АҚШ әскері жексенбінің кешінде тағы бір белгісіз әуе аппаратын атып түсірген. Бұған дейін Атлант жағалауында Қытай аэростаты мен Алясканың үстінде белгісіз нысанды атып құлатқан еді. Бұл жолы әуе нысанын Канада мен АҚШ шекарасы маңындағы Гурон көлі үстінде F-16 жойғыш ұшағы атқан.
"Би-би-си" Конгресс мүшелерінің бірінің көмекшісінің "сегіз бұрышты нысан шамамен 6 шақырым биікте ұшқан" деген сөзін келтірген. Америка әскери қызметкерлері бұл аппарат барлау мақсатында қолданылуы мүмкін деп біледі. Пентагон әзірге әуе аппараты не екенін және қай ел ұшыруы мүмкін екенін айта алмай отыр.
Тағы бір белгісіз нысан сенбіде Канада үстінде атып түсірілген.
Ақпанның бас кезінде АҚШ әуе кеңістігінің көп бөлігімен өткен, Қытайға тиесілі деген аэростат назар аудартқан. Америка билігі "Қытай оны стратегиялық нысандарды анықтауға пайдаланды" десе, Қытай "кәдімгі метерологиялық зонд" деп атаған. АҚШ бұл әуе шарын 4 ақпанда Оңтүстік Каролина жағалауында атып құлатқан. Бірнеше күннен соң Аляска үстінде жүрген тағы бір нысан атып түсірілді.
"Аляска мен Канада үстінен атып түсірілген нысандар Қытайдың аэростатына ұқсамайды, одан әлдеқайда кіші" деп мәлімдеді жексенбі күні Ақ үйдің ұлттық қауіпсіздік кеңесінің өкілі. АҚШ әскери қолбасшылығы өкілдерінің сөзінше, әзірше бұл нысандардың сынықтары табылмаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ Атлант мұхиты жағалауында Қытайдың әуе шарын атып түсірді ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Канада төбесінде белгісіз аппарат атып түсірілді