Қаңтардың 13-іне қараған түні Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Айшуақ ауылындағы мектептің 9-сынып оқушысы өз үйінің ауласында асылып тұрған жерінен табылған.
Ауыл әкімі Оралбек Әбшановтың айтуынша, жұма күні Айшуаққа аудан орталығы Шалқардан сот-медицина сарапшылары келуі керек. Оқушының өліміне не себеп болғаны сараптамадан соң белгілі болады.
- Хабар тие салысымен мектеп директоры, сынып жетекшісі, мектеп психологы - бәріміз оқушының үйіне бардық. Мұғалімдер де, психолог та оқушы қыздың мінез-құлқынан өзгеріс байқамаған. Баланың шешесі де отбасында ешқандай конфликт болмағанын айтты. Үйлеріне келген қонақты шығарып салып, түнгі он екілерде шешесі қызын іздей бастайды. Сүйекті ауланың түпкірінен тапқан, - дейді Оралбек Әбшанов.
Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың сөзінше, 2007 жылы туған оқушы қыз артына хат қалдырмаған.
"Бай-қуатты отбасында тәрбиеленіп жатқан, оқу үлгерімі жақсы оқушы болатын. Өз-өзіне қол жұмсауына не себеп болғаны белгісіз" дейді Нұргүл Бертілеуова.
Ақтөбе облыстық полиция басқармасы да болған жайды растап, "Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу" бабы (Қылмыстық кодекстің 105-бабы) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Бала өлімінің себебін анықтау үшін полиция бірнеше сараптама тағайындаған.
Қазақстан суицид бойынша әлемде үшінші орында, ал Орталық Азияда бірінші орында тұр. Былтыр қаңтар-қыркүйек арасында елде жүзден аса жасөспірім өзіне қол салғаны хабарланды. Сарапшылар оқушылар арасындағы суицидке әлімжеттік, мектептегі буллинг себеп дейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Абай облысындағы ауылда 9-сыныптың екі оқушысы өзіне қол салып, біреуі көз жұмды