Соғыстағы күйеуін украин әйелдерін зорлауға шақырған ресейлік солдаттың әйеліне халықаралық іздеу жарияланды

Украина соты.

Украина қауіпсіздік қызметі соғыстағы "күйеуін украин әйелдерін зорлауға шақырған" ресейлік әскери қызметкердің әйеліне қозғалған істі тергеп болған, іс сотқа жіберілді. Бұл жөнінде Азаттықтың Украин қызметінің "Схема" жобасы хабарлады.

Украина бас прокуроры кеңсесінің хабарлауынша, ресейлік әскери қызметкердің әйелі "соғыс заңы мен ережелерін бұзды"(Украина қылмыстық кодексінің 438-бабы, 1-бөлігі) деп айыпталып отыр. Егер оның кінәсі дәлелденсе, 12 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ мұндай жаза ол ұсталып, Украинаға экстрадицияланған жағдайда ғана беріледі.

Украина бас прокуратурасының хабарлауынша, күдіктіге мемлекеттік, мемлекетаралық және халықаралық іздеу жарияланған. Ол Киевпен экстрадициялау туралы келісім бар елге барса, ұсталады.

"Схема" жобасының жазуынша, күдіктінің аты-жөні Ольга Быковская. Биыл сәуірде Украина қауіпсіздік қызметі оның соғыстағы күйеуі Роман Быковскиймен сөйлескен әңгімесін тауып, жариялаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Азаттық "украин әйелдерін зорлауды" талқылаған ресейлік ерлі-зайыптылардың аты-жөнін анықтады

Украина қауіпсіздік қызметі тергеушілерінің айтуынша, "Ресей азаматы украин қоғамын жеке себеппен жек көруіне байланысты украин әйелдеріне құрметсіздік көрсете отырып, күйеуін – Херсон облысындағы Ресейдің оккупациялық армиясының әскери қызметкерін уақытша басып алынған аймақтағы украин әйелдерін зорлауға шақырған".

"Схеманың" жазуынша, Быковская өзінің әрекетімен соғыс кезіндегі бейбіт тұрғындарды қорғау және қарулы қақтығыс құрбандарын қорғау туралы халықаралық конвенция шарттарын бұзған.

Ресей басқыншылығы кезінде зорлық-зомбылық оқиғалары Херсон облысында көп тіркелген.

Украина ұлттық полициясының мәліметінше, соғыс басталғалы бері Ресей басып алған Украина аймағында 154 зорлау қылмысы тіркелген. Көбі (64-і) Херсон облысында тергеліп жатыр.