Украина жағында соғысып жүрген Орыс еріктілер корпусы 4 маусымда Телеграм-арнасында "Туған жерімізге оралдық" деген видео жариялады.
Хабарламада Орыс еріктілер корпусы мен Азат Ресей легионының шабуыл тобы Шебекино қаласына қарумен кіретіні айтылған. "Медузаның" жазуынша, видеода камуфляж киген адамдардың елдімекенге кіріп бара жатқаны көрінеді. Видеоның қашан жазылғаны белгісіз.
Жексенбі күні осы арнада жарияланған тағы бір видеода Белгород облысының губернаторы Вячеслав Гладковқа арнап жазылған мәлімдеме бар. Видео авторлары оған "тұтқындағы екі орыс солдатын" тапсыратынын, есесіне "Новая Таволжанка ауылындағы храмда" жеке кездесуді ұсынады.
4 маусымда Белгород облысының билігі және ресейлік әскери телеграм-арналар аймақта атыс болғанын хабарлады. "Шебекино округінде атыс болды... Украина қарулы күштері Шебекино қаласының орталығындағы базарғды атып жатыр. Снаряд түскен үш орын өртенді" деп жазды әлеуметтік желіде облыс губернаторы.
Бұған қоса, ол Шебекино ауданындағы Муром ауылына да соққы жасалғанын айтты. Новая Таволжанка ауылында төрт қабатты үйдің төбесіне снаряд түскен.
Жексенбі күні Гладков Телеграм-арнада Белгород облысында әуе қорғанысы іске қосылғанын айтып, шекараға жақын елдімекен тұрғындарын үйлерінен уақытша кете тұруға шақырды.
- Кейінгі күндері жергілікті билік "Украина күштерінің шекараға жақын Шебекино қаласын атқылағанын" жиі айта бастады. Украина жағы түсініктеме бермеді.
- Соңғы рет Белгород облысына украиншыл құрылымдардың рейдтері жөнінде 1 маусымда хабарланған. Ресей қорғаныс министрлігі сол күні "аймаққа басып кіргісі келгендердің жолы кесілді" деп мәлімдеген.
- Киев Ресей азаматтарынан құралған корпустардың рейдтеріне қатысы жоғын мәлімдеген.
ПІКІРЛЕР