Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияда Ресей оппозициясы өкілдерімен кездесу өтті. Оған Михаил Ходорковский, Гарри Каспаров, Жанна Немцова және "Мемориал" құқық қорғау тобының өкілі Ирина Щербакова қатысты.
Пікірталас Кремльге қарсы оппозиция өкілдерінің Ресей болашағы жайлы ойларынан өрбіді.
Гарри Каспаров Ресей қоғамында оң өзгеріс туындауы үшін Украина соғыста жеңуге тиіс деді. Оның пікірінше, Ресей халқы соғыста жеңілгенін мойындауы керек. Қырым Украинаға қайтарылса, халық соны түсіне бастайды деді. "Қырым – путиндік мифологияның өзегі" деді Каспаров. Ол Батыс елдерін Украинаның жеңісі үшін бірігіп әрекет етуге шақырды.
Михаил Ходорковскийдің ойынша, Батыс елдері әскери қимылдар ушығып кетеді деп қорықпауға тиіс. Керісінше, жағдайды ушықтырмаймыз деп, Кремльдің талаптарына келісуге жол беруге болмайды.
"Бұл дегеніңіз ұрыға ұрлаған заттарымен қашып кетуіне мүмкіндік берумен пара-пар" деді ол. Оның ойынша, Ресейде президент билігі әлсіремей, билік бөлінісі мен билік тармақтары арасында баланс сақталмай, елдің көсегесі көгермейді. Осы аталған принцип сақталса ғана, Ресейдегі демократия баянды болады деді.
Жанна Немцова "Ресей азаматтарының көбі соғыста шын мәнінде не болып жатқанын білмейді және білгісі де келмейді" деді. Ол ресейліктерді ағарту маңызды екенін атап өтіп, рационал ғана емес, эмоциялық аргументтерді де пайдалану керектігін алға тартты.
Оны қолдаған Ирина Щербакова "Батыс елдері Ресей билігі құласа, бейберекеттік болады деп қауіптенбеуі керек" деді. Оның пікірінше, мұндай қорқыныштың тарауына Кремльдің өзі мүдделі болып отыр, одан арылу керек деді.
Мюнхендегі қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференция 17-19 ақпанда өткен. Биылғы конференцияның тақырыбы - Украинадағы соғыс. Конференцияға көп елдің басшылары мен жоғары лауазымды тұлғалары қатысты. Арасында Германия канцлері Олаф Шольц, Франция президенті Эмманюэль Макрон, АҚШ вице-президенті Камала Харрис бар.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Нуланд: АҚШ Украинаның Қырымдағы ресейлік әскери нысандарды соққылауын қолдайды