Бішкек қырғыз Азаттығын бұғаттаған заң жобасына түзету енгізетін болды

Қырғызстан Жогорку кеңешінің көлік, коммуникация, архитектура және құрылыс комитеті 16 мамырда "Жалған ақпараттан қорғау туралы" заң жобасына енгізілген өзгерістерді мақұлдаған. Бұл жөнінде парламенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Заң жобасын ұсынушылар "қолданыстағы заңның кейбір нормалары өзара қайшы келеді және БАҚ-та жарияланған ақпарат үстінен шағым түсіргендерді ғана қорғауға бағытталған" деп есептейді.

Заң авторларының бірі депутат Жанарбек Ақаев сайтты 24 сағатта блоктау және жалған ақпарат туралы шағым түскеннен кейін БАҚ редакциясына үш күн мұрсат беру туралы нормаларды алып тастау ұсынылғанын бұған дейін хабарлаған.

Заң жобасының авторлары шағым тек бір жақтың қатысуымен емес, шағымданушы мен БАҚ-тың қатысуымен қаралатын болсын деген мәселе көтергенін айтқан.

Заң жобасын парламент комитеті бірінші оқылымда мақұлдаған.

"Жалған ақпараттан қорғау" туралы заң жобасына түзетулер 2022 жылы қазан айында қоғам талқысына шығарылған. Заңның өзі 2021 жылы жазда қабылданған. Бұл заң бойынша, жалған ақпарат туралы шағым түскен жағдайда арнаулы орган кез келген сайтты сот шешімінсіз-ақ бұғаттай алады.

Қырғызстан қоғамы билік осы заң арқылы сөз бостандығына қысым жасауы мүмкін деп қауіптенген, бірнеше рет акция өткен соң, заң жобасы кейінге қалдырылған.

Осы заң негізінде 2022 жылы 26 қазанда Қырғызстанның ақпарат министрлігі Азаттық радиосының Қырғыз редакциясының сайтын ("Азаттык Медиа") екі айға бұғаттап, 26 желтоқсанда бұғаттау мерзімін тағы да ұзартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Бішкек соты Азаттықтың жұмысын тоқтату туралы өтінішті орындады
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АҚШ "Азаттык Медиа" ісіне байланысты сот шешіміне алаңдаушылық білдірді