7 мамырдың кешіне қарай Петропавл маңындағы қамыс өртенген. Өртті жел айдап, төңірегіндегі жекеменшік үйлерген түскен. Ресми мәліметке қарағанда, тоғыз үй өртенген, жеті үйде адам тұрып жатқан.
Жергілікті билік 40 адамды эвакуациялаған. Солтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдай департаменті өрттің 21:55-те өшірілгенін хабарлады. Адамдар зардап шекпеген.
Алайда жергілікті "Петропавловск.news" сайтының мәліметіне қарағанда, бір адам ауруханаға түскен.
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров үйі өртенгендерге уақытша баспана берілетінін телеграм-арнасында хабарлады.
"Өртенген үйдің тұрғындары №25 мектеп ғимаратына уақытша орналастырылды. Төсек-орын, ас-су берілді. Тұрғындармен кездестім. Арнаулы комиссия құрылды. Үйі өртенгендерге уақытша баспана береміз",- деді ол.
Өрт себебі әзірге белгісіз, жергілікті биліктің хабарына қарағанда, қауіпсіздік ережесі сақталмаған, алау жаққандар да болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Атырауда ауадағы күкіртсутектің мөлшері тағы шамадан асып кеткен