ЖУРНАЛИСТЕРСІЗ ӨТКЕН БРИФИНГ
Қаңтар оқиғасына байланысты қазір тергеліп жатқан кей азаматтар жаппай қиратып-бүлдіруге қатысқандарға ақша төленгенін мойындады деп мәлімдеді Қазақстан бас прокуратурасы өкілі Елдос Қилымжанов. Ол мұны 19 сәуірде Нұр-Сұлтандағы орталық коммуникация қызметінде Ішкі істер министрлігінің тергеу департаментінің бастығы Әділ Санжаровпен бірге өткізген брифингте айтты. Шараға БАҚ өкілдерін қатыстырмады.
– Алматы облысында О. және Н. есімді азаматтар анықталды. Олар Талдықорған қаласында қиратулар, азаматтардың мүліктерін жою және мемлекеттік нысандарды басып алуға қатысушыларды қаржыландырған. Әрбір қиратушыға қатысқаны үшін 20 доллардан 100 долларға дейін төленген, – деді бас прокуратура өкілі Елдос Қилымжанов.
Ол бұл деректер "тергеу барысында анықталғанын" және күдіктілерден "жауап алу кезінде расталғанын" айтты. Бірақ ол ақшаның қайдан келгені, кімдер, қашан, қалай таратқаны және ақша алғанын қанша адам растағаны жөнінде түсініктеме бермеді.
Билік өкілдері ешқандай айғақ-дәлел келтірмей жариялаған бұл ақпаратқа қоғамда күдік басым.
Қаңтардың басында Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында әлеуметтік әділетсіздіктен, қымбатшылық пен жұмыссыздықтан қажығанын айтқан халық көшеге шығып, билікке талап қойған. Бейбіт акцияны Қазақстанның өзге өңірлерінде де көпшілік қолдап, жұрт жаппай митингіге шыққан. Әуелгіде билік жаңаөзендіктердің сұйылтылған газ бағасын төмендету туралы талабын орындап, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Асқар Мамин басқарған үкіметті отставкаға жіберді. Алайда шеруге шыққандар әлеуметтік мәселелермен шектелмей, билік толығымен кетсін, әділ сайлау өтсін деген талаптар қоя бастаған еді. Мұның аяғы бірнеше қалада жаппай тәртіпсіздіктерге ұласып, мемлекеттік мекемелер мен өзге де нысандар өртеніп, қиратылды. Президент Тоқаев елде төтенше жағдай режимін енгізіп, билікке бағынбағандарды "ескертусіз атуды бұйырғанын" мәлімдеді. Ол Қазақстанға "шетелде дайындықтан өткен мыңдаған терроршы лаң салғанын" айтқанымен сол сөзіне ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді. Ресми Нұр-Сұлтанның сұрауы бойынша, ел аумағына Ресей бастаған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының күштері енгізілді.
Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі (омбудсмен) Эльвира Әзімова наурыздың ортасында парламентте сөйлегенде Қаңтар оқиғасы кезінде кемінде 238 адам мерт болғанын мәлімдеген.
"ШЕТЕЛДІК КӨЗДЕН АЛЫНҒАН ҚАРЖЫ"
Қаңтар оқиғасы кезінде және одан кейін Қазақстан бойынша мыңдаған азамат ұсталып, жүздеген адамға "терроризм", "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру", "заңсыз қару-жарақ сақтау", "ұрлық" және т.б. айыптар тағылды. Қамауда болғандардың арасында азапталғанын айтып шағымданғандар көп, бірақ оларды азаптау фактісі бойынша ұсталғандар некен-саяқ.
Ресми мәлімет бойынша, Қаңтар оқиғасына байланысты мыңдаған қылмыстық іс қозғалған, 600-ден астам адам күдікті ретінде қамауда әлі отыр. Олардың кейбірінің үстінен қозғалған қылмыстық іс материалында әлдекімнен "алынған ақшаны пайдаланып, жаппай тәртіпсіздікке қатысты" деген айыптау бар.
Мысалы, "жаппай тәртіпсіздік" бабымен үстінен іс қозғалған қызылордалық адвокат Әділхан Беденбаевтың ісінде "шетелдік көздерден алынған қаражатты пайдалана отырып, жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырған адаммен бірге соған қатысқаны" жазылған. Қызылорда облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы, полиция подполковнигі М. Әлиев қол қойған күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы қаулыда осындай тұжырым жасалған. Беденбаевтың өзі де, адвокаты да тергеу жайын жария етпеу туралы қолхат бергендіктен ол іс жайлы айта алмайтынын жеткізді. Тергеу құпиясына сілтеген полиция да ешқандай ақпарат бермей отыр.
