23 желтоқсанда таңертең Алматыда Қаңтар құрбандарына қойылған жаңа ескерткіштің ашылуына Қазақстан президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қатысады деген хабар әлеуметтік желіде тарады.
Жұма күні таңертең Республика алаңына барған Азаттық тілшілерін қауіпсіздік қызметінің өкілдері жаңа ескерткіш жаққа өткізбеді.
Айналада полиция қызметкерлері жүр. Алаңға бірнеше автобуспен адамдар әкелді. Арасында бюджеттен қаржыландырылатын мекеме қызметкерлері де бар.
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі жаңа ескерткіштің ашылуына қатыса алмаған Азаттық тілшілерінің сұрағына әзірге жауап берген жоқ.
Шараның өтетіні жайлы ақпарат құралдарына күнібұрын хабарланбады, аккредитация жайлы да алдын ала айтылған жоқ.
"Тіл кеспек жоқ" телеграм-арнасының хабарлауынша, ұлттық арнадан 23 желтоқсанда Алматыда "Қаңтар құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы ашылатыны" айтылған. Жаңадан тұрғызылған мемориал кешенін ашу рәсіміне мемлекеттік БАҚ өкілдерін ғана кіргізген.
Мемориалдың ашылуында президент Тоқаев сөйлеп жатқан кезде полиция қызметкерлері "кортежді түсірмеңдер" деп Азаттықтың түсірілім тобының камерасын жолдан алыстау жерге ығыстырды.
Кемінде 238 адамның өмірін қиған Қаңтар оқиғасының бір жылдығы таяп келеді. 2022 жылы қаңтардың басында Маңғыстау облысында сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықты Қазақстанның көптеген өңірінде халық қолдап, жаппай шеруге шыққан. Кейін бірнеше қалада бейбіт митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ескертусіз оқ атуға бұйрық берген. Билік елде төтенше жағдай жариялап, "террористер шабуылы" туралы айтқанмен оған дәлел келтірген жоқ.
Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан елде 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер.
Құқық қорғаушылар мен сарапшылар қантөгістен бері бір жылға жуық уақыт өтсе де, Қаңтар оқиғасының шындығы ашылмағанын, негізгі сұрақтарға әлі күнге дейін жауап жоғын айтады. Құқық қорғаушылар мен белсенділер "қантөгісте қаза болғандардың басым бөлігі әскерилер оғынан опат болғанын", бірақ оқ атқандардың көбі жазасыз қалғанын атап өтеді. Билік "әрбір адам өлімі тергеліп, ашылады" дегенмен құқық қорғаушылар 238 адам қазасының тек санаулысы ғана "ашылғанын" алға тартады. Жаңа ескерткіш ашылардан бір күн бұрын Қаңтар оқиғасы кеззінде Алматыда оқ тиіп қаза болған 12 жасар баланың өлімі бойынша істің тоқтатылғаны белгілі болды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Қай аға маған оқ атқан?" Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан екі бүлдіршін Айкөркем мен СұлтанҚаңтар оқиғасында қаза болғандар"Атып тастап, жала жапты". Қаңтар құрбаны Бауыржан Сейдомаровтың туыстары марқұмды ақтауды талап етеді"Қан төгілген алаңға шырша тікпесін". Қаңтар құрбандарының туыстары Тоқаевқа хат жазды"Қаралау әдісі". Билік шеруге шыққандарға ақша төленгенін айтады, көпшілік сенбейді