Accessibility links

"Қауіп жоғары". Қазақстанға қашан жанама санкция салынады? Оған кімдер ілігеді?


OCCRP мен оның серіктестерінің Қазақстан арқылы Ресейге дрон мен электроника жеткізілгені туралы жаңа зерттеуі Батыс санциялары бұзылып жатқанын дәлелдейді. Ресей санкцияға қарамастан, Украинадағы соғысқа қажет бөлшектерді шетелден еркін алдырып отыр. Батыс елдері Қазақстан билігіне бірнеше рет ескерту жасаған, әрекетсіздік салдары жанама санкцияларға әкеліп соғуы мүмкін. Азаттық Қазақстанға қандай жанама санкциялар салынуы мүмкін және оның салдары қандай болады деген сұраққа жауап іздеп көрді.

РЕСЕЙГЕ САНКЦИЯЛАРДЫ АЙНАЛЫП ӨТУГЕ КІМ КӨМЕКТЕСІП ОТЫР?

Алматыдағы Жамақаев көшесі, 99-үйде орналасқан қарапайым кеңсе. Қалада мұндай кеңселер жетіп-артылады. Дәл осы мекенжайға ондаған фирма тіркелген. Олардың арасында "Аспан Арба" компаниясы да бар.

OCCRP мен серіктестерінің жақында жарияланған халықаралық зерттеуіне сәйкес, ешкім білмейтін, Украинада соғыс басталғаннан кейін ашылған фирма Ресейге Нидерландтан сатып алынған қытайлық дрондардың жүздеген данасын жіберіп үлгерген. Ресей әскері мұндай дрондарды әскери мақсатта пайдаланады.

"Ресейге 500 дрон жіберген". Қазақстандық компания Мәскеуге қалай көмектесіп жатыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:04:53 0:00

Ресейге қарсы санкция салынғаннан кейін ресейліктер қазақстандық кәсіпкерлерге серіктес болуды ұсынып жатқаны туралы ақпарат тарады. Қазақстаннан да Ресейге қызмет ұсынып жатқандар бар.

– Ресейден санкциялық тауарға қол жеткізе алмай отырған компанияны тауып, тауар жіберіңіз. Қазір осындай бизнес жүргізген тиімді, – дейді Берлиндегі Карнеги атындағы ресейлік және еуразиялық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Темур Умаров.

"Аспан Арба" фирмасының иегерлері делдалсыз жұмыс істеуді таңдаған. Компанияны Қазақстанда тіркеуге көмектескен заңгерге Ресейден серіктестері хабарласқан. Басында жаңа фирма басқа да қызметтерге тапсырыс береді деп айтылған. Бірақ олар заңды мекенжай алумен ғана шектелген.

– Басқа ештеңе білмеймін, өз көзіммен көрген жоқпын", – деді заңгер.

Қазақстанда мұндай қанша фирма бары белгісіз. Бірақ көрші елмен жұмыс істеп жатқан кәсіпкер көп екенін Қазақстан мен Ресей арасындағы импорт-экспорт көрсеткіштерінің өзгеруінен-ақ байқауға болады. Мәселен, Украинада соғыс басталғанға дейін статистикаға кірмеген кей тауарлардың саудасы жүздеген есе артқан. "Аспан Арба" компаниясының Ресейге жіберіп отырған дрондары да осы санатқа жатады.

Bloomberg: Қазақстан санкциядағы тауарларды Ресейге тасып жатыр

Bloomberg: Қазақстан санкциядағы тауарларды Ресейге тасып жатыр
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:44 0:00

Бұл фирма туралы зерттеуде алғаш рет Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмектесіп отырған компаниялар аталып, тауар жеткізу тізбегі сипатталды. Қазақстан үкіметі зерттеуге қатысты пікір білдірген жоқ.

Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев Азаттықтың сұрағына берген жауабында қазақстандық компанияның Ресейге дрон жіберіп отырғанын "қызық ақпарат екен" деп, бұл сауалды қаржы министрлігіне қоюға кеңес берді. Қаржы министрі Ерулан Жамаубаев мұндай ақпарат естімегенін, әр кәсіпкерді тоқтатып, заңды бұздың деп айыптай алмайтынын айтты, бірақ бұл хабардың мән-жайын тексеріп көруге уәде берді.