Осыған ұқсас айыпты тергеушілер шымкенттік белсенді Қайрат Сұлтанбекке де тағуға тырысып жатыр дейді әйелі Ардақ Сәтбаева. Белсендіге "Бұзақылық" және "Ғимараттарға шабуыл жасау немесе оларды басып алу" баптары бойынша айып тағылған. Әйелінің айтуынша, полиция Сұлтанбектің үйін тінтіген кезде табылған қаржыны "шетелден алған" деп көрсетіп, одан мойындауын талап еткен.
– Тергеу органдары күйеуіме процестік келісімге кел деген. Үйде тінту жүргізген кезде 19900 доллар және бір миллион теңгені алып кеткен болатын. Сол ақшаны шетелден келді деп айт депті оған. Күйеуім келіспеген. Келіспесең әйеліңді қамаймыз деп қоқан-лоқы жасаған, – дейді келіншек.
Ардақ Сәтбаева осының барлығын баяндаған видеоны Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасына жариялаған күннің ертесіне, 19 сәуірде оны полицияға шақыртқан. Полиция қаңтарда наразылық болған күндері қайда болғанын, күйеуінің кіммен сөйлескені жайлы сұрақтар қойып, қайтарған.
– Полиция тәркілеген қаржы – кәсіпкер күйеуіміз екеуіміз адал еңбегімізбен тауып, жинап жүрген ақша еді, – дейді Сәтбаева. Шымкент полициясы Қайрат Сұлтанбекке қандай айып тағылғаны жайлы Азаттыққа ешқандай ақпарат бермеді.
"35 ЖЫЛДАН КЕЙІН ҚАЙТАЛАНҒАН РИТОРИКА"
Қазақстандағы билікке жақын телеарналар 9 қаңтарда "елдегі митингіге қатысқан шетелдіктің бірі" деп Қырғызстан азаматын көрсеткен еді. Видеода бет-жүзінде жарақат ізі бар ер адам "маған 90 мың теңге төлеген соң тәртіпсіздікке қатыстым" дейді. Видеоны көрген жақындары бұл адам – қаңтардың басында Алматыға концерт қоюға кеткен Қырғызстанның белгілі музыканты Викрам Рузахунов екенін айтты. Бішкек Нұр-Сұлтанға нота жолдағаннан кейін, Қазақстан билігі қырғыз азаматын босатып, еліне қайтарды. Отанына оралғаннан кейін Рузахунов Алматыда қамауда болғанда азапталғанын мәлімдеді.
Осындай жайттардан соң қаңтарда биліктің "Алматыға шабуылдаған 20 мың лаңкес", "жаппай тәртіпсіздіктен ауылды жерге сіңіп жоғалған я қайтадан шетелге ұшып кеткендер" жайлы және басқа дәлелсіз айтылған сөздерге күмән күшейе түсті.
23 жастағы Сырым Бек 6 қаңтарда Республика алаңында "Біз қарапайым халықпыз, террорист емеспіз!" деген жазуы бар үлкен плакат ұстап бейбіт акцияда тұрғандармен бірге болғанын айтады.
Логистика компаниясында жұмыс істейтін жігіт бұрын-соңды наразылық акциясына шығып көрмепті. Ал осы жолы қазақ тілінің мүшкіл жайын айтып шеруге шыққан едім дейді өзі.
Айтуынша, бейбіт халыққа әскерилердің үздіксіз оқ жаудырғанын көрген, оқ тиіп жараланған адамдарды көлікке тиеп, ауруханаға жөнелтуге жәрдемдескен, басына оқ тиіп мерт болғандарды көріпті. Ол қазіргі кезде тергеу орындары биліктің осы заңсыз әрекетін ақтап алуға тырысып отыр деп біледі.
Ол прокуратураның "ақша төленгендер" жайлы мәлімдемесін сандыраққа теңейді.
– 100 доллар дегеніңіз шамамен 50 мың теңге емес пе? 50 мың теңге үшін өлімге бас тігу – ақымақтық. Өлмеген күннің өзінде қудалауға тап болады. Оның үстіне қазір біздің халық қорқады, жасып қалған, сондықтан митингіге ақшаға бола келді дегенге сенбеймін. Ол жерге бізді тек намыс пен елге деген шынайы сезім жетелеп келді, – дейді Сырым Бек.
