Азаттықтың Орыс қызметі және "Схема" зерттеу жобасы "украин әйелдерін зорлауды" талқылаған ресейлік ерлі-зайыптылардың аты-жөнін анықтады. Күйеуімен телефон арқылы сөйлескен кезде украин әйелдерін зорлауды ұсынған әйелдің әңгімесін Украина қауіпсіздік қызметі 12 сәуірде жариялаған.
Азаттықтың Орыс қызметі және "Схема" жобасының зерттеуіне сәйкес, телефон әңгіме 2022 жылы сәуірде жазылған. Ондағы ерлі-зайыптының аты-жөндері – Роман Быковский және Ольга Быковская. Жазба ұзақ бір әңгіменің үзіндісіне ұқсайды. Онда әйелдің күйеуіне украин әйелдерін зорлауға рұқсат бергені естіледі.
"Иә, рұқсат. Тек қорғанып жүр" деп күледі әйел.
Ақпаратқа қарағанда, 27 жастағы Роман Быковский бұрын Росгвардияда әскери борышын өтеген. Кейін Қырымды аннексиялауға қатысқан десанттық полктің 108-гвардиясында әскери қызметкер болған. Оның Қырымға отбасын көшіріп әкелгеніне көп болмаған.
"Схема" зерттеу жобасының мәліметіне сәйкес, әйелімен сөйлескен кезде ер адам Херсон облысында болған. Украинадағы құқық қорғау органдарындағы дереккөздердің көмегімен "Схема" әңгімелескен екі абоненттің телефон нөмірлерін тапқан.
Азаттықтың Орыс қызметінің хабарлауынша, бұл нөмірлер ВКонтакте желісінде екі аккаунтты тіркеу кезінде қолданылған: Роман Быковский және Ольга Быковская (қыз кезіндегі аты-жөні Пинясова). Ерлі-зайыптылардың бір ұлы бар, 4 жаста.
Азаттық тілшілері Роман Быковскийге хабарласқан кезде ол аты-жөнін растап, Севастопольде екенін айтты. Бірақ Украина қауіпсіздік қызметі жариялаған аудиодағы дауыс өзінікі екенін мойындамаған. Ал Ольга Быковская күйеуінің жараланғанын, Севастопольде ауруханада емделіп жатқанын жеткізді. Олардың дауыстары Украина Қауіпсіздік қызметі жариялаған телефон әңгімедегі дауысқа қатты ұқсас.
Әзірге ерлі-зайыптыларға қатысты зорлау бойынша ешқандай шағым түспеген.
Украинада соғыс басталғалы бері Ресей әскерінің украин азаматтарын зорлағаны жөнінде көп ақпарат шықты. 8 сәуірде Украина адам құқықтары жөніндегі уәкілі Людмила Денисова БҰҰ-ны 14 жастағы қыздың зорлануы сияқты оқиғаларды тергеуге шақырды.
Қазір Украина бас прокуратурасында Ресей солдаттарының зорлық-зомбылық әрекеттеріне дәлелдер жинайтын арнайы жұмыс тобы құрылған. Олар бұл құжаттарды кейін Халықаралық қылмыстық сотқа бермек.
ПІКІРЛЕР