Қазір Қазақстанның сауда статистикасындағы өзгерістер "Аспан Арба" сияқты фирмалар қызметінің нәтижесі екені белгілі. Мұндай компаниялар – "көлеңкелі реэкспортке" қатысушылар: олар Ресей нарығымен экономикалық байланысын үзген компаниялардың тауарын алып, Мәскеуге жіберумен айналысады.

Қазақстандағы ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылғы қаңтар-қазан айларында электронды жабдықтар, тұрмыстық техника мен смартфондар экспорты 2021 жылғы 30 миллион доллардан 575 миллион долларға жеткен. Былтыр Қазақстаннан Ресейге экспорт 25 пайыз, Еуроодақ, Ұлыбритания мен АҚШ және санкциялық режимді қолдаған басқа да елдерден келетін тауар импорты 80 пайыз өскен.

Ресейде сүтсауғыш, кіржуғыш, тоңазытқыш, iPhone сияқты тауарларға деген сұраныс ішкі нарықты қажет тауарлармен қамтамасыз ету мақсатынан ғана артып отырған жоқ. Бұл тауарлардың көбі жартылай немесе толық әскери мақсатта пайдаланылуы мүмкін.

– Қос мақсатта пайдаланылуы мүмкін тауарлар қатарына дрон, оптикалық көздеуіш, аңшы мылтығы немесе тир атуға арналған қару жатады. Негізі бұл тізім үлкен. Кейде ұсақ бөлшектер, кіржуғыштан алынған чип те соғыста қолданылады, – дейді Темур Умаров.

Reuters таратқан иллюстрацияда Батыс елдерінде жасалған, ресейлік "Орлан-10" әскери дронын құрастыруға пайдаланылатын кейбір бөлшектер көрсетілген. RUSI дерегінше, мұндай бөлшектерді АҚШ, Нидерланды мен Швейцарияда орналасқан ірі микроэлектроника компаниялары шығарады.
Reuters таратқан иллюстрацияда Батыс елдерінде жасалған, ресейлік "Орлан-10" әскери дронын құрастыруға пайдаланылатын кейбір бөлшектер көрсетілген. RUSI дерегінше, мұндай бөлшектерді АҚШ, Нидерланды мен Швейцарияда орналасқан ірі микроэлектроника компаниялары шығарады.

Онда Ресейге тұрмыстық техника жіберу санкциялық режимді бұза ма? Бұл сұраққа сарапшы былай жауап берді:

– Жауапкершілік тұрмыстық техниканың чипін алып, қолдан жасалған дронға орнатып, Киевті бомбалауға жіберген ресейлік кәсіпорындардың мойнында, – дейді сарапшы.

САНКЦИЯҒА КІМДЕР ІЛІГУІ МҮМКІН?

Батыс елдері Қазақстан өз аумағы арқылы тасымалданған тауар қандай мақсатта қолданылғанына жауап бермейді деген пікірге келіспейді. Олардың пікірінше, "Аспан Арба" сияқты шағын компаниялар санкциялардың тиімділігіне кері әсер етіп, Ресейдің әскери қуатын азайту мақсатының орындалуына кедергі келтіреді.

"Ресей компьютерлік чиптер мен басқа да электронды бөлшектерді зымырандарына пайдаланады. iPhone немесе кіржуғышты емес, осындай бөлшектерді меңзеп отырмыз" деді сәуірдің ортасында Астанаға келген АҚШ сауда министрлігінің өкілі Мэттью Аксельрод.

Қазақстанға келген делегация құрамында Ұлыбританияның санкциялар бойынша директоры Дэвид Рид пен АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг те болды. Розенберг жанама санкциялар салынуы мүмкін екенін ескертіп, бұл шараның мақсатын түсіндірді.

"Қазақстанға, ондағы компаниялар мен банктерге жанама санкциялар салынуы мүмкін" деді Розенберг.

АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг (сол жақта) пен АҚШ сауда министрлігінің өкілі Мэттью Аксельрод баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 25 сәуір, 2023 жыл.
АҚШ қаржы министрінің көмекшісі Элизабет Розенберг (сол жақта) пен АҚШ сауда министрлігінің өкілі Мэттью Аксельрод баспасөз мәслихатын өткізіп отыр. Астана, 25 сәуір, 2023 жыл.

Сәуірдің аяғында Еуроодақ та жанама санкциялар туралы айта бастады. Reuters және Bloomberg агенттіктері аноним ақпарат көздеріне сілтеп, "Еуроодақ Ресейге тыйым салынған тауарларды сатып алуға көмектесіп отырған елдерге бағытталған жаңа механизм қарастырып жатыр, жанама санкциялардың алғашқы нысаны Қазақстан болады" деп жазды.

Бірақ бұл механизмдерді талқылау жаңа басталған, сондықтан одақ мүшелері жанама санкцияларды бірауыздан мақұлдап, қабылдағанша біраз уақыт кетеді. Сарапшылардың пікірінше, осы себептен жанама санкция салуды АҚШ бастауы мүмкін.

– Еуропа елдеріне қиындау. Олардың Қазақстанмен арадағы сауда көлемі үлкен, елге салған инвестициясы да көбірек, – дейді Вашингтондағы Second Floor Strategies консалтинг фирмасының президенті Уайлдер Алехандро Санчес.

Қазақстан бұл ескертулерді елеусіз қалдырмады. Элизабет Розенбергтің Қазақстан банктері туралы сөзінен кейін Halyk Finance брокерлік компаниясы Ресей және Беларусь азаматтарымен қаржы операцияларын шектейтін болды. Компания шешіміне Қазақстан қор биржасы әсер еткені айтылды. Кей ақпарат құралдары Halyk Finance әрекетін Розенбергтің қоқан-лоқысымен байланыстырады.

Қазақстандық Ulagat Consulting Group консалтингтік фирмасының экономисі Марат Қайырленов қаржы институттарының алаңдауына негіз бар, өйткені реэкспорт төлемдері мен аударымдарды қабылдаған ұйым санкцияға ілігуі мүмкін деп түсіндірді.

– Әсер ету тетігі көп. Сыртқы саудаға тәуелді мемлекетпіз, бізде экспорт пен импорт көлемі үлкен. Тауардың ақшасын төлеуге банк жүйесі, төлемдер мен аударымдар керек. Оларға санкция салынса, үлкен мәселе туады, – дейді Қайырленов.

Сарапшылар кімге санкция салынуы мүмкін деген сұраққа бірдей жауап берді. Олардың болжамынша, жанама санкциялар Қазақстан үкіметіне немесе шенеуніктерге қарсы емес, жекелеген фирмалар мен жеке тұлғаларға қарсы салынады.

– Басты нысанаға жекелеген компаниялар ілігуі мүмкін. Қауіп жоғары, өйткені санкция салынса, бұрынғыдай қызмет ете алмайсыз, – дейді Темур Умаров.

Сарапшылардың пікірінше, санкцияға ілінген компания Батыстағы серіктестерімен байланысын үзуге мәжбүр болады, Еуропа не АҚШ нарығынан тауар сатып ала алмайды, көп айыппұл төлеуге міндеттеледі. Санкцияға фирма қызметкерлері де ілігуі мүмкін. Ондай азаматтар Батыс елдеріне барып немесе олармен жұмыс істеуден қалады.

АҚШ-тағы сыртқы саяси зерттеулер институтының ғылыми қызметкері Максимилиан Хесс бұғатталған тұлғалар тізіміне кіру қаупі барын (SDN — Specially Designated Nationals and Blocked Persons) ескертеді. Америка азаматтары мен компанияларына тізімге енген тұлғалармен жұмыс істеуге болмайды, бұл заңды бұзса, өзіне де санкция салынуы мүмкін.

"Әскери жабдықтарды тікелей тасымалдаған адамдарға санкция салынады. Бірақ кәсіпкер мән-жайды біле тұра, қос мақсатта пайдаланылатын тауар сатқаны белгілі болса, оған да қауіп төнеді".

