Ресейдің бұрынғы президенті, Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев Пекинде Қытай басшысы Си Цзиньпинмен кездесті. Бұл жөнінде ресейлік саясаткер Телеграм-арнасында хабарлады.
Медведев Си Цзиньпинді Қытай компартиясының бас хатшысы қызметіне қайта сайлануымен құттықтаған. Ол сонымен бірге келіссөз кезінде "Единая Россия" және Қытай компартиясы арасындағы өзара қарым-қатынас, Мәскеу мен Пекин арасында түрлі саладағы әріптестік, халықаралық мәселелерді талқылаған. Медведевтің сөзінше, ол Си Цзиньпинмен Украина мәселесін де сөз еткен. Ресейлік саясаткер келіссөздің "пайдалы" өткенін атап өткен.
Биыл қарашада Си Цзиньпин Қытай коммунистік партиясының 20-съезінде партияның бас хатшысы болып қайта сайланған. Си Цзиньпин бұл қызметке үшінші мерзімге сайланып отыр. Дэн Сяопин кезеңінен бері Қытайда саясаткерлер партия жетекшісі қызметінде тек екі мерзім ғана бола алатын. 2018 жылы бұл шектеу Си Цзиньпиннің бастамасымен алынып тасталды.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері Медведев қатаң мәлімдемелер жасап, Батысқа қоқан-лоқы да көрсеткен. Ол мәлімдемелерінде Апокалипсис, Армагеддон ұғымдарын жиі пайдаланып, Ресейдің ядролық қару қолдануы мүмкін екенін бірнеше рет меңзеген.
Сарапшылар Қытай Украинадағы соғысқа байланысты мәлімдемелер жасағанда аса сақтық танытатынын айтады: БҰҰ-да Ресейдің Украинаға басқыншылығын айыптайтын резолюция қабылданған кезде Пекин Ресейді қолдамаған, бірақ басқыншылықты ашық айыптаған да жоқ.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Медведев Ресей "тозақ әміршісімен" шайқасып жатқанын айттыГаагада Путинді Украинаға өктемдік көрсеткені үшін соттайтын арнайы трибунал құрыладыМедведев Ресейдің "қырып-жоятын қуатты құралдарымен" тағы қоқан-лоқы көрсетті"Ойлағандары - өлген Советті тірілту". Медведев аккаунтындағы даулы постқа реакция