Оның сөзіне Қаңтар оқиғасы кезінде Алматыдағы шеруге қатысқандардың бірі Қайсар Сәбитбекұлы да қосылады.
– Прокуратураның айтқаны нағыз жала. Тоқаевтың "20 мың террорист" деген сөзінің жалғасы. Ешқандай ақша болған жоқ. Мен жүрдім ортасында. Халық бейбіт түрде өкіметке талап қоямыз деп шықты. Ал билік бейбіт шеруге шыққан халыққа оқ атты. Халық не айтты? Олар шындықты, әділдікті талап етті, – дейді Қайсар Сәбитбекұлы.
Қаңтарда Республика алаңында болып, бейбіт адамдарға әскерилер тұрған жақтан оқ атылғанын түсіріп алған белсенділердің тағы бірі – Салтанат Хамзина. Ол да "белсенділердің ортасында ақша туралы әңгіме болған жоқ, халық әділетсіздікке ашуланып шықты" дейді
Құдайшүкір Абдуллаев прокуратураның "ақша төленген бүлікшілер" туралы мәлімдемесін өзі куә болған 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасынан кейінгі билік риторикасына ұқсатады. Совет үкіметі Кремльдің Қазақстанға белгісіз партия шенеунігін жергілікті халықтың пікірін сұрамай, республикаға басшы етіп тағайындағанына келіспейтінін бейбіт түрде жеткізуге жиналған қазақ жастарын күшпен басып-шаншыған еді.
– 1986 жылы желтоқсанда дәл осындай нәрсе болған. "Нашақорлар, алқаштар, басбұзарлар билікке қарсы шығып жатыр" десті. Қазіргі сценарий да дәл солай, – дейді Құдайшүкір Абдуллаев.
АВТОРИТАР БИЛІГІ БАР ЕЛДІҢ ТӘСІЛІ
Қазақстанда резонанс тудырған жаппай наразылық шеруін "әлдекімдер ақша беріп ұйымдастырған" деген айыптау алғаш рет айтылып отырған жоқ.
2016 жылы Жер кодексіне ауыл шаруашылық жерін аукцион арқылы сатып, шетелдіктерге ұзақ мерзімге жалға беруді көздейтін толықтырулар енгізуге қарсы жаппай наразылық шаралары өткен. Атырау қаласында басталған Жер митингілері Қазақстанның басқа да қалаларын қамтыған. Сол кезде де билікке жақын телеарналар "митингіге шыққандар ақша алған" деген айғақ-дәлелі жоқ ақпарат таратқан еді.
Атыраулық белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аянға шымкенттік кәсіпкер Тоқтар Төлешовтен ақша алған деп айып тақпақшы болған. Бірақ белсенділер де, кәсіпкер де оны мойындаған жоқ. Қос белсенді "араздық қоздырды", "көрінеу жалған ақпарат таратты", "митинг өткізу тәртібін бұзды" деген айыптармен бес жылға сотталды. Былтыр бостандыққа шыққан Боқаев билік ескі әдетінен жаңылмай келеді дейді.
– Ауру қалса да, әдет қалмайды дейді ғой. Биліктегілер "халық өз пікірін, наразылығын білдіре алмайды, ондайға тек қаржы беріп, я Макс, Талғат сияқты біреулер шығып, арандатып, ұйымдастырмаса, елдің өздігінен көтерілуі мүмкін емес" деп ойлайды. Сөздің шыны керек, өкінішті жайт. Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан көтерілісінің ашылмай қалып қойған ақтаңдағы көп. Прокуратураның қазіргі әдістеріне қарағанда, 35 жылдан кейін болған Қанды қаңтардың да осындай тұстары ашылмай қалып қоятын түрі бар, – дейді Макс Боқаев.
Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина биліктің мұндай мәлімдемелері әдетте сыбыс деңгейінде, ешбір дәлел-айғақ келтірмей айтылатынына назар аударады.
– Мұндай технологиялар азаматтар наразылығының шынайылығына сенбейтін, жүйені өзгерткісі келетіндерді мойындағысы келмейтін авторитарлы елдерге тән. Билік халықтың Жаңаөзенді қолдап шыққанына сенбейді, сондықтан түрлі сылтаумен өз әрекетін ақтап алуға тырысып жатыр, – дейді Төреғожина.
ПІКІРЛЕР