Ресейдің бұрынғы президенті Дмитрий Медведев Ресей "тозақ әміршісін тежеуді" көздеп отыр деп мәлімдеді. 4 қазанда ол Телеграм-арнасында халық бірлігі күніне орай құттықтау жариялап, өзі құрастырған "бес сұраққа жауап берген".
"Не үшін соғысып жатырмыз?" деген сұраққа Медведев Ресей "өз азаматтары үшін, жер үшін, мыңжылдық тарихы үшін" шайқасып жатыр, бірақ оған "бөтен жер керек жоқ" деп жазған. Ол жазбасында Ресей не үшін Украина аумағын аннексиялап алғанын түсіндірмеген.
"Бізге қарсы кім соғысып жатыр?" деген сұраққа Медведев "құрып бара жатқан әлемнің бір бөлігі", оның арасында "ессіз нацистер мен нашақорлар", "батыстың итқорасынан үрген иттер шоғыры" да бар деген. "Оларға қарсы тұра отырып, киелі күшке ие болдық" деді Медведев.
Ол сонымен бірге "сескенген әріптестеріне" де шүйлікті, бірақ кімді меңзегенін айтпады. Медведев соғыстың нәтижесінде "шіріген әлемдік тәртіптің күлі көкке ұшады – оны менменшіл пірлер, қанқұмар жақтастар, озбыр қызметшілер мен үнсіз мәңгүрттер күлінің тозаңы шығарып салады" деп жазды.
"Ресейдің қаруы неде?" деге сұраққа ол "Біздің барлық дұшпанды жәһаннамға аттандыратындай қуатымыз бар, бірақ діттегеніміз ол емес. Біз жүрегеміздегі Жаратушыны тыңдап, соған бас иеміз" деп жазды.
Медведев жазбасында "Украина" сөзін қолданбайды, онда "арнайы әскери операция" сөзі де кездеспейді.
Соғыс басталғалы бері Медведев қатаң мәлімдемелер жасап, Батысқа қоқан-лоқы жасап келеді. Ол мәлімдемелерінде "Апокалипсис", "Армагеддон" тәрізді библиялық аллюзияларды жиі қолданады, сонымен бірге Ресейдің ядролық қару қолдануы мүмкін екенін бірнеше рет меңзеген.
Кейінгі кезде Ресейдің жоғары лауазымды тұлғалары – патриарх Кирилдан бастап, Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровқа дейін – Ресей Украинада "сатанистер" немесе "антихристермен" күресіп жатыр деумен келеді.
Жуырда "Медуза" жазғандай, осындай сарындағы мәлімдемелерді айтатын Александр Дугин және Александр Проханов сияқты радикалды философтар мен идеологтардың Кремльге ықпалы күшейген. Бірнеше күн бұрын Дугин Украинадағы соғысты "Ақырет сотына" ұқсатқан. Енді оны Медведев қайталағандай болып тұр.
Ресей Украинаға басып кіргелі бері соғыста кемінде ондаған мың адам қаза болған: арасында жауынгерлермен қатар бейбіт тұрғындар да бар. Халықаралық ұйымдар адамдарды қырып жою, азаптау, бейбіт азаматтарға қару қолдану тәрізді ақпараттарды тексеріп жатыр. Халықаралық құқық бойынша, оның барлығы әскери қылмыс саналады.
4 қарашада Ресейде халық бірлігі күні атап өтіледі – бұл мереке 2005 жылы бекітілген. Мәскеуде қазір әлі күнге дейін қоғамдық шараларға тыйым салынған. Жыл сайын өтетін "орыс маршы" биыл өтпейді.