Accessibility links

"Алдап-сулап, қорқытып, мәжбүрлейді". Ресейдегі мобилизация Орталық Азиядан барған мигранттарға сор болды


Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін әскерге шақырылған азаматтар көлікке мініп жатыр. Краснодар өлкесі, 25 қыркүйек 2022 жыл.
Ресейде мобилизация жарияланғаннан кейін әскерге шақырылған азаматтар көлікке мініп жатыр. Краснодар өлкесі, 25 қыркүйек 2022 жыл.

Құқық қорғаушы топтар Ресейдің Орталық Азия азаматтарын немесе екі елдің паспорты бар адамдарды мобилизацияға тарту үшін түрлі айла-шарғыға барып жатқанын айтады. Олардың кейбірін мәжбүрлесе, кейбірін алдап-сулап соғысқа қатыстыруға тырысқан.

15 қазанда Ресейдегі Солоти полигонында ТМД елінен шыққан екі адам әскери қарудан оқ жаудырды. Шабуыл жасаған екеу мен Ресейдің 11 азаматы қаза тапты деп хабарлады ақпарат құралдары. Бұдан бірнеше апта бұрын Украина күштері қарсы шабуыл жасаған соң, Кремль Ресейде "ішінара" мобилизация жариялаған еді.

Солотидегі шабуыл жасағандардың бірі – 24 жастағы Тәжікстан азаматы Эхсон Аминзода болған деген ақпарат тарады. Мұны оның туыстары Азаттықтың Тәжік қызметіне хабарлады. Аминзоданың ағасы Фируз інісінің "террорист" емес екенін, кейінгі жеті айда Мәскеу мейрамханасында жұмыс істеген қарапайым мигрант болғанын айтады.

Белгородтағы бұл оқиға жайлы әлі де көп нәрсе белгісіз болғанымен, ол Ресейдегі мобилизацияның сол елде жұмыс істеп жүрген Орталық Азиядан шыққан миллиондаған адамға қауіп төндіретінін аңғартқандай болды.

Құқық қорғаушылар мыңдаған мигранттың көмек сұрап хат жазып жатқанын, олардың көбі Ресей армиясына қателесіп жазылғанын немесе солай істеуге мәжбүр болғанын айтады.

"Тонг Жахони" құқық қорғау ұйымының директоры Валентина Чупик күн сайын мигранттардан бес жүзден астам өтініш түседі, соның үштен бірі соғысқа тарту жайлы шағым дейді. Ресей билігі әскери мобилизацияның аяқталуға таяғанын мәлімдегеніне қарамастан, арыз-өтініш толастамаған.

"Сахарово" мигранттар орталығына кіруге кезекте тұрған адамдар. Мәскеу, Ресей, 2 сәуір 2015 жыл. Көрнекі сурет.
"Сахарово" мигранттар орталығына кіруге кезекте тұрған адамдар. Мәскеу, Ресей, 2 сәуір 2015 жыл. Көрнекі сурет.

Мысалы, Мәскеудегі Сахарово көші-қон орталығында мигранттарға қырық беттен тұратын құжатқа қол қоюды ұсынған. Соның арасында әскери қызмет туралы құжаттар да болған. Тағы бір жайттар Орталық Азиядан шыққан, Ресей азаматтығы жоқ немесе ыхтияр хаты бар азаматтарға байланысты болған.

"Ресей қазір бәрін істеп жатыр, – деді Чупик Настоящее время телеарнасына. – Полиция немесе ұлттық гвардия [мигранттарды] көшеде ұстап алып, сабап, [жанды жерінен] ұрып, армияға баруға мәжбүрлеген [жайттар бар]. Әрине, [содан кейін] олар [әскер қатарына] жазылады".

Соғыс мигранттар жиі тап болатын бопсалау мен бюрократиялық әуре-сарсаңды одан әрмен күшейтіп отыр дейді Чупик.

Орталық Азияның қанша азаматы немесе қос азаматтығы бар қанша адамның Ресейдегі әскери мобилизацияға ілінгені әзірге белгісіз.

ҚАМАУДАҒЫ МИГРАНТТАР

21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин елде "ішінара" мобилизация жариялады. Содан бір күн бұрын мемлекеттік дума заңға шетел азаматтарына бір жыл әскери қызмет атқармай-ақ Ресей паспортын алуға мүмкіндік беретін өзгерту енгізді.

Одан кейінгі апталарда Мәскеудегі Сахарово орталығында мигранттарға армия қатарында қызмет атқарғандарға үш мың доллар төленетіні жазылған қағаздар таратылған. Бұл кезде Орталық Азия елдерінің билігі шетелдегі соғысқа қатысқан азаматтардың қылмыстық жауапқа тартылатынын ескертіп жатқан еді.

