Accessibility links

Украинадағы соғысқа Ресей әскері құрамында қатысқан Қырғызстанның екі азаматы қаза тапты


Ресей күштері қатарында Украинадағы соғысқа барып, қаза болған Қырғызстан азаматтары Руслан Полотов (сол жақта) пен Аманбек Құрбанбаев.
Ресей күштері қатарында Украинадағы соғысқа барып, қаза болған Қырғызстан азаматтары Руслан Полотов (сол жақта) пен Аманбек Құрбанбаев.

Қырғызстанда Украинадағы соғыста Ресей әскері жағында соғысқан екі азаматты жерледі. Қырғызстан заңы бойынша, ел азаматтарына басқа елдегі әскери қақтығыстарға қатысуға тыйым салынады. Сондықтан "Қырғызстанның екі азаматы Украинадағы соғысқа қалай кетті?" деген сұрақ туады.

Отставкадағы милиция майоры Аманбек Құрбанбаев Украинада Ресей күштері қатарында соғысқан. 23 мамырда Донбасста жараланып, ауруханаға түскен. 8 маусымда қаза тапқан Құрбанбаевты 13 маусымда туған жері – Қырғызстанның Жалал-Абад облысы Ақсы ауданы Авлетим ауылында жерлеген.

Аманбек Құрбанбаев Қырғызстан ІІМ арнаулы жасағында қызмет атқарды, Баткендегі оқиғаларға қатысып, "Ердік" медалімен марапатталған. Туыстарының қарсы болғанына қарамастан, Украинадағы соғысқа кеткен.
Аманбек Құрбанбаев Қырғызстан ІІМ арнаулы жасағында қызмет атқарды, Баткендегі оқиғаларға қатысып, "Ердік" медалімен марапатталған. Туыстарының қарсы болғанына қарамастан, Украинадағы соғысқа кеткен.

Оның Ресейде тұратын туған інісі Урматбек Құрбанбаевтың сөзінше, Аманбек Құрбанбаев 2022 жылы наурызда Иркутск қаласына жұмыс істеуге кететінін айтқан. Урматбек ағасының Украинаға соғысуға кеткенін кейін білген.

– 27 наурызда хабарласып, "Иркутск патруль қызметінде жұмыс істеймін, қазір ұшамыз" деді. Сәуірде, ораза кезінде хабарласты. Бір минуттай сөйлестік. Мариупольде болғанын, ол жақтың қауіпті екенін айтты. Азық-түлікке керек деген соң ақша салып жібердім. Содан кейін хабарсыз қалды. 17 мамырда видео арқылы хабарласты. Ол кезде Грозныйда еді. Ахмад полкімен келісімшарты барын, ертеңінде екінші рет Украинаға кететінін айтты. Барма дедім, бірақ тыңдамады. 29 мамырда біреудің телефонынан хабарласып, жараланғанын, Ростовта жатқанын айтты. Бірден Мәскеуге тарттым. Жол ұзақ еді. Ресейге 30 мамырда жеттім. Мен барғанда реанимацияда жатыр екен. Өзі тыныс ала алмайтын, сөйлей алмайтын. Сол жерде 5 маусымға дейін болды. Оған күніне екі рет кіріп жүрдім. 23 мамырда Северодонецк қаласындағы шайқаста оған снайпер оғы тиіпті. Сол жерде бес сағат жатқан. Екі адам оны сүйреп, әрең алып шығыпты. Донецкіге жеткізіп, алты операция жасаған. 28 мамырда Ростовқа апарған. Ол жерде жеті операция, кейін Мәскеудегі әскери госпитальға ауыстырып, тағы екі операция жасаған.

Аманбек 8 маусымда қайтыс болды. Украина жеріндегі соғыста жараланған соң Ресей [билігі] көмектесіп тұрды. Қайтыс болғаннан кейін көмек сап тыйылды. Соны айтып едік, денесін бермеймін деген сөз шығара бастады. Өз қаражатымызға алып кеттік. Мәскеуде жұмыс істейтін отандастар көмектесті. Оның соғысқа қалай кеткені жұмбақ күйінде қалып отыр.

Аманбектің ағасы Смайылбек Ибраимов інісі алты баласымен Бішкекте тұрғанын айтады. Соңғы рет Ақсыдағы туыстарына наурызда барып, АҚШ-қа жұмысқа кететінін айтыпты.

