"Бейбіт митинг заңын бұзды" деген айыппен 25 күнге қамалған журналист Думан Мұхаммедкәрім бүгін, 12 маусымда аштығын тоқтатқан. Бұл туралы Азаттыққа журналистің адвокаты Ғалым Нұрпейісов айтты.
– Думан әкесі мен қоғам белсенділерінің сөзін тыңдап, халықтан үлкен емеспін деп аштығын тоқтатты. Тауық сорпасын ішті, – дейді адвокат.
Бүгін, 12 маусымда таңертең адвокат Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрімнің денсаулығы нашарлап, демалыс күндері екі рет жедел жәрдем шақырғанын хабарлап, оның қамау жазасын айыппұлға ауыстыруды сұраған еді.
Қорғаушының сөзінше, Думан Мұхаммедкәрім ертең, 13 сәуірде ауруханаға барып, бүйрегі мен іш құрылысын магнитті-резонансты томографияға түсіріп, анализ тапсырмақ. Органдар анализ нәтижелеріне қарай журналистің қамау жазасын айыппұлға ауыстыру-ауыстырмауды шешеді.
Думан Мұхаммедкәрім "28 маусымда полиция дүкеннен күштеп ұстап әкетті, заңсыз қамады" деп аштық жариялаған еді. Ол өзін күштеп ұстаған полицейлердің үстінен шағымданған. Полиция журналистің шағымын тексеретінін айтқан.
9 маусымда журналиске "террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем беру" (Қылмыстық кодекстің 258-бабы) бабы бойынша айып тағылғаны хабарлаған. Адвокат Нұрпейісов Думан Мұхаммедкәрімге бұл айып шетелде тұратын оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязовпен болған сұхбаттан соң тағылғанын айтқан.
YouTube желісіндегі Ne deidi? арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім наурыздағы парламент сайлауынан бері үшінші рет қамалып отыр. Соңғы рет 1 мамыр күнгі оппозиция митингісі қарсаңында қамалып, 26 мамырда ғана бостандыққа шыққан еді. Ол өзі шақырған митингілердің алдында ұсталып жүр.
Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікірлерін ашық айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Адвокат журналист Думан Мұхаммедкәрім қайта ұсталғанын хабарладыДуман Мұхаммедкәрім 25 тәулікке қамалды. Журналист 405-бап бойынша қылмыстық істе куәгер атанды