Маңғыстау облысы Қарақия ауданында Techno Trading LTD мұнай сервисі компаниясының 100-ден астам жұмысшысының ереуілі жалғасып жатыр. Жұмысшылар жалақыны 100 пайыз өсіруді талап етеді. Олар 9 наурыздан бері Жетібай кенішіндегі кәсіпорын маңында ереуілдеп тұр.
"Жетібайда тұрғанымызға жеті күн болды. Осындай желді күні басшылардан ешкім хабарласып жатқан жоқ. Талап орындалып жатқан жоқ" деді жұмысшылардың бірі Азаттыққа жолдаған видеода.
"Бүгін – 15 наурыз. Мәселелеріміз шешілген жоқ. Облыс әкімі [Нұрлан Ноғаев] араласып, мәселе шешілсін. Жігіттер күндіз-түні жүр. Егер осылай жалғаса берсе, аштық жариялаймыз. Талаптарымыз орындалсын!" деді жұмысшылардың бірі тағы бір видеода.
Бұған дейін жұмысшылар өздерін ереуілге байланысты қудаламауды талап еткен.
14 наурызда жұмысшылар компания басшылығы мен жергілікті билікке видеомәлімдеме жасап, жұмыстан шығарылған әріптестерін жұмысқа қайта алуды талап еткен. Жеті адамды жұмыстан шығару туралы шешімді оқыған цех басшысына наразылар тек компания директоры Фатима Цаголовамен сөйлесетінін айтты. Азаттық әзірге кәсіпорын басшылығынан түсініктеме ала алмады. Сәрсенбі күні компанияның телефондарын ешкім көтермеді.
Алайда 14 наурызда кешкісін әлеуметтік желіде "наразы мұнайшылар мен компания директоры сөйлесіп тұрғаны" жайлы видео тарады. "Жалақыны өсіріңіздер, біз цехқа кіріп, істей береміз" деіді жұмысшылар видеода. Ал әйел адам оған "жалақы өсіруге мүмкіндік жоқ" деп жауап берген. Бұдан соң жұмысшылар оған ереуілді жалғастыра беретінін айтты.
13 наурызда Қарақия аудандық соты Techno Trading LTD компаниясының жұмысшылардың ереуілін заңсыз деп тану туралы шағымын қанағаттандырған. Іс материалдарына қарағанда, сотта жауапкер ретінде 130 адамның аты-жөні көрсетілген. Істі Қарақия аудандық сотының судьясы Жұмаев қараған.
Бұған дейін наразылар 7 наурызда жұмысшыларға айлық берілгенін, бірақ біраз бөлігін басшылық ұстап қалғанын айтқан. Оған жуырда директордың тәртіпсіздікке байланысты айыппұл салу туралы бұйрығы себеп болған деп айтылады. Оның алдында ақпан айында жұмысшылар жиын өткізіп, еңбекақы төлеу жүйесі бойынша ұсыныстарды талқылаған. Осыдан соң жұмыс беруші "45 минут жұмыста болмағаны үшін" ондаған адамның үстінен хаттама толтырған.
Компанияның ресми сайтындағы мәліметке қарағанда, Techno Trading LTD 1999 жылы Алматыда құрылған. Негізгі өндіріс ошағы Маңғыстау облысында орналасқан. Компрессорлық құбыр мен сорғы қарнақтарын жөндейтін цехтан бөлек, кәсіпорында кемінде төрт жөндеу цехы мен геофизика басқармасы бар.
Жетібайдағы наразылардың айтуынша, қазір кен орнындағы көрші кәсіпорын жұмысшылары оларға тамақ әкеліп жатыр. Наразылар күндіз компания ғимараты маңында ереуілдеп тұрады, түнде кезектесіп көліктеріне барып жылынады.
2014 жылдан бері Techno Trading LTD жұмысшылары жалақы өсіру мәселесін бірнеше рет қозғаған. 2021 жылы жалақы өсіруді талап еткен ереуіл шамамен үш аптаға жалғасып, ізінше жұмысшылардың жалақысы 30 пайызға өсірілді.