Аманбек Құрбанбаевтың ағасы Смайылбек Ибраимов.
Аманбек Құрбанбаевтың ағасы Смайылбек Ибраимов.

– Сол кезде Америкаға кететінін айтты. Ол жаққа виза керек қой деп таң қалдық. Кейінірек оның Украинаға кеткенін білдік. Жараланған соң қасында Урматбек болды. Үш оқ тиген адамның аман қалуы мүмкін бе? Аманбек 1999 жылы милицияға жұмысқа кірді. ІІМ академиясын бітірген, кейін АҚШ-та тәлімдемеден өтті. 2006 жылы Баткенге басып кірген экстремистерді жою операциясына қатысты. Жаралы командирін алып шыққаны үшін марапат та алған. Бала кезінен ұқыпты еді, әр істі тиянақты атқаратын, қырағы болатын. Балалары өсті, отбасы күтті. Немерелері де бар. Өмір осымен тоқтап қалмайды. Енді отбасына қолдау керек. Інім соғысқа Ресей мүддесі үшін қатысты. Бұл мәселені Ресей мен Қырғызстан арасында шешу керек.

Аманбек Құрбанбаев 1972 жылғы 1 тамызда Ақсы ауданы Авлетим ауылында дүниеге келген. Кей дерек бойынша ІІМ арнайы жасағында қызмет еткен. Баткен оқиғасына қатысып, "Ерлік" медалімен марапатталған. 2015 жылғы парламент сайлауында "Замандаш" партиясынан кандидат ретінде тіркелген.

"РУСЛАН БІЛІМДІ ЖІГІТ ЕДІ"

Украинадағы соғыста Қырғызстанның тағы бір азаматы – 38 жастағы Руслан Полотовтың қаза тапқаны белгілі болды. Талас облысы Үш-Қорған ауылының тумасын 3 маусымда жерлеген.

Марқұмның ағасы Ислам Полотов туыстары Русланның Украинаға кеткенінен бейхабар болғанын айтады.

– Ресейге шамамен екі жыл бұрын кеткен. Украинаға қашан кеткенін нақты айта алмаймын. Ол жаққа ерікті боп барған ғой. Луганск облысындағы Рубежное қаласында қаза тапты. Сүйегін Мәскеуден елге жеткізіп, 3 маусымда жерледі. Ол Қырғызстан азаматы еді және Ресей паспортын алатын ойы да болмаған.

Украинадағы соғыста қаза тапқан қырғызстандық Руслан Полотов.
Украинадағы соғыста қаза тапқан қырғызстандық Руслан Полотов.

Қырғызстандық "Акипресс" сайтының дерегінше, Руслан Полотов 2003-2008 жылдары Мәскеу әскери училищесінде оқыған. Ағылшын, түрік тілдерін білген. 2002-2003 жылдары Қырғызстан қорғаныс министрлігінің арнайы әскери бөлімінде қызмет атқарған. 2008-2010 жылдары сол бөлімнің командирі болған. Әскери қызметі үшін бірнеше рет марапатталған.

2013-2014 жылдары Қырғызстан президенті жанындағы басқару академиясында жоғары білім алған. Сол жылдары Талас облысы әкімшілігінде еңбек жолын бастап, губернатор көмекшісі болып қызмет атқарған. 2015 жылдан бастап Ресейге кеткенге дейін Таласта АРИС бағдарламасының сарапшысы болып жұмыс істеген.

Үйленген, екі баласы бар деп хабарланды.

Полотовпен АРИС бағдарламасында әріптес болған Бахтияр Қамалдинов Русланды білімді адам болатын, намаз оқитын деп сипаттады.

– Облыс әкімшілігінде губернатор көмекшісі болып жұмыс істеп жүргенде сыртынан білетінмін. Конкурстан өтіп, бізде жұмыс істей бастады. АРИС-те 2020 жылдың қыркүйегіне дейін бірге жұмыс істедік. Қысқарып қалды. Руслан білімді жігіт еді. Орыс, ағылшын тілдерін білетін. Ең үздік қызметкер, жауапты және жаңаша көзқарастағы адам еді. Мәскеудегі әскери училищеде оқыды. Жұмыста тиянақты, өз ісін білетін адам болды. Бес уақыт намаз оқитын. Дін жайлы сөйлесіп, пікір алмасатынбыз. Орысша жазғанда одан кеңес сұрайтынмын. Отбасына қамқор азамат еді.

