Қырғызстан мен Тәжікстан шекара мәселелерін тек бейбіт жолмен шешуге келісті

Қырғызстан мен Тәжікстан тулары.

2 ақпанда Қырғызстанның Баткен облысы Лейлек ауданында президенттің Баткен облысындағы өкілі Әбдікәрім Әлімбаев пен Тәжікстанның Соғды облысының жетекшісі Раджабой Ахмадзода кездесті. Бұл жөнінде президенттің Баткен облысындағы өкілдігі хабарлады.

Ақпаратқа қарағанда, тараптар шекара мәселесін тек бейбіт жолмен шешуге келіскен. Бұдан бөлек, қырғыз-тәжік делегациялары жергілікті билік өкілдеріне шекараға жақын жерде тұратын халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырған.

Қырғызстан мен Тәжікстан арасындағы шекараның ұзындығы – 972 шақырым: оның 682 шақырымы анықталған, 290 шақырымы даулы күйде қалған. Шекараның даулы тұстарында екі көрші арасында жиі қақтығыс болып тұрады. Ең ірі қақтығыстардың бірі былтыр қыркүйекте болды. Оның салдарынан, екі жақтың шығынын қоса есептегенде, 100-ден астам адам мерт болды. Жүздеген адам жараланды. Тараптар оқиғаға бір-бірін кінәлады.

Былтыр желтоқсанда екі ел үкіметтерінің топографиялық жұмыс тобы мемлекеттік шекара сызығының 17,66-шақырымының жобалық сипаттамасын жасаған.

Сол айда Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Баткен облысына жасаған сапарында қырғыз-тәжік шекарасын анықтау 2023 жылы жазға қарай аяқталады деп мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қырғызстан және Тәжікстан билігі шекарадағы жанжалды зерттейдіҚырғыз парламенті шекара тұрғындарына "ерекше жағдайда" қару тарату жөнінде заң жобасын қабылдады Путин қырғыз бен тәжіктің шекара дауын "шешетін" архив картасын беруге әзірҚырғыз-тәжік шекарасы: қайғы-қасірет әкелген қарулы жанжал. Қайталануы мүмкін бе?Тоқаев қырғыз және тәжік президенттеріне көңіл айтып, дауды бейбіт жолмен шешуге шақырды