Сарапшылар жекелеген компанияларға салынған жанама санкциялардың өзі экономикаға кері әсер етіп, Қазақстан нарығындағы тауар тапшылығына бастайды деп сескенеді.

Сарапшы Максимилиан Хесс санкция салдары саудадағы қиындықтармен ғана шектелмейтініне сенімді.

– Бұл шетел инвесторлары арасында алаңдаушылық туғызып, инвестицияның азаюына себеп болады. Қазақстанда бизнес жүргізу қауіпті деген ой қалыптастырып, экономикадағы шығын артады, – дейді Хесс.

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІ ЖАҒДАЙДЫ ӨЗГЕРТЕ АЛА МА?

"Еуроодақ пен АҚШ-тың санкциялық тізіміндегі тауарларды сатып алып, Қазақстан немесе Армения сияқты үшінші елдер арқылы Ресейге жеткізіп береміз", "Санкцияларды 100 пайыз айналып өтеміз". Ресейдің логистикалық, жүк тасымалдайтын компанияларының сайтынан осындай хабарландыруларды жиі көруге болады. Олар Батыс елдерінен тауар сатып алып, Қазақстан немесе Армениядағы әуе, теңіз, көлік жолдары арқылы кедендік рәсімдеуден өткізіп, жеткізіп беру қызметін ашық ұсынады.

Мұндай компаниялар санкцияларды айналып өтетінін жасырмайды. Мысалы, "Артмартин" көлік-экспедиторлық компаниясы санкциялық жүктерді қалай жеткізетінін бүге-шүгесіне дейін сипаттаған. Фирманың мәліметінше, Қазақстан не Армения арқылы тауар жеткізу ұзақ әрі қымбат, бірақ әзірге одан басқа жол жоқ.

Дәл осындай қызмет түрін ұсынатын Imex-Expert компаниясының сайтында "АҚШ-тан тауар жіберетін компания тауып, тапсырыс беруші үшін тиімді шарт жасасамыз, тауар сатып алып, жеткіземіз, кедендік төлемдерді төлейміз, сапа сертификаты мен сәйкестік жөніндегі декларацияларды алып береміз" делінген. Бұл компания да шетелден тауар сатып алып, оны әуелі Еуразия экономика одағына мүше елдерге (Қазақстан, Ресей, Армения, Беларусь, Қырғызстан) жеткізіп, кейін Ресейге жібереді.

Қазақстан үкіметі Ресейге санкциялық шектеулерден жалтару үшін өз аумағын пайдалануға жол бермейтінін қайталаудан жалықпайды.

Былтыр Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік мемлекеттік арнаға берген сұхбатында "Санкцияның аты – санкция, оны бұзуға болмайды. Оның үстіне, санкция бұзылса, Батыс елдері жанама санкция салады" деген. Бірақ Қазақстан одақтас мемлекет ретіндегі міндеттерінен бас тартпайды".

"Перспектика тұрғысынан алғанда, бұл қате әрі ақталмайтын әрекет болар еді" деген президент.

Сыртқы істер министрлігі мен басқа да ведомстволардың өкілдері осыған ұқсас мәлімдемелер жасайды. Кей сарапшылар Қазақстан үкіметі уәде беріп алып, орындамайды дейді.

Оның бір себебі – Тоқаев айтқан "одақ ішіндегі міндеттемелер". Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауарлар, қызметтер, капитал мен жұмыс күші еркін қозғалады. Мұндай шартпен Ресеймен жұмыс істейтін қазақстандық компаниялар қандай тауар жіберіп жатқанын бақылау мүмкін емес.

Қазақстан мен Қытай арасындағы Қорғас шекара өткеліндегі Алтынкөл станциясында жүк контейнерлерін тексеріп жатқан жұмысшы. 26 қазан, 2021 жыл.
Қазақстан мен Қытай арасындағы Қорғас шекара өткеліндегі Алтынкөл станциясында жүк контейнерлерін тексеріп жатқан жұмысшы. 26 қазан, 2021 жыл.

– Электрон реестрден өтпейтіннің бәрі. Іс жүзінде Ресейге баратын жүк көліктерін қалай бақылайсыз? Бұл мүмкін емес, өйткені жолда кеден бекеттері, көлікті тексеретін қызметкерлер жоқ, – дейді сарапшы.

Сәуірде Батыс елдерінің санкцияға жауапты жоғары лауазымды шенеуніктері Астанаға келіп кеткеннен кейін Қазақстан тауарлардың шекарадан шекараға дейінгі қозғалысын онлайн режимде бақылап, санкцияның бұзылуын бақылайтын жүйені іске қосады деген хабар тараған.

Сарапшылар Қазақстан билігінің реэкспортқа қарсы тұру ниетіне қатысты әртүрлі пікір білдірді.

Уайлдер Алехандро Санчес Қазақстан билігі санкцияға ілігуден қорқады дейді.

– Астана АҚШ үкіметі мен Конгресті санкцияларды бұзбағанына сендіргісі келеді, – дейді Санчес.

Максимилиан Хесс қолға алынған шаралардың тиімділігі мен мақсаты туралы қорытынды жасауға әлі ерте дейді.

– Мұндай шараларға Ресей де қарсылық білдіріп, бұл Еуразиялық экономикалық одақ ережесіне қайшы келеді деп айта алады, – дейді Хесс.

Қазақстандық саясаттанушы Димаш Әлжановтың сөзінше, Қазақстан билігі Ресеймен саудасын тоқтатуға дайын емес, бұл экономикаға ауыр соққы болуы мүмкін. Бірақ биліктегілер реэкспорт қалай жұмыс істейтінін, оған кімдердің қатысы барын жақсы біледі.

– Мемлекеттік басқару саласын жемқорлық жайлағанын ескерсек, Қазақстан президенті мен арнаулы қызметі бұл сызбалар қалай жұмыс істейтінін, ресейліктер өз фирмаларын қалай тіркеп жатқанын біледі. Олар осы ұйымдар мен қаржы жүйесін Кремльдің мүддесіне пайдаланады, – дейді Әлжанов.

25 мамырда президент Тоқаев тағы да Ресейге барды. Оның алдында, 9 мамр күні Мәскеуде өткен жеңіс парадына қатысқан. Бұл жолы Еуразия экономика одағының кезекті отырысына барған.

Тоқаев бұл шарада Ресей мен Беларусь одағы туралы түсініксіз мәлімдеме жасады. Бірақ Ресейдің Украинаға қарсы соғысы Қазақстан мен басқа да елдерге кері әсер етіп жатқанын айтпады.

Мәскеуде өткен кездесуде Қазақстан Батыс елдері тарапынан бірде-бір санкцияға ілікпеген одақтағы жалғыз мемлекет болды. Өткен аптада АҚШ тағы 70-тен астам компанияны (ішінде қырғыз және армян кәсіпкерлері бар) қара тізімге енгізді. Қазақстан әлі қанша уақыт осындай тепе-теңдік сақтауға тырысатынын болжау қиын.

Сарапшылар қанша қауіпке қарамастан, Ресей Қазақстан экономикасы үшін маңызды дейді. Былтыр қос мемлекет арасындағы тауар айналымы 2 миллиард долларға артып, 26 миллиард долларға жеткен.

– Саяси ерік болған күннің өзінде Ресейдің орнына басқа сауда әріптесін табу оңай болмайды, – дейді кеңесші Уайлдер Алехандро Санчес. – Бірақ бұл Вашингтон бағын сынап көрмеуі керек дегенді білдірмейді. Астана санкцияларды бұзбай, Қазақстан экономикасына қауіп төндірмеу үшін қаржы және сыртқы саясат саласында нақты ұстанымда болуы керек. Бұл – қиын миссия. Санкция салынса, қос тараптың (Қазақстан-АҚШ – ред.) қарым-қатынасы нашарлайды. Санкциялар Қазақстан билігін Пекин мен Мәскеуден қолдау іздеп, қосымша сауда жолдарын ашуға итермелемей ме? Бұл Вашингтон үшін ең нашар сценарий болар еді. Олардың санкция арқылы көздегені – бұл емес.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG