Орыс еріктілер корпусы Ресейдің Белгород облысындағы селоға толық бақылау орнатқанын мәлімдеді

Белгород облысындағы Орыс еріктілер корпусының солдаттары.

Ресейдің Белгород облысы Шебекино ауданындағы Новая Таволжанка селосы Орыс еріктілер корпусының бақылауына өткен. Украинаның бас барлау басқармасы ол жерде Ресей әскерінің полковнигі Андрей Стэсев өлгенін хабарлады. Ол Ресей әскерінің "Белгород" жедел тобына басшылық еткен.

Орыс еріктілер корпусының Новая Таволжанканы алғанын корпустың өз жауынгерлері хабарлаған. Дүйсенбіде Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладков Ресей қарулы күштері мен әкімшілік өкілдері селоға кіре алмай тұрғанын жанама түрде растаған. Ол Новая Таволжанкада 100-ге жуық бейбіт адам қалғанын, көшкісі келмегенін айтқан. Орыс еріктілер корпусы өкілдерінің сөзінше, селода бейбіт адамдар жоқ.

"Белгород" жедел тобының қолбасшысы полковник Андрей Стэсев бұрын 104-шабуылдаушы десанттың полкін басқарған. Орыс еріктілер корпусы мен "Азат Ресей" Стэсевтен алған фотосуреттерді жариялаған.

Бұған дейін Орыс еріктілер корпусы Ресей әскерінің он шақты солдатын тұтқынға алғанын мәлімдеген. Телеграм-арналар ол тұтқындардың аты-жөнін де анықтап үлгерген.

Ресей қорғаныс министрлігі Украина жерінен диверсиялық топтар селоға кіргенін, бірақ көзі жойылғанын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Орыс еріктілер корпусы "туған жеріне оралғанын" хабарлады
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ресейдің Украинамен шектесетін Белгород облысына Орыс еріктілер корпусы мен "Азат Ресей" тобы кірген