Ресейден Украинадағы соғысқа аттанып, қаза тапқан Бабур Абдумуминов пен Шахриер Жалолов Өзбекстанда жерленді. Олардың мәйіті 19 қаңтарда өздері тұрған Самарқанд облысы Булунгур ауданына жеткізілген. Бұл туралы Азаттықтың Өзбек қызметі хабарлады.
Ресей екі марқұмның мәйітін Өзбекстанға "Украинада қаза тапқаны" туралы құжатпен жіберген.
23 жастағы Шахриер Жалолов – Ресейге жұмыс істеп барып, сотталған мигрант. Жақындары ол соғысқа қалай барғанын, қалай қаза тапқанын білмейді. Самарқанд облысының АХАЖ бөлімі берген құжатта Жалолов көп қан кетіп қаза болғаны жазылған. Ал Ресей берген құжатта ол былтыр 16 желтоқсанда Украинаның Донецк облысында қаза болғаны көрсетілген.
26 жастағы Бабур Абдумуминов те Ресейге жұмыс істеуге барып, сегіз ай бұрын түрмеге түскен. Былтыр ол әкесімен телефонмен сөйлесіп, паспортының уақыты өтіп кеткені үшін түрмеге түскенін айтқан. Туыстары Бабур соғысқа қалай барғанынан хабарсыз, тек былтыр 15 желтоқсанда қаза тапқанын біледі.
Абдумуминовтің досы Азаттықтың Өзбек қызметіне Бабурды "Вагнер" тобының өкілдері соғысқа үгіттеп алып кеткенін айтқан. Оның сөзінше, "Вагнер" өкілдері Бабурға "Украинада бір ай соғыссаң, ақталып, Өзбекстанға ораласың, қосымша 3 мың доллар аласың" деп айтқан.
Орталық Азиядан, соның ішінде Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстаннан Ресейге барған еңбек мигранттары Украинадағы соғысқа Ресей жағынан қатысып, қаза тауып жатқаны жайлы бұған дейін де хабарланған. Қырғызстан мен Тәжікстаннан Ресейге барған мигранттарды да соғысқа түрмеден алып кеткен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
"Вагнерге" алданып қалды". Ресей түрмесінде отырған қырғыз азаматы Украинадағы соғыста опат болдыТәжікстанда Украинада қаза болған екі азаматты жерледі. Оларды Ресей түрмесінен соғысқа әкеткен