Қазақстан билігі Қырғызстаннан Ресейге заңсыз жеткізілмек болған дрондар партиясын тәркіледі. Бұл жөнінде қазақстандық Orda.kz сайты хабарлады.
Басылымның жазуынша, жалпы құны 16 млн рубль (193 440 доллар) болатын DJI AgrasT30 маркалы 14 дрон шекара арқылы Қазақстанның Жамбыл облысына тасымалданайын деп жатқан кезде ұсталған. Дрондарды қырғызстандық "Импульс-Инвест" фирмасы Қазақстан аумағы арқылы алып өтпек болған, алайда компанияның мұндай тауар түрлерін тасымалдауға лицензиясы болмаған. Ресми түрде дрондар ресейлік "Нова" құрылыс компаниясына жеткізілуі тиіс болған.
"Импульс-Инвест" компаниясына 76 мың теңге (шамамен 14 мың рубль) көлемінде айыппұл салынған. Жамбыл мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті тәркіленген дрондарды саудаға шығарған.
АҚШ сауда миссиясы Қазақстанға келген шақта осындай жаңалық жарияланып отыр. Осы сапар қарсаңында АҚШ мемлекеттік департаменінің санкцияны үйлестіру басқармасының директоры Джим О'Брайен Қазақстанды Ресейге тыйым салынған тауарларды жеткізіп отырған елдердің бірі деп атаған еді. Халықаралық қатынас жөніндегі Еуропа кеңесі ұйымдастырған Стокгольмдегі талқылау кезінде сөйлеген америкалық дипломат санкцияға ілінген тауарлардың Ресейге реэкспорты "ірі мәселе" деген.
"Сол себепті Қазақстан, Грузия, Арменияға барамыз. Келіссөз топтары да Түркия мен БАӘ-ге кетті. Ресей жыл басында бірқатар негізгі электронды жабдықтар импортын соғысқа дейінгі деңгейге жеткізе алғанын анықтадық. Мұның жалғасқанын қаламаймыз. Дегенмен Ресейге қазір осындай жабдықтар жетпей отыр. Себебі өнімдердің басым бөлігі 2022 жылы келмеген. Бұған қоса, Ресей экономикасы қазір әскери қажеттіліктерді де өтеп жатыр және ол осындай электронды жабдықтардың көп партиясына зәру. Себебі Ресей жағы импорттағанын бір мезетте жағып жатыр" деді О'Брайен. Оның сөзінен үзіндіні Азаттықтың Армян қызметі келтіреді.
Қазақстан ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2022 жылы елге құны 5 млн доллар болатын дрон импортталған. 1,23 млн доллар болатын тауар Ресейге жеткізілген.
Қазақстан Ресейге дрондар мен чиптер алуға көмектесіп жатқанын мамырдың соңында "Важные истории" басылымы жазған. Қазақстандық компаниялар Қытай мен Ресей арасындағы дрон және түрлі мақсатта қолдануға болатын тауар түрлерін тасымалдау бойынша келісімде делдалдар рөлін атқарып жатыр. Батыс елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты мұндай тауар түрлерін Ресейге тасымалдауға тыйым салған.
Көктемде АҚШ Ресейге санкцияны айналып өтуіне көмектескені үшін Қазақстан билігіне жанама санкция салуы мүмкін екенін айтқан. Ізінше Қазақстан билігі санкцияны айналып өту талпыныстарымен күресті қатайтуға уәде берген. Маусымда Қазақстан банктері Ресейге сервер, микросхема, процессор, телекоммуникация жабдықтары мен өзге де құрылғыларды тасымалдау бойынша ақша аударымдарын бұғаттай бастаған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстанға қашан жанама санкция салынады? Оған кімдер ілігеді?