27 наурызда Маңғыстау облысындағы Жетібай кентінің жұмыссыз тұрғындары "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясы игеріп жатқан кенішке баратын жолды жауып тастады. Олар Жетібай тұрғындарына бөлінген жұмыс орындарын көбейтуді, жұмыс беруді талап етті.
Ауылдың 200-ден астам тұрғыны жолды таңертеңгі 10-нан бастап жауып, әзірге ашпай отыр. Ереуілге отбасыларымен, сәбилерімен бірге шыққандар да бар.
Жетібай тұрғындарымен кездесуге Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков пен аудан прокуроры Берік Бүркітбаев келді. Ауыл тұрғындары жіберген видеодан прокурор рұқсат етілмеген жиын өткізуге болмайтыны жөнінде ескерту жасап, адамдарды таратуға тырысып жатқаны көрінеді.
"Талап орындалмай тарқамаймыз" деген тұрғындар прокурордың ескертуіне наразы болды. Олардың сөзінше, биыл қаңтар айында сол төңіректегі мұнай кеніштерінен наурыздың 25-інде Жетібай тұрғындарына бос жұмыс орындары бөлінетіні туралы уәде берілген. Бірақ вакансия Жетібай тұрғындарына аздық еткен.
– Неге Жетібайға вакансия аз бөлінеді? Жетібай мұнайы радиациясының зардабын біз тартамыз, балын басқалар жемек пе? – дейді Жетібай тұрғыны Жұмагүл Омарова.
Оның сөзін қолдаған Дәулет Қалниязов есімді тұрғын тұрақты жұмыс беруді талап етті.
– Жетібай жұртына өндірістен тұрақты жұмыс керек. Бөлінген вакансия талан-таражға салынбай, Жетібайға берілсін, – деді ол.
Көпбалалы әйел Толқын Бейсенбаева сегіз адамды зейнетақысымен асырап отырғанын, "бүгін үйінде жейтін наны жоғын" айтты.
Қарақия ауданының әкімі Қыдырберді Беков Азаттыққа "рұқсатсыз жиналу заңға қайшы екенін түсіндіріп жатырмыз" деді. Оның сөзінше, Жетібай тұрғындары "Маңғыстаумұнайгаз" компаниясына жұмысқа тұрғысы келеді. Бірақ компания бөлген бос жұмыс орындары бәріне жетпейді".
Қарақия ауданына қарайтын Жетібай кенті облыс орталығы – Ақтау қаласынан 75 шақырым жерде. Жетібайда "Маңғыстаумұнайгаз" акционерлік қоғамына қарасты "Жетібай", "Шығыс Жетібай", "Оңтүстік Жетібай" мұнай-газ кәсіпшіліктері бар. Кентте 20 мыңға тарта адам тұрады.
Жетібайдағы жұмыссыздық мәселесі бұған дейін де жиі көтерілген. 2014 жылы тұрғындар өздері комиссия құрып, жұмыссыз адамдардың тізімін де жасаған. Бірақ мәселе толық шешілмей келеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Жетібайдағы ереуіл: Компания жеті адамды жұмыстан шығарды, жұмысшылар шешімді жоюды талап етеді