"Ақ жол" партиясы мәжіліс пен мәслихат сайлауына түседі

"Ақ жол" партиясының құрылтайы. Астана, 1 ақпан, 2023 жыл.

"Ақ жол" партиясы кезектен тыс мәжіліс және мәслихат сайлауына түседі. 1 ақпанда Астана өткен партияның XXI съезінде осындай шешім қабылданды.

Мәжіліс пен мәслихат сайлауына түсу туралы ұсынысты партия жетекшісі Азат Перуашев талқыға шығарды. Оны съезге қатысушылардың бәрі қолдады.

Съезд барысында мәжіліс сайлауына партиялық тізім бойынша – 54 адам, бір мандаттық округ бойынша 24 адам сайлауға түсетіні анықталды. Партия тізімінде мәжілістің бұрынғы депутаты Азат Перуашев, Дания Есбаева, Берік Дүйсембинов, Ерлан Барлыбаев, Қазбек Иса, Мақсат Раманқұлов, Серік Ерубаев және өзгелер бар.

"Ақ жол" партиясы 2002 жылы ресми түрде тіркелген. ОСК мәліметінше, партияның 200 мыңға жуық мүшесі бар. 2021 жылғы мәжіліс сайлауы кезінде партия парламенттен 12 орын алған.

Партия өздерін парламенттегі "оппозиция" деп көрсетуге бейім болғанымен, "Аманат" (бұрынғы "Нұр Отан") өкілдерін өткір сынаудан қашқақтайды, кейде мақтап та жатады. Саяси сарапшылар оны "парламентте жалған оппозиция рөлінде ойнайтын билікшіл" партия деп атайды.

Елде парламенттегі негізгі орынды "Аманат" партиясы иеленіп келеді.

ОСК өкілдерінің айтуынша, мәжілістің 69 депутаты партиялық тізіммен, 29-ы бірмандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланады. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен ел астанасы мәслихаттарының 50 пайызы мажоритар жүйемен, 50 пайызы партиялық тізіммен сайланады.

Қазақстанның және шетелдің құқық қорғаушылары елде азаматтардың саяси құқықтары көп шектелетінін, партиялық жүйе демократия ережелеріне сай емесін айтып, жиі сынайды. Саяси оппозиция өкілдері парламентте билікке шынайы қарсылас бірде-бір саяси күш жоқ деп есептейді және шынайы оппозициялық партиялар ресми тіркеуден өте алмай отырғанын айтады.

Қазақстанда мәжіліс (парламенттің төменгі палатасы) пен мәслихат сайлауы 19 наурызда өтеді.

Кандидаттарды ұсыну мен тіркеу 18 ақпанда аяқталады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Журналист Думан Мұхаммедкәрім мәжіліс депутаттығына үміткер болып тіркеле алмадыТәуелсіз бақылаушылар "жаңарған" сайлау заңындағы тосқауылдар туралы айттыТоқаев мәжіліс депутаттығынан үміткерлерді "қоғамға іріткі салатын әрекеттерден" аулақ болуға шақырдыОСК депутат болғысы келетіндерден құжат қабылдап жатыр Мәжіліс сайлауына жеті партия жіберілді, тағы екі жаңа партия тіркелуі мүмкін екені хабарланды