Ал Ресейдегі "Вагнер тобы" деп аталатын жекеменшік жалдамалы әскери компания қамауда отырғандар мен сотталып, түрмеде жазасын өтеп жатқан адамдарды армия қатарына тартуға белсене кірісіп кеткен.

Олардың Ресейдің оңтүстік-батысындағы Ставрополь өлкесінде "иммиграция заңын бұзғаны үшін" қамауға алынған мигранттарға шыға бастағаны туралы хабар түсті дейді Мәскеуде орналасқан "Русь сидящая" үкіметтік емес ұйымның сарапшысы Руслан Вахапов.

"Бұл адамдар еліне қайтуға билет сатып алып қойған, бірақ орталыққа келген әскери кісілер оларды жібермей отыр. Олар [мигранттарға] қарулы күштер құрамына қосылудың артықшылығын айтып жатыр" дейді Вахапов.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитіне қатысушы Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев тал егу рәсімінде. Самарқан, Өзбекстан, 15 қыркүйек 2022 жыл.
Шанхай ынтымақтастығы ұйымы саммитіне қатысушы Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев тал егу рәсімінде. Самарқан, Өзбекстан, 15 қыркүйек 2022 жыл.

Оның сөзінше, Ресей түрмелерінде отырған Орталық Азия азаматтары әкімшілік өздеріне қатаң қарай бастағанын айтып шағынған.

Владимиров облысындағы қамау мекемесінде отырған Өзбекстан азаматының анасы осы ұйымның көмегіне жүгініп, ұлы хатында өзіне қауіп төнгенін астарлап жеткізгенін айтқан. Оның ұлы оппозиция саясаткері Алексей Навальный отырған түрмеде болған.

Әйел ұлын басшылықпен ауыз жаласқан тұтқындар қинаған деп есептейді.

Вахапов ол адамның мобилизациядан аман қалуына Өзбекстанның Мәскеудегі елшілігінің араласуы көмектесті дейді.

"Олар араласқан соң ертеңіне оны [әскерге кетуге] дайын тұтқындар отырған жерден жалпы бөлімге ауыстырған. Түрмедегі жұмысына қайта оралуға рұқсат берген" дейді Вахапов.

ҚАУІП ӘЛІ СЕЙІЛГЕН ЖОҚ

"Тонг Жахони" ұйымының жетекшісі Чупик қыркүйектің аяғымен салыстырғанда қазір арыз-шағым азайғанын, мигранттарға "ақыл кіргенін" айтады.

Бұл ұйым Владимир Путин мобилизация жариялағаннан кейін, Орталық Азиядан шыққан қос азаматтығы бар жүздеген адамға Ресейден кетуге көмектескен. Мобилизация жарияланған соң ондаған мың ер азамат Ресейден шетелге қашқан.

Бірақ кейбір мигранттар еш шара қолданбаған.

Әскерге шақырылған ер азаматтар мобилизация орталығында тұр. Батайск, Ростов облысы, Ресей, 26 қыркүйек 2022 жыл.
Әскерге шақырылған ер азаматтар мобилизация орталығында тұр. Батайск, Ростов облысы, Ресей, 26 қыркүйек 2022 жыл.

Осы айда Азаттықтың Қырғыз қызметі полицияның Қырғызстан азаматын Мәскеудегі пәтерінен әскери коммисариатқа күштеп апарғанын, ауру бүйрегіне операция жасатқан оның әскерге денсаулығы жарамайтынына да қарамағанын жазды.

Аты-жөні Есен деп көрсетілген 36 жастағы ер адам орталықта бірнеше сағат ас-сусыз отырып, денсаулығы нашарлап, есінен танып қалған. Ауруханаға барған соң дәрігерлер бүйрегінің ауыратынын растайтын құжат берген. Бірақ әскери комиссариат оның Ресей паспортын қайтармай, армия қатарына қосылмаса қамауға алынатынын айтқан.

Есен мен әйелі пәтерінен қашып, жасырынуға мәжбүр болған. Қазір олар Ресейден кету үшін Қырғызстаннан келуі тиіс паспортын күтіп отыр.

14 қазанда президент Путин "ішінара" мобилизация осы айдың аяғына қарай аяқталатынын, алғашқы үш аптада 220 мың адам әскерге алынғанын мәлімдеді. Үш күннен кейін Мәскеу мэрі Сергей Собянин қалада мобилизация аяқталғанын, әскерге қатарына шақыруға жауап бермеген азаматтарға ештеңе болмайтынын айтты.

Бірақ Чупик Ресей азаматтығын алған немесе паспорты жоқ мигранттардың әлі де "ерікті түрде" соғысқа тартылу қаупі барын айтады.

"Келісім шарт бойынша армияға шақыртуды ешкім тоқтатқан жоқ қой" дейді ол.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG