Бір топ өзбек және тәжік жұмысшысы Ресей басып алған Украинаның Запорожье облысында окоп қазғаны үшін еңбекақы ала алмай жүргеніне шағымданған. Бұл жөнінде Baza Telegram-арнасы хабарын Азаттықтың Өзбек редакциясы жариялады.
Осы мәліметке қарағанда, жұмысшыларға 800 000 рубль төлейміз деп уәде берілген.
Өзбекстан мен Тәжікстаннан барған 33 құрылысшы қаңырап қалған үйге орналасып, жұмысқа кіріскен. Окопты трактормен қазып, содан соң бөренемен бекіткен.
Әминжон есімді тәжік құрылысшысының Baza-ға айтуынша, жұмыс аяқталған соң оған 595 000 рубль төлеген. Жұмысшылар қалған ақшасын ала алмаған.
"Құрылысшылардың бір бөлігі әзірше Мәскеуге орала алмайды. Кейбірі соқырішек болды, кейбірі қолын сындырды, бірақ ешқайсына жөні түзу медициналық жәрдем көрсетілмеді" деді Әминжон.
Мәскеуге оралған Әминжон мен Тәжікстанның тағы үш жұмысшысы полицияға арызданған. Осыдан кейін Әминжонға белгісіз нөмірден біреулер телефон соғып, қоқан-лоқы жасаған.
"Жұмыс беруші жұмысшылармен ешбір келісімшарт жасаспаған. Қатты қорқып қалған жұмысшылар үйінен шыға алмай отыр" деп жазады Baza.
Укранаға басып кірген Ресей Орталық Азия елдерінің еңбек мигранттарын жаулап алған өңірлеріне жұмысқа баруға шақырып, олар көбірек жүретін жерлерге тиісті хабарландыру ілгені жайлы бұған дейін жиі айтылған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейдегі мобилизация Орталық Азиядан барған мигранттарға сор болды ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Санкция қыспағындағы Ресейде еңбек мигранттары жұмыссыз қалып жатыр