Қырғызстан заңы бойынша, басқа мемлекетте әскери қақтығысқа немесе әскери іс-әрекетке қатысқаны үшін қырғыз азаматы 5- 8 жылға дейін бостандығынан айырылады.

Соған қарамастан Қырғызстан азаматтарының Украинадағы соғыста екі ел жағында да соғысып жатқаны туралы ақпарат тарап жатыр.

Бұған дейін Азаттық Украина әскеріне өз еркімен кіріп, жараланғандарға көмектесіп жүрген Дайырбек (есімі өзгертілді) атты адам туралы жазған еді.

32 жастағы азамат былтыр желтоқсанда Киевке кетуді ұйғарған. Сол жақта шаштараз болып жұмысқа тұрған.

– Жыл басында Киевте үрей жоқ еді. Жергілікті халық та соғыс болмайды деп айтып жүрді. Сонда қалып, жұмыс істеймін деп ойладым. Екі айдан соң соғыс басталды. Сол кезде таныстарымның ерікті болып әскер қатарына қосылып жатқанын білдім. Соларды көріп, украиндарға көмектескім келді.

Біршама уақыттан соң Қырғызстан ұлттық қауіпсіздік жөніндегі мемлекеттік комитеті Украинадағы соғысқа қатысты деген күдікке ілінген азаматтың үстінен қылмыстық іс қозғады.

Украина мен Ресей арасында соғыс басталғалы Қырғызстан бейтарап ұстанымда екенін мәлімдеген.

Ресей Украинаға басып кіргеннен бері ол елдегі соғыста Ресей азаматтығын алған Қырғызстанның үш тумасы қаза тапты:

• 19 жастағы Эгемберди Дорбоев 25 наурызда Ыстықкөл облысы Қараой ауылында жерленді. 22 наурызда Қырғызстанның Ресейдегі елшілігі Ресей қарулы күштері қатарында келісімшарт бойынша қызмет атқарып жүрген Ресей азаматы Эгемберди Дорбоевтың қаза тапқанын ресми түрде растады. Туыстары одан айырылып қалғанын 16 наурызда білгенін хабарлады. Ресейлік кейбір медиа құралдары Дорбоев 8 наурызда қаза тапқан деп жазды.

• 26 жастағы Рустам Зарифулин Ресей азаматтығын алған. Ол 14 наурызда Украинада қаза тапқан. Зарифулин 27 наурызда Карабалтада жерленді. Жерлеу рәсіміне "Қант" әскери базасы басшылығы қатысқан.

• 20 жастағы Исломжан Камилов Ош облысының Өзген ауданында туып-өскен. 2019 жылы Ресейге кетіп, бір жылдан соң жол елдің азаматтығын алған. 2021 жылы әскерге шақыртылған. Туыстарының сөзінше, оның әскери қызметі жарты жылдан соң аяқталуы тиіс болған. 23 сәуірде Исломжан Каримовтың сүйегін Қырғызстанға жеткізген.

Азаматтық қоғам өкілдері Ресей азаматтығын алған екі адамды жерлеуге Қырғызстан әскери қызметкерлері мен Ресейдің "Қант" әуе базасы мүшелері екі елдің туын ұстап қатысқанын сынға алды.

Ал Аманбек Құрбанбаев пен Руслан Полотовты жерлеуге тек туыстары мен жақындары қатысқан.

Өткен аптада The Guardian басылымы Батыстағы дереккөздерге сүйеніп, Ресей Украинадағы соғыста 20 мыңнан астам сарбазынан айырылды деп жазды. Киев Ресейдің 30 мыңнан астам адамы майданда мерт болды дейді.

Мәскеу наурыздан кейін адам шығыны жайлы дерек жарияламайтын болған. Наурызда Ресей қорғаныс министрлігі 1351 әскери қызметкері қаза тапқанын хабарлаған. Украина соғыс басталғалы 10 мың адамынан айырылды.

Азаттықтың Қырғыз қызметінің материалынан аударылды.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG