Еуропа одағы санкция салынған техникалық құралдардың Ресейге жеткізілуін тоқтату үшін Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Түркия елдеріне шара қабылдауы мүмкін. Бұл туралы Politico сайты хабарлады.
Politico сайтының жазуынша, Еуропа одағы үшінші елдерге қолданатын шараны Ресейге қарсы санкциясының 11-пакетіне қосуды жоспарлайды. Бұған дейінгі санкциялар құжатында тек Ресей ғана аталып келген еді, алғаш рет ЕО санкция туралы құжатына басқа елдерге шара енгізілмек.
Еуропа одағының 11-санкция пакетінің құжаттары 8-9 мамырда халықаралық агенттіктердің редакцияларына тарап кетті. Құжатты Politico редакциясынан бөлек Reuters агенттігі де көрген.
"Еуропа одағы алғаш рет Ресейге санкция салу туралы құжатта Мәскеуге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп отырған үшінші елдерді қоспақ. ЕО Қытай мен Түркия Ресейге көп көмектесті деп санайды, бірақ еуропалық дипломаттар Анкара мен Пекинге шара қабылданса, бұл Еуропа одағының маңызды сауда серіктестері Қытай және Түркиямен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін екенін ескерткен. ЕО үш дипломаты санкция құжаттары Орталық Азия елдеріне сабақ болады деп мәлімдеген" дейді Politico.
ЕО санкциясының 11-пакетінде Қазақстан, Түркия, Қытай Өзбекстанға нақты санкция салынады деп жазылмаған. Еуропа одағы елдері нақты шешім мен шараны алдағы уақытта қабылдамақ. 11-пакетке Ресейдің 72 азаматы мен 31 компаниясы енген.
Reuters пен Politico сайтының жазуынша, Еуропа одағындағы дипломаттар санкцияның 11-пакетіне талқылауды ертең, 10 мамырда бастайды.
Сәуірдің соңында Қазақстанға Еуропа одағының, Ұлыбританияның және АҚШ-тың санкцияға жауапты шенеуніктері, АҚШ-тың қаржы министрінің орынбасары Элизабет Розенберг келіп кеткен. Олар Қазақстанға санкция салынуы мүмкін екенін ескерткен еді. Батыс елдері санкция салынған техникалық құралдар Қазақстан және Орталық Азия арқылы Ресейге өтіп жатыр деп күдіктенеді.
ЕО санкциялар бойынша елшісі Дэвид О'Салливан Астанаға келгенде Брюссельде үшінші елдерге санкция салу механизмі жоғын, бірақ үшінші елдердегі компанияларға шектеулер қойылуы мүмкін екенін ескерткен.
Your browser doesn’t support HTML5
Қазақстан үкіметі бірнеше рет Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп отырған жоқпыз деп мәлімдеп, санкцияларды Қазақстан арқылы айналып өтуге "жол бермейтінін" айтқан.
Ресми дерек бойынша, былтыр ЕО елдерінен Қазақстанға импорт көлемі 2 млрд долларға артып, 8 млрд долларға жеткен. Ал Қазақстаннан Ресейге экспорт 25 пайызға өскен.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Bloomberg: ЕО жанама санкция механизмін жасайды. Оған Орталық Азия елдері ілігуі мүмкін