаға қауіп төндіріп, Батысқа қарсылығын күшейтетініне сенімді болса ғана, Ресей “зорлықтан бас тартуы” мүмкін.
"Қазір Ресей экономикасы соғысқа бола ғана жұмыс істеп тұр. Ресейдің саяси жүйесі соғыстың айналасында құрылған. Орталықтандыру, қуғын-сүргін, идеологиялық бақылау дегендерден бас тартуға Ресей құлықсыз болары анық. Ресей оқ атуды тоқтатуға ниеттенсе де, Украинамен және Батыспен қазіргі текетіресін сақтап қалуға тырысады", — дейді ол.
Пропаганда тілімен айтсақ, Грин "Путин мен Кремль өздеріне риторикалық маневрға көп кеңістік қалдырды. Олар жеңісті, тіпті, уақытша, жартылай жеңісті әртүрлі әдістермен анықтай алады", — деді.
"ҮЛКЕН ҚАТЕЛІК"
Ольга Оликер Ресейдің жер мен басқа да мәселелерге қатысты позициясы келіссөз болса, Ресеймен мәмілеге келу мүмкін емес дегенді білдірмейді.
"Келіссөздің басталуының өзі басымдық береді. Келіссөз басталған бойда адамдар бұған дейін айтылмаған жеңілдіктерге баруы мүмкін. Келіссөзге үнемі максимум позициямен барасыз, бұлай жасамау ақымақтық болар еді", — дейді ол.
Келісім 2025 жылы жасалмауы да мүмкін. Сарапшылар келіссөз жүріп, келісім жасалса, Батыс елдері мәселе шешілді деп қуануға асықпауы керек деп ескертеді.
"Еуропаның бітім жайлы кез келген келісімге реакциясы Украина үшін де, өздері үшін де өте маңызды. Көп мемлекет ел ішінде (көбіне Ресей өршіткен) саяси дүмпулерді бастан өткеріп жатқандықтан, олар келісімді кикілжіңнің соңы және Ресеймен қарым-қатынасты қайта жолға қоюға мүмкіндік деп қабылдауы мүмкін. Бұл үлкен қателік болар еді. Ресей Еуропа қауіпсіздігіне тікелей, салмақты, дәстүрлі және дәстүрлі емес қауіп төндіруді жалғастырады", — деді Лондондағы патша колледжі әскери зерттеулер кафедрасының оқытушысы Рут Дейермонд Азаттыққа берген жазбаша жауабында.
ПІКІРЛЕР